Ғасыр жасаған ұстаз
Ұлттың рухани қуаты – оның ұстаздарының тағылымымен өлшенеді. Уақыт зымырып, өткен күн көмескіленсе де тарих бетінде есім-сойы өшпестей қашалып жазылатын, ешқашан ұмытылмайтын жандар қаншама. Олар қоғам алдында мансабымен емес, ғылымға сіңірген еңбегімен, атағымен емес, еліміздің түкпір-түкпірінде елге қызмет етіп жүрген шәкірттерімен биіктейді. Сондай парасат иелерінің бірі – тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қапира Сәдуақасова.
Биыл ардақты ұстаз 100 жасқа толып отыр. Осынау ғасырлық мерейтойы қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің атынан арнайы құттықтау үшін Алматыдан Шымкентке жол тартып, Қапира апайдың шаңырағында қонақ болдық. Тұтас бір дәуірдің куәгерімен жүздесу, еліміздің жоғары білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстазбен сұхбат құру – бізді шексіз қуанышқа бөледі. Қапира Сәдуақасқызының шаңырағы бізді дарқан көңілмен қарсы алды. Үй ішіндегі әрбір бұйым, әрбір сурет өткен күндердің шежіресіндей сыр шертіп тұр. Жәдігерлерге қарай отырып, сол шаңырақта саналы ғұмырын ағартушылыққа арнаған тұлғаның өмір жолы көз алдыңнан тізбектеліп өте бастайды екен.
Жүзіне жылы жымиыс ұялап, мейірлене қарап отырған ұстазымызға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Каримованың арнайы құттықтау хаты мен сый-сыяпатын табыстадық. Құттықтау хатта: «Сіз – еліміздің білім беру мен ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ұстазсыз. Бірнеше буын педагог мамандарды тәрбиелеп, қазақ жоғары мектебінің қалыптасуына зор еңбек сіңірдіңіз. Ғасыр жасаған ғұмырыңыз – кейінгі ұрпаққа өнеге мен тағылымның жарқын мектебі» делінген. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Қапира Сәдуақасқызына жат емес. Себебі ол кісі осы университетте жоғары білім алған. Яғни біздің университетіміздің түлегі әрі мақтанышы.
Біз мерейтой иесінің иығына түлеп ұшқан қара шаңырақ оқу орнының атынан зор қошеметпен шапан жауып, ақ жаулық тарту еттік. Бұл – бір адамға емес, ұстаздық атты ұлы жолға көрсетілген құрметтің белгісі еді.
Қапира Сәдуақасқызы бізге ақ батасын берді. Жүз жылдық ғұмырдың сүзгісінен өткен өмірлік тәжірибесі, ұстаздық ұстанымы, ғылымның қадірі мен білімнің қасиеті туралы айтқан әрбір сөзі жүрекке жетіп, ойға ой қосты. Ол 1926 жылдың 10 маусымында Павлодар облысы, Ермак ауылында (қазіргі Ақсу) дүниеге келген. 1935 жылы Алматы қаласындағы үлгілі №35 мектепте 6-сыныпқа дейін оқып, 7-сыныптан бастап Шымкент қаласындағы №7 орта мектепте оқиды.
– Балалық шағым ел басына түскен «нәубет» жылдармен сәйкес келіп, жетімдіктің қиындықтарын көп тарттым. Ашаршылықтың құрбаны болған ата-анам туралы есімде ештеме қалмапты. Сол бір ауыр жылдары қазақы бауырмалдығы жоғары азаматтар қаншама жетімдерді паналатып, оқытып, қатарға қосты ғой. Солардың бірі өзіммін. Тұл жетім қалғанымды естіген анамның жақыны Әшім Сәрсенбаев есімді нағашы ағам мені Алматыға жеткізеді. Осында Қайыргелдиндер отбасын паналап, 1935 жылы 9 жасымда балалар үйіне келдім. Ол өзі «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен ауыр жылдар. Кейін тағы бірнеше туысымды жоғалтып алдым. Есіме түсіретін ешкім жоқ, бір отбасыдан қалған жалғыз тұяқпын. 1941 жылы соғыс басталды да біз тәрбиеленіп жатқан балалар үйі соғыста жараланғандарды емдейтін госпитальға айналып, бізді оңтүстікке әкелді. Орта білімді осында алдым, – дейді Қапира апай балалық шағын оймен шолып.
Қ.Сәдуақасқызы бір үзім нан тауып жеудің өзі мұң кездің өзінде ғылым-білімге қызыққан. Осы бір қызығушылығы оны ғылымның тереңіне жетелеп әкеліп, бар өмірін «инемен құдық қазуға» арнады. Әйтпесе, сол кезде өзімен қатар көп құрбы-құрдастары тек күнкөрісті ойлап, шаруашылыққа ден қойып кетті. Қапира апай ғылымның ең басты өлшемі – адал еңбек пен үздіксіз ізденіс екенін, ал ұстаздың ең үлкен бақыты – шәкірттерінің жетістігі екенін ерекше тебіреніспен жеткізді. Әңгіме барысында тек көп жасаған емес, көпті көрген адамның даналығы мен қарапайымдылығы, кішіпейілдігі мен биік мәдениеті қатар көрініс тауып жатты.
