Саясат

Эврикасыз Архимед

Жұрттың Архимедіне әуесің келеді. Нәйеті, моншаға барса да, ғылыми жаңалық ашады.

Jasalash.kz

Ал біздің Архимед жаңалық ашпақ тұрмақ, алдына дайындап берген мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға құлықсыз.

Әңгіме, әрине, ішіңіз сезгендей, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов хақында.

      «Біздің Архимед неден жазықты боп қалды?» дерсіз. Онда тыңдаңыз. Бұрынғы Торғай облысымен қосылған қазіргі Қостанай облысында тұрғындардың жалпы саны 868 мың шамасында. Соңғы бірнеше жылда бұл көрсеткіш төмендемесе, өскен емес. Мұнда жыл сайын Ресейге көшіп кетушілердің саны артып келеді. Былтыр Тобыл өңірінен 6000 адам біржолата көшіп кетсе, биылғы тоғыз айда Қостанаймен «қош айтысқандардың» саны бір жарым мыңға жуық. Тұрғындар азайған сайын, жұмыс күшіне сұраныстың артатыны белгілі. Осы мәселеге байланысты үкімет «Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару», «Еңбек» арнайы бағдарламасын қабылдап, жергілікті әкімдіктерге қадау-қадау тапсырмалар берді. 2022 жылға қарай Түркістан, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау секілді өсімі жоғары өңірден солтүстікке 59 мың отбасы көтеріле көшуі тиіс еді. Бірақ Қостанай облысының әкімі жұмыстың ретін таппады ма, оңтүстіктен Тобылға қозғалған көштің қарасы өте сирек.

       2018 жылы Қостанай облысына оңтүстіктен 272 отбасы көшіп баруы тиіс еді. Сол жылы бар болғаны 18 отбасы ғана қоныс аударды. Ал 2019 жылы 200-ден астам отбасы Тобыл өңіріне орналасуы керек болса, көшіп баруға 62 отбасы әрең келіскен. Биылғы пандемия кезінде бұл көрсеткіштің тіпті азайғаны белгілі. Сонда, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов президент пен үкіметтің тапсырмасына қасақана саботаж жасап отыр ма, әлде жеке қалтасына түсетін пайданың есеп-қисабын ғана құнттай ма? Әйтпесе жыл сайын оңтүстік облыстарға басқа өңірдің бірінші басшылары барып, «Мамандықтар жәрмеңкесінде» жұмыс іздеуші жастарды тартушы еді. Бірақ Қостанайдың шенеуніктері мұндай жерде аса көп төбе көрсете қоймайды. Яғни Архимед Мұхамбетов ішкі және сыртқы саясат пен көші-қон мәселесіне аса салақ деген пәтуа жасауға болады. Оның пайдасын Кремль шовинистері өз ыңғайларына оңай пайдаланып отырғанына куәміз.

                               «Наубайшының» өрлеуі

      Қатардағы наубайшы – Архимед Мұхамбетовтің бүгінгі «қызметтік портретін» елестету үшін оның өткен өміріне аз-кем экскурс жасағанды жөн көрдік. Кейіпкеріміз Ақтөбе облысының Алға ауданында, бұрынғы «сұр кардинал» Аслан Мусинмен бір ауылда туып-өскен. «Сұр кардинал» жас кезінде аудандық коммунистік партия құрылымдарында жұмыс істегенде атқару комитетінің төрағасы Бегежан Мұхамбетовпен танысып, отбасымен тығыз араласады. Бегежан Мұхамбетов болса Архимед Мұхамбетовтің туған әкесі еді. Бұл қарым-қатынас кейін Мұхамбетовтар отбасы карьерасының тәуелсіз Қазақстан тұсында  шарықтап өсуіне көп септігін тигізеді. Архимедтің туған ағасы Мирлан Мұхамбетов Аслан Мусин Ақтөбе облысын басқарып тұрғанда ұзақ уақыт бойына кедендік бақылау департаментін басқарды. Ал оның бауыры Архимед Мұхамбетов қызметті жекешелендіру науқанынан кейін, Мусиндер әулетіне қарасты ұн және нан өнімдерін шығаратын «Рамазан» ЖШС директоры болып бастады. Арада біраз уақыт өткенде Аслан Мусин «елгезек» әрі «тындырымды» Архимедті Ақтөбе және Атырау облысында мемлекеттік қызметке тартты. Сол-ақ екен, Архимед Бегежанұлы Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімі, одан соң облыс әкімі қызметіне дейін көтеріледі.

