Сараптама

FT: Иран АҚШ-пен соғыста Қытайда жасалған спутникті пайдаланған

Иран АҚШ-пен қақтығыс кезінде Қытайда жасалып, орбитаға шығарылған спутникті барлау мақсатында пайдаланған. Бұл туралы Financial Times басылымы ирандық әскери құжаттардың таралған деректеріне сілтеме жасап хабарлады.

Фото: ашық дереккөз

Басылым мәліметінше, Иран 2024 жылы Қытайдың Earth Eye Co компаниясы жасаған TEE-01B спутнигін жасырын түрде иеленген. Кейін ол Таяу Шығыстағы америкалық әскери базаларды бақылау үшін қолданылған.

Спутник арқылы Сауд Арабиясы, Иордания, Бахрейн, Ирак және өзге де елдердегі нысандар қадағаланған. Жиналған деректер 2026 жылдың наурыз айында, ирандық зымырандар мен дрондар шабуылдары алдында және кейін белсенді пайдаланылғаны айтылды.

Financial Times спутниктің жоғары дәлдікпен жұмыс істегенін, бұл Иранның бұрынғы жүйелерімен салыстырғанда айтарлықтай артықшылық бергенін жазады. Сондай-ақ Иран деректерді өңдеу үшін Қытайдың Emposat компаниясына тиесілі жерүсті станциялары мен деректер орталықтарына қол жеткізген.

Мәліметке сәйкес, бұл келісім үшін Иран шамамен 36,6 миллион доллар төлеген.

Басылым атап өткендей, наурыз айының ортасында спутник Сауд Арабиясындағы Принц Сұлтан әуе базасын түсіріп алған. Кейін бұл базаға жасалған шабуылдар кезінде бірнеше америкалық әскери ұшақ жойылғаны хабарланған.

Reuters агенттігінің жазуынша, Вашингтон мен Бейжіңнің ресми өкілдері бұл ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартқан. Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі «Қытайға қатысты жалған ақпарат таратуды жоққа шығаратынын» мәлімдеді.

Ал Ақ үй Трамптың бұған дейін Қытайды Иранға әуе қорғаныс жүйелерін жеткізу мүмкіндігіне байланысты ескерткенін растағанымен, спутник туралы ақпаратқа пікір білдірмеді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: АҚШ Иран Қытай