Әлеумет

Flydubai ұшағындағы шабуыл: капитан оқиғаның қалай болғанын айтты

Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai әуе компаниясының рейсінде болған төтенше жағдайға қатысты жаңа деректер жарияланды.

Фото ЖИ/ JasAlash коллаж

 Бұған дейін Израиль тарапы ұшақ бортында екінші пилот капитанға шабуыл жасап, лайнерді құлатуға әрекеттенгенін мәлімдеген еді. Енді шабуылдан аман қалған капитан Смит Маччхар оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді.

Оқиға 30 қыркүйек күні Flydubai компаниясының FZ1073 рейсінде болған. Ұшақ Дубайдан Тель-Авивке ұшып шыққан. Бортта 174 адам болғаны хабарланды. Ұшу кезінде екінші пилот капитанға шабуыл жасап, ұшақ күрт төмендей бастаған. Кейін әуе кемесі Сауд Арабиясындағы Табук әуежайына шұғыл қонды.

Капитан Смит Маччхар Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен сөйлескен кезде шабуылдың қалай басталғанын баяндаған. Оның айтуынша, екінші пилот алдымен кабина ішінде намаз оқуға рұқсат сұраған.

«Ол намаз оқуға кетті. Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Мен құрмет ретінде алға қарап отырдым, артыма бұрылмадым. Төрт-бес минуттан кейін желке тұсымнан қатты соққы алдым. Әуелде ұшаққа бір нәрсе болды деп ойладым, бірақ соққылар жалғаса берді», – деді капитан.

Кейбір халықаралық басылымдар шабуыл апатты балтамен жасалғанын жазды. Маччхардың айтуынша, соққыдан кейін оның көзі бұлдырап, айналасын анық көруі қиындаған. Сол сәтте ұшақ төмен құлдилай бастаған. Al Jazeera дерегінше, лайнер өте қысқа уақыт ішінде шамамен 14 мың фут биіктік жоғалтқан.

Капитан шабуылдаушыны тоқтатуға тырысқан. Ол кабина есігін ашып үлгергенімен, екінші пилот оны қайта жауып тастаған. Маччхар еденде жатып, ұшақтың гуілін және жолаушылардың айқайын естігенін айтады.

«Мен мұны істемесем, өлетінімді түсіндім. Соңғы күшімді жинап, қайтадан есікке ұмтылдым. Есіктің сыртында адамдар күтіп тұр екен. Олар ішке кіріп, оған тап берді және басқаруды өз қолына алды», – деді капитан.

Шабуыл жасаған екінші пилотты экипаж мүшелері мен жолаушылардың көмегімен тоқтатқан. Кейін борттағы резервтегі пилот ұшақты Сауд Арабиясының Табук әуежайына қондырғаны хабарланды. Капитан мен екінші пилот ауруханаға жеткізілген.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Маччхарды «Израильдің, Үндістанның және әлемнің қаһарманы» деп атады. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди де капитанның әрекетін жоғары бағалаған.

Сонымен қатар Flydubai компаниясы оқиғаның себептері мен мотиві ресми тергеу барысында анықталатынын мәлімдеді. Әуе компаниясы тараптарды алдын ала болжам жасап, оқиғаға қатысты асығыс қорытынды шығармауға шақырды. Әмірліктер, Сауд Арабиясы және Израиль құзырлы органдары тергеу жүргізіп жатыр.

Ал Израиль тарапы бұл оқиғаны теракт жасау талпынысы ретінде бағалады. Дегенмен шабуылдың нақты себебі, оның алдын ала жоспарланған-жоспарланбағаны және күдіктінің қандай да бір ұйыммен байланысы бар-жоғы әзірге ресми түрде дәлелденген жоқ.

Сайт Әкімшілігі