Кездесу барысында Қапира апайдың өмірлік жары – қазақ журналистикасының көрнекті өкілі, ұзақ жылдар бойы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Әсет Тілеукеев туралы жылы естеліктер айтылып, жарқын бейнесі қайта жаңғырды.
Тарих ғылымдарының кандидатыҚайрат Анарбаевтың айтуынша, Әсет атамыз тік мінезді, әрқашан шындық жағында шырылдаған. Оның көпшіл, маңайына жақсыларды жинап жүретін жан болғанын қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбековтің:
«...Сағынам, жолықпасам бір ай саған,
Жаныңа кездескенше сұрай салам,
Жан Әсет, сен жинаған жолдас көп қой,
Бірақ та жалғыз жолдас құдай саған», – деп жазған өлең жолдарынан білуге болады. Әрине, Әсет атамызға жары Қапира апай әрқашан қолдау көрсетіп отырды. Үйге қонақ келсе, ең бірінші тамағын емес, қабағын беріп, олар үйге қайта-қайта келетіндей қонақжайлық танытқан. Дана халқымыз «әйелі жақсы үйден кісі арылмас» деп бекер айтпаса керек. Жан жарына дән риза болған Әсет атамыз оған былай деп өлең арнаған екен.
«Асыл жарым ҚАПИРАШ, бал қызығым,
Өмірімнің өркені – ырызығым,
Өзің деймін мақтанып, өзімдей көр,
Бұл кітап – саған менің базарлығым.
Сусын еттім жаныңның мөлдірлігін,
Отбасымның сақтадың сән-бірлігін.
Сапар шықсам, сағынып қарсы алатын,
Жайнап тұрған алдымда, сенсің, гүлім.
Бірге өттік асулардан, белестерден,
Жалықпадық шүйіркелесіп, кеңескеннен.
Өзіңді жолдас қылған ғұмырымда
Аллаға мың да шүкір мені ескерген!»
Атамыздан асырып кім, не айта алар?.. Үлкендердің арасындағы осындай сезім, сыйластық, махаббат жастарға үлгі.
Олар елге қызмет етуді өмірлік мұратқа айналдырған тағдырлас жандар еді. Бірі – қаламымен бұрқ-сарқ қайнаған қоғамның ішінде жүрсе, екіншісі – кітапхана, архивте құжат ақтарып, оның сығындысын қағазға түсіріп, студенттеріне жеткізгенше асықты.
Қапира апай соғыс біткен 1945 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1949 жылы тамамдады. Диплом алған соң Оңтүстікке келін болып түсіп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы Шымкент мұғалімдер институтында, педагогикалық институтта, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институтында табан аудармай жұмыс істеді. Әлем тарихы кафедрасын басқарған жылдары ондаған жас ғалымның қанаттануына себепкер болды. Ғалымның ғылыми ізденісі де өз дәуірі үшін тың бағыттардың бірі болды. 1967 жылы «Қазақстандағы әйелдер білімінің дамуы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, қазақ әйелдерінің білім алу тарихын ғылыми тұрғыдан зерделеген алғашқы зерттеушілердің қатарынан орын алды. Ғылыми жетекшісі белгілі қоғам қайраткері, ғалым педагог Т.Тәжібаев болған. Бұл еңбек бүгінгі күні де тарихи-педагогикалық зерттеулердің маңызды арнасы болып саналады.
Ұзақ жылғы адал еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған Мақтау қағазымен, «Жоғары білікті педагог кадрларды дайындағаны үшін», «Қазақстанның 40 жылдығы», «Қазақстанның 50 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен және «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін де Қапира апайдың ұстаздыққа деген адалдығы бәсеңдеген жоқ. Ширек ғасыр бойы зейнеткерлікте жүрсе де Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде доцент болып еңбек етіп, жас оқытушылар мен зерттеушілерге бағыт-бағдар берді. Университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен оған «Құрметті профессор» атағы берілді. Әлі күнге дейін университетпен байланысын сақтап, сондағылардан әрқашан хат-хабар алып, жаңалықтардан құлағдар болып отырады. Апайды университеттен арнайы іздеп келіп, ақыл-кеңес сұрайтын шәкірттері аз емес. Күні кеше оның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында аталған университетте «Профессор Қапира Сәдуақасова атындағы «Ежелгі дүние тарихы» дәрісханасы» ашылды. Бұл – ұлағатты ұстазға көрсетілген зор құрмет пен кейінгі ұрпаққа үлгі болатын тағылымды қадам.
Қапира апай өмірлік серігі екеуі екі қыз тәрбиелеп өсіріп, құтты жерлеріне қондырды. Тұңғыштары Ләззат жастай қайтыс болып кетті. Одан кейін Жанат пен Салтанат есімді қыздары ана жолын қуып, химия, математика пәндерін сүйіп оқып, сол пәннің ұстаздары атанды. Немересі Жанболат – ардақты әжесінің жолын қуған ғалым тарихшы. Ал Ләззат, Ардақ есімді немерелері экономист мамандығы бойынша шетелде білім алып, бүгінде еліміздің дамуына үлестерін қосып келе жатқан мемлекеттік қызметшілер. Шөберелері Арсен, Байсал – Тілеукеевтер әулетінің көз қуаныштары. