Қоғам

Еуропа төріндегі Ұлы дала мұрасы

Швейцарияның Женева қаласында өткен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) мүше мемлекеттер Ассамблеяларының 68-сериялы отырысында Қазақстанның «Kazakhstan. Heritage of the Great Steppe» ұлттық көрмесі ашылды.

Фото: ашық дереккөз

Мұны еліміздің мәдени дипломатиясы мен шығармашылық әлеуетін халықаралық деңгейде танытқан маңызды оқиғалардың бірі деп бағалауға болады. Бұл бастама Қазақстанның бай тарихи мұрасын әлем жұртшылығына таныстырып, зияткерлік меншік пен креативті индустрияның заманауи қоғамдағы рөлін айқындай түседі.

ДЗМҰ мүше мемлекеттер Ассамблеяларының жыл сайынғы отырыстары – зияткерлік меншік саласындағы ең беделді халықаралық алаңдардың бірі. Әлемнің көптеген елінен келген министрлер, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен патенттік ұйым басшылары осы жиында авторлық құқық, өнеркәсіптік меншік, инновацияларды қорғау, цифрлық технологиялар дәуіріндегі жаңа сын-қатер және креативті экономиканы дамыту мәселелерін талқылайды.

Демек, дәл осы алаңда ұлттық көрме ұйымдастыру Қазақстанның мәдениеті мен шығармашылық индустриясын жаһандық аудиторияға таныстырудың тиімді тетігі болып отыр.

Ұлттық көрмені Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен «Қазпатент» ұлттық зияткерлік меншік институты Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырды. ДЗМҰ штаб-пәтерінде өткен іс-шара Қазақстанның ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетін жаңа технология көмегімен таныстырып, ұлттық құндылықтарды қазіргі заман талаптарына сай ұсынуға болатынын көрсетті.

Экспозицияның басты ерекшеліктерінің бірі Living Canvases мультимедиялық жобасы болды. Бұл жоба қазақ бейнелеу өнерінің жауһарларын анимация, дыбыс, қозғалыс және цифрлық технология арқылы жандандырып, келушілерге мүлде жаңа форматтағы әсер сыйлады. Иммерсивті технологияның көмегімен дәстүрлі өнер мен инновация үйлесім тауып, мәдени мұраны насихаттаудың тың тәсілі ұсынылды.

Көрменің мазмұндық өзегіне ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – оның рухани болмысы» деген сөзі арқау болды. Бұл ой экспозицияның негізгі идеясын дәл ашып, қазақ халқының тарихи жады мен рухани құндылықтарын халықаралық аудиторияға жеткізуге мүмкіндік берді.

Көрмеге келген қонақтар Қазақстанның бай мәдениетімен жан-жақты танысты. Экспозицияда тарихи жәдігерлер, ұлттық зергерлік бұйымдар, дәстүрлі киім үлгілері, көркем бейнематериалдар мен интерактивті мультимедиялық композициялар ұсынылды. Ұлы дала өркениетінің мәдени мұрасы мен заманауи шығармашылық жетістіктері бір кеңістікте тоғысып, Қазақстанның өзіндік болмысын жан-жақты паш етті.

Іс-шараның мәдени бағдарламасы аясында «Joshy Qazaq National Group» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Дәстүрлі қазақ музыкалық аспаптарының үні қазіргі заманғы музыкалық шешімдермен үйлесіп, көрермендерге қазақ этноөнерінің жаңа қырын таныстырды. Мұндай мәдени бағдарламалар халықаралық аудиторияның Қазақстан мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайта түседі.

Қазір зияткерлік меншік ұғымы өнертабыстарды немесе патенттерді қорғаумен шектелмейді. Авторлық құқық, ұлттық бренд, мәдени мұра, шығармашылық өнімдер мен цифрлық контент те мемлекеттердің экономикалық және мәдени дамуының маңызды бөлігіне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, ДЗМҰ Ассамблеясының 68-сериялы отырыстары әлем елдері үшін тәжірибе алмасуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және инновациялық экономиканы дамытуға бағытталған маңызды диалог алаңы саналады.

Қазақстанның бұл форумға белсенді қатысуы еліміздің халықаралық зияткерлік меншік жүйесіндегі орнын нығайтып, ұлттық мәдениетті жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді. «Kazakhstan. Heritage of the Great Steppe» көрмесі шығармашылық пен инновацияның өзара сабақтас екенін айқын көрсетіп, тарихи мұраны сақтау мен оны заманауи технология арқылы әлемге таныстырудың тиімді жолын паш етті.

Женевадағы бұл көрме Қазақстанның мәдени дипломатиясының жарқын көрінісі болды. Ол ұлттық өнер мен мәдениетті халықаралық деңгейде дәріптеуге, шығармашылық индустрияның әлеуетін көрсетуге және зияткерлік меншіктің қоғам дамуындағы маңызын кеңінен насихаттауға елеулі үлес қосты. Ұлы даланың бай мұрасы мен заманауи технологиялардың үндестігі Қазақстанның өткеніне деген құрметі мен болашаққа деген сенімді қадамын көрсетіп отыр.

Қуан Өмірхан

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Швейцария