Қоғам

Филиппинде жолаушылар паромы өртеніп, 76 адам қаза тапты

Филиппинде жолаушылар паромында болған өрттен 76 адам қаза тапты. Тағы 13 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Фото: ашық дереккөз

Associated Press мәліметінше, кемеде барлығы 132 адам болған. Олардың 43-і аман қалған.

Қазір криминалистер қаза болғандарды анықтау үшін ДНҚ үлгілерін жинап жатыр. Сарапшылардың айтуынша, мәйіттердің көпшілігі қатты күйіп кеткен әрі кеменің әр бөлігінен табылғандықтан, оларды анықтауға бірнеше айға дейін уақыт кетуі мүмкін.

Тергеушілер қайғылы оқиғаның себептерін анықтап, кемеде қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріп жатыр.

Еске салайық, паром Маниладан шығып, Палаван аралына бағыт алған. Төтенше жағдай жағалаудан шамамен екі шақырым жерде болған.

Куәгерлердің айтуынша, өрт басталар алдында кемеде жарылыс болған. Алдын ала болжам бойынша, жарылыс жүк бөлімінде болуы мүмкін. Осыдан кейін жалын мен түтін палубаларды тез шарпыған.

Сайт Әкімшілігі