Қоғам

Flydubai ұшағын апатқа ұшыратпақ болды деген екінші ұшқыштың аты-жөні анықталды

Израильге бағыт алған Flydubai ұшағындағы оқиғаға қатысты күдікке ілінген екінші ұшқыштың аты-жөні мен азаматтығы белгілі болды.

Фото ашық дереккөз

АҚШ-тың ABC News арнасы мен Associated Press дерегінше, ол – 29 жастағы Оман азаматы Хамам әл-Хаммами. 

Тергеуге жақын дереккөздердің мәліметінше, 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке ұшып бара жатқан Flydubai рейсінің екінші ұшқышы ұшақ капитанына шабуыл жасап, әуе кемесін басқаруды қолға алуға әрекет жасаған. Ұшақ күрт төмендегеннен кейін экипаж бен жолаушылар шабуыл жасаған адамды залалсыздандырған. Boeing 737 кейін Сауд Арабиясының Табук қаласына шұғыл қонған.

Хамам әл-Хаммамидің бұған дейін Oman Air компаниясында екінші ұшқыш ретінде тағылымдамадан өткені хабарланды. ABC News мәліметінше, 2024 жылы оның бойынан экстремистік сипаттағы материалдар табылып, қауіпсіздікке қатысты күдік туындаған. Осыдан кейін оның ұшуына шектеу қойылып, компанияда әкімшілік қызмет атқаруына рұқсат берілген. 

Қазір тергеушілер оның кейін Flydubai компаниясына қалай жұмысқа орналасқанын және қауіпсіздік тексерулерінен қалай өткенін анықтап жатыр. Бұл мәселе тергеудің негізгі бағыттарының бірі болып отыр. 

Бұған дейін БАҚ ұшақтың Сауд Арабиясы үстінде ұшып бара жатып 7500 кодын жібергенін хабарлаған. Бұл код әуе кемесін басып алу немесе заңсыз араласу жағдайын білдіреді. Осыдан кейін ұшақ бағытын өзгертіп, Сауд Арабиясына қонған.

Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі оқиғаны террористік шабуыл деп бағалаған. Алайда тергеушілер күдіктінің әрекетін жалғыз өзі жасағанын немесе қандай да бір экстремистік топпен байланысы болғанын әзірге анықтап жатыр. 

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Күдіктінің нақты мақсаты мен ықтимал байланыстары бойынша қорытынды әзірге жарияланған жоқ.

Сайт Әкімшілігі