Еуроодақ Украина бойынша Әбу-Дабидегі келіссөзге қатысады – Урсула фон дер Ляйен
Еуропалық одақ 10-11 қарашада Әбу-Дабиде өтетін Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөзге өз өкілдерін жібереді.
Бұл туралы Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді.
9 қарашада Урсула фон дер Ляйен X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Еуроодақ өкілдерінің Әбу-Дабидегі келіссөзге қатысатынын растады.
Еурокомиссия басшысының айтуынша, ол Қара теңіз өңіріне сапары алдында Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында тараптар соғысты тоқтату жолдарын және алдағы бейбіт келіссөздерді талқылаған.
Фон дер Ляйен Зеленскийдің энергетикалық және азық-түлік инфрақұрылымына жасалатын шабуылдарды тоқтату туралы бастамасын қолдайтынын жеткізді.
"Біз бейбіт келісімге қол жеткізу бағытындағы жалғасып жатқан күш-жігерді және осы аптада Әбу-Дабиде өтетін келіссөздерді талқыладық. Оған біздің серіктестерімізбен қатар Еуроодақ өкілдері де қатысады", – деп жазды Еурокомиссия төрағасы.
Ол осы аптаның соңында Дублинде Зеленскиймен кездесуді жоспарлап отырғанын және басқа мемлекеттердің басшыларымен бейбітшілікке қол жеткізудің келесі қадамдарын талқылайтынын айтты.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Германия да Әбу-Дабидегі келіссөзге қатысады. Берлин атынан қауіпсіздік саясаты жөніндегі кеңесші барады.
Кремль келіссөздің үшжақты форматта өтетінін мәлімдеді
Алайда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков келіссөзге Еуропа елдерінің қатысуына қатысты ақпаратқа түсініктеме беріп, кездесудің үшжақты форматта өтетінін айтты.
"Алдағы күндері Әбу-Дабиде өтетін келіссөздер – АҚШ-тың делдалдығымен Ресей мен Украина арасындағы үшжақты кездесу", – деді Песков.
Оның айтуынша, еуропалық елдердің АҚШ және Украинамен жеке байланыс арналары бар. Сондықтан олар келіссөз барысын осы арналар арқылы үйлестіре алады.
Франция да Еуропаның қатысатынын хабарлады
Бұған дейін, 8 қарашада Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро RTL телеарнасына берген сұхбатында Әбу-Дабидегі келіссөзге Еуропа өкілдері де қатысатынын мәлімдеген. Алайда Франция атынан нақты кім баратынын айтпаған.
10-11 қарашаға жоспарланған келіссөздің негізгі тақырыбы – Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату жолдарын іздеу. Бұл 2026 жылғы ақпаннан бері аталған форматта өтетін алғашқы кездесу болмақ.
Бұған дейін Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Еуропа мемлекеттерінің келіссөз процесіндегі әрекеттері өзара үйлеспейтінін сынап, Еуроодақтың бірыңғай делегациясын құруды ұсынған.
Ал Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Украинаға қатысты бейбіт келісім Еуропалық одақтың қатысуынсыз жасалмауы тиіс екенін мәлімдеген.
Германия билігі де Еуропа мемлекеттері қатыспаған келіссөздердің нәтижелі болатынына күмән келтіріп отыр.