Фельдшердің өліміне МИБ төрайымы ғана айыпты ма?
Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан көз жұмған еді.
2025 жылы 8 қарашада шақырту бойынша барған фельдшердің үстіне тұрғын үй кешендерінің бірінде ғимараттың сыртқы қаптамасы мен кондиционер құрылғысы құлап, ауыр жарақат алады. Оқиғадан кейін Ұлдананың жағдайы өте ауыр болды. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барын салғанымен, жас фельдшердің денсаулығы жақсармады. Сөйтіп, Ұлдана Мырзуан 18 қарашада ауруханада көз жұмды. Қайғылы жағдай фельдшердің жұмыс уақытында болған. Ұлдана сол күні әріптестеріне көмектесу үшін шақыртумен оқиға орнына барады. Жас маман зардап шеккен екі адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп үлгерген. Алайда ауыр жарақат алған ер адамды көтеруге көмектесіп жатқан сәтте жоғарыдан кондиционер құрылғысы құлап, Ұлдананың басына тиген.
Арада бірнеше ай өткеннен кейін Астанада Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты алғашқы сот отырысы басталды. Сотта қаралып жатқан қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабының 1-бөлігі (Міндеттеріне адал қарамау) бойынша қозғалған. Айыпталушы орындығында қайғылы жағдай болған тұрғын үйдің МИБ (мүлік иелерінің бірлестіктері) төрайымы Сәуле Жұбаниязова отыр. Ал жәбірленуші ретінде Ұлдана Мырзуанның анасы мен туыстары, сонымен қатар бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел танылды. Сот процесі кезінде Әділет Зейнел өзін жәбірленуші мәртебесінен босатуды сұраған. Алайда өтінішті қараған судья Меруерт Абаева оны қанағаттандырудан бас тартты.
Сот отырысында прокурор Сәуле Жұбаниязоваға тағылған айыптың мән-жайын жариялады. Айыптау актісіне сәйкес, МИБ төрайымы басқару функцияларын атқаратын тұлға ретінде өз міндеттеріне немқұрайлы қарап, соның салдарынан адам өліміне және өзге де ауыр зардаптарға жол берген деп айыпталып отыр. Іс материалдарына сәйкес, Астанадағы Ұлы Дала даңғылы, 24Б мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үй 2005 жылғы 2 ақпанда пайдалануға берілген. Сәуле Жұбаниязова 2025 жылғы 12 мамырдан бастап осы үйдегі «Ұлы Дала 24Б» мүлік иелерінің бірлестігіне төрайым болған. Прокурордың айтуынша, МИБ басшысы өз міндетіне сәйкес тұрғын үйдің ортақ мүлкінің жай-күйін бақылап, қажетті тексерулерді ұйымдастырып, анықталған ақауларды дер кезінде қалпына келтіруі тиіс болған. Аталмыш ғимараттағы техникалық ақаулар бұған дейін де анықталған екен. Атап айтқанда, 2017 жылы «Астана Кроллс Сервис» ЖШС мамандары тұрғын үйге техникалық тексеру жүргізген.
«Сол кезде ғимараттың жалпы физикалық тозуы 31% деп бағаланған. Ғимараттың жалпы техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп танылғанымен, мамандар қасбетті, іргетастың жертөле бөлігін, шатырды, баспалдақ алаңдарының ішкі бөліктерін және инженерлік коммуникацияларды жөндеу қажеттігін көрсеткен. Сот-құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, қасбеттің опырылуы кенеттен болған жағдай емес. Ғимараттың бұзылу процесі біртіндеп жүріп, ұзақ уақыт бойы қалыптасқан», – деді прокурор айыптау актісінде.
Айыптау тарапының мәліметінше, Жұбаниязова бұл қорытындыдан хабардар болған. Соған қарамастан, МИБ төрайымы қызметін атқарған 2025 жылғы 12 мамыр мен 8 қараша аралығында ғимарат қасбетінің жағдайына тиісті бақылау жүргізбеген.
МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова судьяның сұрағына жауап беру кезінде өзіне тағылған айыпты толығымен мойындамайтынын жеткізді. Дәл осы сәтте елорданың әр ауданынан келген МИБ өкілдері мен тұрғындар Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша сотталушы Сәуле Жұбаниязованы қолдап, сот ғимаратының алдына жиналған. Олар қайғылы жағдай үшін жауапкершілік тек МИБ төрайымына жүктелмеуі керек деп санайды. Жиналғандардың пікірінше, қайғылы оқиғаға ғимарат құрылысы кезінде кеткен қателіктер мен қасбеттегі ақаулар, сондай-ақ кондиционерге арналған себеттердің қауіпсіздік нормаларын сақтамай орнатылуы себеп болуы мүмкін. Сондықтан жауапкершілік үйді салған құрылыс компаниясына және нысанды қабылдап, оның қауіпсіздігіне бақылау жүргізген тиісті мемлекеттік органдар мен кондиционер себеттерін тиісті талаптарды сақтамай орнатқан тұлғаларға жүктелуі керек деп санайды.
