Әлеумет

Франциядағы наразылық: 565 адам ұсталып, полиция қызметкерінің киімі өртенді

Францияда 31 қазанда өткен наразылық шерулері полициямен қақтығысқа ұласты.

Фото Jack Taylor / Reuters

Соңғы мәліметтер бойынша, ел аумағында 565 адам ұсталған. Парижде тәртіп сақшыларына жанғыш қоспалар лақтырылып, полиция қызметкерінің киімі өртенген.

Француз басылымдарының хабарлауынша, наразылық акцияларына ел бойынша шамамен 320 мың адам қатысқан. Оның 70 мыңға жуығы Париж көшелеріне шыққан. Ал шеруді ұйымдастырушылар қатысушылар саны ресми мәліметтен әлдеқайда көп болғанын айтады.

Париждегі шеру кезінде наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыс болған. Тәртіп сақшыларына Молотов коктейльдері лақтырылып, салдарынан бір полиция қызметкерінің киімі отқа оранған. Сондай-ақ жанғыш қоспалардан үш полицей зардап шеккені хабарланды.

Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес полицияға жасалған шабуылды кісі өлтіруге оқталу ретінде бағалаған.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ел бойынша 70 мың полиция қызметкері мен жандарм жұмылдырылған.

Фото Lucien Libe / Reuters/Франциядағы наразылық

Халық неге наразылық білдіріп жатыр?

Франциядағы наразылық толқыны қыркүйекте білім беру саласындағы мәселелерге байланысты басталып, кейін ауқымы кеңейген. Шерулерге студенттер, кәсіподақ өкілдері, солшыл қозғалыстар мен «сары жилеттегілер» қатысқан.

Наразылық білдірушілер қымбатшылыққа, жанармай бағасының өсуіне және әлеуметтік мәселелерге қарсы шыққан. Олар биліктен халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуды, білім беру саласын қолдауды және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруды талап етеді.

Сайт Әкімшілігі