      2012 жылы Архимед Мұхамбетовтің аты мемлекеттік сатып алу бойынша дауға да ілікті. Сол кезде жазылған арыздарды сараласақ, Архимед Мұхамбетов айналасына сенімді команда жасақтау үшін бұрын өзімен бірге қалалық әкімдікте жұмыс істеген жігіттерді жаппай облыс әкімдігіне ауыстырған. Құрылыс-монтаж жасайтын компанияларының лицензияларын бірінен соң бірін тоқтатып, 2012 жылдың маусым айына дейін  лицензия бергізбей қойған. Кезінде бұл айқай-шу үкіметке дейін жеткен еді. Бірақ «сұр кардинал» бұл айқай-шуды ың-шыңсыз басып тастады. Бизнесмендер жаңа әкімнің «аппетитіне» қатты қынжылыс білдірді. Бұрын кәсіпкерлер тендер алу үшін шенеуніктерге 10-15 пайыз «шәпкі» беріп келсе, «наубайшы» келгелі бұл сома 25-30 пайызға дейін өсіп кеткен көрінеді. Бұл мәселені ақтөбелік тұрғындар әлі де күрсініспен еске алады.  

                                   Әкімнің «талантты» туыстары

       Аслан Мусин қызметінен кеткен соң да Архимед Мұхамбетов «теңіз бетінде батпай, қалқып тұратын» қасиетін сақтап қалды. Оны көпшілік Архимедтің кемесі суға кетіп бара жатқан Мусиннен сенат спикері Нұрлан Нығматулиннің қайығына дер кезінде «секіріп мінген» пысықтығымен байланыстырады. Кемеден кемеге оңай «секіргіш» Архимедтің туыстары пайдасы шаш етек кәсіптен «қара жаяу» емес. Туған ағасы Мирлан Мұхамбетовтің келіншегі Елизавета Ермұханова «Терминал» ЖШС және «Broker service» ЖШС атты екі компанияда үлесі бар. Соңғы компания 2009 жылы тіркеліп, 2015 жылға дейін «өзара есеп айырысу» бойынша қатты жұмыс істеген. Ең қызығы, компания Архимед Мұхамбетов Ақтөбе облысын басқарған 2012 жылы өте белсенді жұмыс істепті. Ең кенже бауыры Арслан Мұхамбетов те мұндай «таланттан» кенде емес. Оның атында Алматы қаласында тіркелген «UNITEC» ЖШС атты компания бар.

     UNITEC компаниясының жарнамасы Алматыда жер жарады. Құрылыс-монтаж, лицензиялау, арнайы техникаларды жалға беру сияқты көпсалалы қызметпен айналысады. Бірақ соңғы жылдары салыққа төлеген төлемдері туралы нақты ақпарат жоқ. Не десек те, Қостанай облысының әкімі әзірше «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген мәтелді жоққа шығарып тұр.

                                            Наубайшының «үйшігі»

      Ойдан ой туады. Былтыр Архимед Мұхамбетов отбасымен тұрып жатқан  14 ғимараттан тұратын резиденциясына апаратын жолды мемлекет бюджеті есебінен кеңейтіп, күрделі жөндеуден өткізу үшін 500 млн-ға жуық қаржы жұмсап, үлкен айқай-шу туған еді. Нұр-Сұлтан қаласында орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген әкім бұл мәселені халыққа түсіндіремін деп, одан сайын күлкіге қалғаны бар. «Бұл менің резиденциям емес. Бұл тұтас кешен. Онда мен ғана емес, маған дейінгі әкімдер, бұрынғы партия қызметкерлері тұруға арнап салынған шағын ғана үйшік. Оның көлемі – бар болғаны 200 шаршы метр. Мен сонда тұрамын», – деп салды Архаң.

Ал бұл кешенді күтіп-баптау үшін мемлекет жыл сайын 50 млн теңге қаржы бөледі екен.

      Архимед Мұхамбетов «бар болғаны» 200 шаршы метр «үйшікте» тұрып жатса, Қостанай облыстық ресоциализация орталығында үйсіз жандарға арналған 42 орын ғана бар. Қалған үйсіз қаңғыбастар қыстың көзі қырауда далада үсіп жатыр. Тағы да қосымша 58 орынға арналған бөлім ашу жайлы ұсыныс 11 жылдан бері қолға алынбаған. 

       Ал мемлекет есебінен үй алу кезегінде тұрғандардың саны облыста 25 мың адамнан асады. Қостанай облысында бір үй шамамен 15 млн теңге тұрады деп есептесек, Архимед Мұхамбетовтің «үйшігіне» үш жылда жұмсайтын қаржысына бірнеше адамға баспана әперуге болады екен. Бірақ нан өнімдерін ғана есептеп үйреніп қалған наубайшы есеп-қисаптың бұ жағын көргісі келмейтін секілді. Архимедтің «Эврика!» дегенін еститін күн болар ма екен?!.

Тоқтар Жақаш
Тегтер: Без Тега