Саясат

Франциядағы наразылық: 500-ден астам адам ұсталды

Францияда білім беру жүйесіне көңілі толмаған оқушылар мен студенттердің жаппай наразылық акциялары үшінші аптаға ұласты.

AP Photo/Aurelien Morissard

 8 қазанда ел бойынша 71,5 мың адам шеруге шықты. Полиция 504 адамды ұстады, деп хабарлайды Жас Алаш Le Monde басылымына сілтеме жасап.

Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, наразылыққа қатысқандардың 24,5 мыңы Парижде жиналған. Сонымен қатар 55 мыңға жуық адам білім беру мекемелерінің алдында өткен акцияларға қатысқан. Олардың бір бөлігі кейін шерушілер қатарына қосылған.

Ел астанасындағы Бастилия алаңында демонстранттар мен полиция арасында қақтығыс болды. Кейбір шерушілер тәртіп сақшыларына тас және басқа да заттар лақтырған. Полиция оларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарды қолданды.

Ресми мәлімет бойынша, 8 қазандағы оқиғалар кезінде 504 адам ұсталып, 48 полиция қызметкері мен жандарм жарақат алған.

Наразылық акциялары 21 қыркүйекте басталған. Алғашында Париж маңындағы мектеп оқушылары мұғалім тапшылығына, сыныптардың шамадан тыс толуына және білім беру мекемелерінің нашар жағдайына қарсы шыққан. Кейін оларға студенттер, ұстаздар мен кәсіподақ өкілдері қосылды.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, наразылық басталғалы 6600-ден астам адам ұсталған. Елдегі жүздеген мектептің жұмысы бұзылған.

Шерушілер полицияның күш қолдануына да наразылық білдіруде. Бұған дейін Ленс қаласында 15 жастағы жасөспірім полиция қолданған жарық-дыбыс гранатасынан ауыр жарақат алып, бір қолынан айырылған. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Жаппай наразылықтан кейін Францияның білім министрі Эдуар Жеффре мұғалім тапшылығы байқалған мектептерге қосымша 3 мың педагог жіберілетінін мәлімдеді.

Ал премьер-министр Себастьен Лекорню қазан айының соңына дейін оқушылардың талаптарына қатысты нақты шаралар қабылдауға уәде берді. Алайда наразылық ұйымдастырушылары үкіметтің бұл ұсыныстарын жеткіліксіз деп санайды.

Шерушілер 13 қазанда тағы бір жалпұлттық наразылық акциясын өткізуді жоспарлап отыр.

Франциядағы жағдай президент Эмманюэль Макрон билігіне саяси қысымды күшейтіп отыр. Наразылық білім беру жүйесіндегі мәселелерден басталғанымен, қазір мемлекеттік қызметтерді қаржыландыру және полицияның әрекетіне қатысты қоғамдық пікірталасқа ұласты.

Сайт Әкімшілігі