Сонымен қатар МИБ басшылары президент Тоқаевқа, Парламентке, Үкіметке, Бас прокуратураға және Жоғарғы Сотқа үндеу жолдамақ. Олардың айтуынша, тұрғын үйдің қасбетінің опырылуына құрылыс кезінде жіберілген кемшіліктер себеп болған. Осыған байланысты олар МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязованы жауапкершілікке тарту әділетсіздік деп санайды.
«МИБ төрайымы үйді салған жоқ, жобалық құжаттарды әзірлеген жоқ, құрылыс материалдарын таңдаған жоқ, техникалық немесе авторлық қадағалау жүргізген жоқ. Ол нысанды пайдалануға қабылдауға қатысып, ғимараттың қауіпсіздік талаптарына сай екені туралы құжаттарға қол қойған жоқ», – дейді белсенділер.
Тағы бір мәселе мұндай оқыс оқиғаларда МИБ басшылары жауапқа тартыла берсе, тұрғындар арасында МИБ төрағасы болуға деген қызығушылық азаюы мүмкін. Кім өзі жасамаған ісі үшін жауапкершілік арқалап, темір тордың ар жағында отырғысы келеді?
«Егер мұндай тәжірибе қалыпты жағдайға айналса, бірде-бір азамат МИБ төрағасы болуға келіспейді. Өйткені ол өзіне қатысы жоқ қателіктер үшін кез келген уақытта қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін», – дейді МИБ басшылары.
Сондай-ақ белсенділер «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізіп, МИБ басшысының үйді жобалау, салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру кезінде кеткен кемшіліктер үшін жауапкершілікке тартылмауын заңмен нақты бекітуді ұсынды. Олардың пікірінше, МИБ төрағасы мұндай ақаулардың туындауына өзі тікелей себепкер болғаны дәлелденген жағдайда ғана жауапкершілікті мойнына алуы тиіс.
Ал іс бойынша айыпталушы деп танылған Сәуле Жұбаниязова журналистердің сұрақтарына жауап беріп, өзінің бұл қызметке қайғылы оқиғаға дейін небәрі алты ай бұрын ғана кіріскенін алға тартты.
«Мен бұл қызметке қайғылы оқиғаға дейін алты ай бұрын ғана кірістім. Иә, қайғылы жағдай болды. Бірақ қызметке жаңадан келген кезде ғимаратты тек сырттай қарап, қандай жасырын ақаулар бар екенін және олардың кейін осындай қайғылы жағдайға ұшыратуы ықтимал екенін анықтау мүмкін емес еді», – деді Сәуле Жұбаниязова.
Сот отырысында марқұм Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Омарованың мүддесін қорғап отырған адвокат Нұрсұлтан Орынбек отбасының ұстанымына тоқталды. Адвокаттың айтуынша, Сәуле Жұбаниязованың жауапкершілігі МИБ төрайымы ретінде атқаруы тиіс міндеттері тұрғысынан бағалануы керек.
«254-бап бойынша МИБ төрайымы жауапқа тартылып отыр. Заңда МИБ төрайымының жауапкершілігі нақты қарастырылған. Ол тиісті түрде ескерту жасап, ақауларды жою үшін әкімдікке ұсыныс беруі керек еді. Алайда мұндай әрекеттер жасалмаған. Қазір істің барлық мән-жайын ашып айта алмаймыз, сот барысында бәрі белгілі болады», – деді Нұрсұлтан Орынбек.
Сонымен қатар марқұмның отбасы әзірге азаматтық талап қою немесе айыпталушыға қандай жаза тағайындалуы тиіс екені жөнінде түпкілікті шешім қабылдамаған.
«Азаматтық талап бойынша мәселені әлі шешкен жоқпыз. Жаза мен санкцияға қатысты да нақты шешім қабылданған жоқ. Бұл мәселе әзірге ашық», – деді Н.Орынбек.
Адвокаттың сөзінше, аталған бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру және 3 жылға дейін аталмыш қызметтен шеттету жазасы қарастырылған. Алайда нақты жаза істің барлық мән-жайы ескеріле отырып, сот шешімімен анықталады.
Адвокат Аянхан Омаровтың пікірінше, адам өлімі болған жағдайда оған әкеп соққан себептер анықталып, заң бойынша жауапты тұлға немесе тұлғалар жауапкершілікке тартылуы тиіс.
«Кімнің қандай міндеті болғаны, ол міндеттің бұзылғаны және сол бұзушылықтың адам өліміне себеп болғаны нақты дәлелденуі қажет. Мен бұл іс бойынша тергеу материалдарымен және сотта зерттеліп жатқан дәлелдемелермен таныс емеспін. Сондықтан МИБ төрайымының кінәлі немесе кінәсіздігі туралы нақты пікір білдіре алмаймын. Сонымен қатар кондиционерді кім орнатқаны, оның қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, құрылыс кезінде тиісті нормалардың сақталуы және ғимарат қасбетінің жағдайы да жан-жақты зерттелуі керек. Бұл жерде тек бір адам ғана кінәлі болмауы тиіс», – деді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, бұл жерде қылмыстың қасақана емес, абайсызда орын алғанын назардан шығармау керек.
Маржан Сәбет