Қоғам

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы сотта МИБ төрайымын жауапкершіліктен босатуды сұрады

Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысындағы жарыссөзде марқұмның анасы Сәлима Омарова сөйледі.

Фото: Жоғарғы сот

Сәлима Омарова қызын бала кезінен медицина саласына қызыққан, халыққа қызмет етуді армандаған қайсар жан ретінде еске алды. Оның айтуынша, Ұлдана фельдшер мамандығын өз қалауымен таңдап, қызметтік міндетін адал атқарған.

«Қызымның өмірін ақшамен өлшемеймін. Мен ешкімнен кек алу үшін келген жоқпын. Қылмыстық іс бойынша кімнің кінәлі екенін сот анықтайды. Менің тілегім – заңға сәйкес әділ шешім қабылданса екен», – деді ол.

Марқұмның анасы сотталушы Сәуле Жұбаниязованың әрекетінен қылмыс құрамы анықталмаса, оны жауапкершіліктен босатуды сұрады. Ол айыпталушының жалғызбасты ана екенін және екі баласы барын атап өтті.

Бұған дейін прокурор Сәуле Жұбаниязованы екі жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлаған кезде оқиға орнына жедел жәрдем фельдшері ретінде барған. Зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан сәтте оның үстіне құрылыс бөлшектері құлап, алған жарақатынан көз жұмған.

Осы оқиғаға қатысты тұрғын үйдегі мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязова айыпталушы ретінде танылған.

Сайт Әкімшілігі