Саясат

Fox: АҚШ-тың Иранға жасаған соққылары бітімді тоқтатпайды

АҚШ-тың Иранның оңтүстігіне жасаған түнгі соққыларына қарамастан, екі ел арасындағы бітім күшінде қалып отыр. Бұл туралы Fox News америкалық жоғары лауазымды шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Reuters

26 сәуірге қараған түні АҚШ әскері Ормуз бұғазы маңындағы Иранның оңтүстігінде орналасқан зымыран қондырғылары мен катерлерге соққы жасаған.

Fox News дерегіне сәйкес, АҚШ әскері Ормуз бұғазына мина орнатуға әрекеттенген Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының екі катерін жойған.

Сондай-ақ америкалықтар АҚШ әскери ұшақтарына бағытталған зымыран қондырғысына да соққы берген.

АҚШ Орталық қолбасшылығының өкілі Тим Хокинс америкалық әскердің Иранның оңтүстігіне «өзін-өзі қорғау мақсатында» соққы жасағанын мәлімдеді.

CNN мәліметінше, бұл шабуыл АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді үйлестіру үшін Дохада өткен кездесуден бірнеше сағат өткен соң жасалған.

Қазір тараптар өзара түсіністік туралы меморандумды келісуге тырысып жатыр. Алайда келіссөздер Иранның ядролық бағдарламасы мен санкцияларға қатысты тұжырымдар бойынша келіспеушіліктерге байланысты созылып кеткен.

Көп ұзамай АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да келіссөздердің кешеуілдеп жатқанын растады.

«Бір сөзге, бір сөйлемге қатысты дауларды шешуге бірнеше күн қажет болады», – деді ол.

Рубио Ормуз бұғазының ашық болуы маңызды екенін де атап өтті.

Ал Иран тарапы елдің оңтүстігіндегі Бендер-Аббас портты қаласында үш жарылыс болғанын хабарлады. Бұл қалада Иранның негізгі әскери-теңіз және әуе базалары орналасқан.

Кейін Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы жарылыс қала әуежайының маңында болғанын нақтылады.

Жарылыстар туралы ақпаратты Иранның IRNA мемлекеттік агенттігі де растады. Сонымен бірге Иранға жақын Fars агенттігі Парсы шығанағы маңындағы Сирик және Джаск қалаларының жанында да жарылыстар болғанын жазды.

Бұл АҚШ-тың бітім кезеңіндегі Иранға жасаған алғашқы соққысы емес. Мамыр айының басында америкалықтар Кешм порты мен Бендер-Аббасқа да шабуыл жасаған болатын.

АҚШ тарапы бұл соққылар Иран шабуылдарына жауап ретінде жасалғанын мәлімдеген.

Сайт Әкімшілігі