Әлеумет

Франциядағы наразылық: бір адам қаза тауып, 1800-ге жуық адам ұсталды

Францияда қымбатшылық пен әлеуметтік мәселелерге қарсы басталған жаппай наразылық тәртіпсіздікке ұласты.

Фото: AL-DOUMY / AFP via Getty Images

Елдің бірнеше қаласында полиция мен шерушілер арасында қақтығыс болып, ғимараттар мен көліктер өртелді. Бір адам қаза тауып, 1800-ге жуық адам ұсталды.

17 қазанда Францияның Париж, Марсель, Лион, Бордо және басқа да қалаларында ауқымды шерулер өтті. Ресми мәлімет бойынша, наразылыққа 550 мыңнан астам адам қатысқан. Ал ұйымдастырушылар шерушілер саны 800 мыңға жеткенін мәлімдеді.

Бастапқыда бейбіт өткен шерулер кейбір қалаларда тәртіпсіздікке ұласқан. Парижде наразылық білдірушілердің бір бөлігі дүкендерді тонап, көліктерді өртеген. Полиция оларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарды қолданған.

Лимож қаласында әкімдік ғимараты өртке оранды. Марсель мен Лионда да қоғамдық ғимараттар бүлінген.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, ел бойынша 1800-ге жуық адам ұсталған. 500-ден астам полиция қызметкері мен құтқарушы жарақат алған. Парижде наразылыққа қатысушылардың бірі жүрегі тоқтап қайтыс болды.

AP Photo/Aurelien Morissard/Франциядағы наразылық

Халық неге наразылыққа шықты?

Наразылықтың басталуына мектептердегі жағдайдың нашарлауы мен мұғалім тапшылығына қарсы оқушылардың шерулері түрткі болған. Кейін оларға кәсіподақтар, студенттер және "сары жилеттілер" қозғалысының өкілдері қосылды.

Шерушілер бағаның өсуіне, әлеуметтік теңсіздікке, мемлекеттік қызметтердің сапасының төмендеуіне наразылық білдіріп, жалақы мен зейнетақыны көтеруді талап еткен.

Франция президенті Эммануэль Макрон тәртіпсіздіктерді айыптап, зорлық-зомбылыққа қатысқандар заң алдында жауап беретінін мәлімдеді.

Ал премьер-министр Себастьен Лекорню қақтығыстарға радикалды солшыл топтар мен қылмыстық әрекетке барған адамдарды кінәлады.

18 қазанда Франция билігі тәртіпсіздіктердің салдарын жоюға кірісті. Парижде бүлінген көшелер тазартылып, келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр. Үкімет зардап шеккен қалаларға қаржылай қолдау көрсету мәселесін қарастыруда.

Француз басылымдарының жазуынша, бұл соңғы жылдардағы елде болған ең ауқымды тәртіпсіздіктердің біріне айналды.

Сайт Әкімшілігі