Әлеумет

Филиппинде 9-сынып оқушысы мектепте атыс жасап, бір оқушыны өлтірді

Филиппиннің оңтүстігіндегі Замбоанга қаласында мектеп оқушысы қарумен шабуыл жасап, бір оқушыны өлтірді.

Фото: Nonoy Lacson / Reuters

Шабуыл жасаған жасөспірімнің өзі де оқиға орнында қаза тапты. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Оқиға 18 тамызда Ateneo de Zamboanga University-ге қарасты мектепте болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, 9-сынып оқушысы мектеп аумағына тапанша мен мылтық алып кіріп, сыныптардың бірінде оқ жаудырған.

Атыс салдарынан 10-сыныпта оқитын ер бала қаза тапты. Тағы екі адам жараланған. Бұдан бөлек, атыс басталған кезде ғимараттан қашқан бірнеше оқушы түрлі жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.

Замбоанга қаласының мэрі Хаймер Адан Оласоның айтуынша, шабуыл жасаған оқушы денесіне камера тағып, болған оқиғаны тікелей эфирде көрсеткен. Reuters әлеуметтік желіде тараған видеоны тексеріп, оның мектеп ғимаратына кіріп, екі түрлі сыныпта оқ атқанын растаған.

Тергеу барысында шабуылда қолданылған қарулардың оқушының әкесіне тиесілі екені анықталды. Оның әкесі Филиппиннің Кеден бюросында қызмет атқарған. Қарудың бірі – ведомство әкесіне қызметтік мақсатта берген .40 калибрлі тапанша, ал екінші қару оның атына заңды түрде тіркелген. Оқиғадан кейін шенеунік қызметінен шеттетілді.

Әзірге шабуылдың нақты себебі анықталған жоқ. Құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғадан кейін мектептегі сабақтар уақытша тоқтатылды.

Филиппин президенті Фердинанд Маркос кіші құқық қорғау органдарына оқиғаны жан-жақты тергеуді және білім беру мекемелерінде мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.

Бұл – Филиппинде соңғы екі айға жетпейтін уақыт ішінде болған екінші ірі мектептегі атыс. Маусым айында Таклобан қаласындағы мемлекеттік мектепте екі оқушы қарулы шабуыл жасап, үш адам қаза тапқан еді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Филиппин