Франция Ресейге қарсы ядролық соққыны имитациялайтын жаттығуларға дайындалуда
Франция Польшамен бірлесіп НАТО-ның шығыс қанатында – Балтық теңізі мен Польшаның солтүстігі аумағында әскери-әуе жаттығуларын өткізуді жоспарлап отыр.
WP Wiadomości басылымының мәліметінше, оқу-жаттығуға ядролық оқтұмсық тасымалдауға қабілетті Dassault Rafale жойғыш ұшақтары қатысады. Жаттығу барысында Ресей мен Беларусь аумағындағы нысандарға шартты соққы беру сценарийі пысықталмақ.
Франция президенті Эмманюэль Макрон бұған дейін елдің ядролық әлеуетін күшейтетінін және оқтұмсықтар саны туралы мәліметті жариялауды тоқтататынын мәлімдеген. Бұл бастама оның Польшаға сапарынан кейін екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықтың жаңа деңгейге шығуымен байланысты.
Жоспар бойынша, Польша әскери-әуе күштері барлау жүргізіп, нысаналарды анықтайды. Сонымен қатар олар F-16 ұшақтарынан ұшырылатын AGM-158 JASSM-ER қанатты зымырандарын қолдануды пысықтайды. Бұл зымырандар шартты түрде Санкт-Петербург маңындағы «маңызды нысандарға» бағытталуы мүмкін.
Ал негізгі соққыны француз авиациясы орындайды. Rafale B ұшақтары ядролық оқтұмсығы бар ASMP зымырандарымен жабдықталып, Ресей мен Беларусь аумағына соққы беруді модельдейді.
Айта кетейік, ядролық қаруды қолдану туралы соңғы шешімді тек Франция президенті қабылдайды.
Басылым дерегінше, Париж бен Варшава арасындағы мұндай әскери өзара іс-қимыл НАТО-ның ұзақ бюрократиялық рәсімдерін айналып өтіп, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сарапшылар мұндай жаттығулар аймақтағы әскери-саяси тепе-теңдікке әсер етуі мүмкін екенін айтады.