Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты МИБ төрайымы жауапқа тартылуы мүмкін
Астанада фельдшер Улданы Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы басталды. Сотта марқұмның анасы Салима Омарованың мүддесін қорғап отырған адвокат Нұрсұлтан Орынбек отбасының ұстанымын айтты.
Адвокаттың мәліметінше, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша қаралып жатыр. Іс бойынша айыпталушы ретінде МИБ төрайымы жауапқа алынды.
«254-бап бойынша МИБ төрайымы жауапқа тартылып отыр. Заңда МИБ төрайымының жауапкершілігі нақты қарастырылған. Ол тиісті түрде ескерту жасап, ақауларды жою үшін әкімдікке ұсыныс беруі керек еді. Алайда мұндай әрекеттер жасалмаған. Қазір істің барлық мән-жайын ашып айта алмаймыз, сот барысында бәрі белгілі болады», – деді Нұрсұлтан Орынбек.
Адвокат жәбірленуші тараптың сотқа дейінгі тергеу жұмыстарына көңілі толатынын атап өтті. Оның айтуынша, тергеу барысында жиналған дәлелдер мен материалдардың барлығы сотқа жолданған.
«Біз тергеу жұмысына көңіліміз толады. Барлық дәлел сотқа ұсынылды деп есептейміз. Енді оған құқықтық бағаны сот береді», – деді адвокат.
Сонымен қатар марқұмның отбасы әзірге азаматтық талап қою мәселесі бойынша нақты шешім қабылдамаған. Сондай-ақ айыпталушыға қандай жаза тағайындалуы керек деген ұстаным да әзірге белгісіз.
«Азаматтық талап бойынша мәселені әлі шешкен жоқпыз. Жаза мен санкцияға қатысты да нақты шешім қабылданған жоқ. Бұл мәселе әзірге ашық», – деді Орынбек.
Адвокаттың сөзінше, аталған бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда нақты жаза істің барлық мән-жайы ескеріле отырып, сот шешімімен анықталады.
Сонымен қатар, іс бойынша жәбірленушілердің қатарында Ұлдана Мырзуанның жұбайы да бар.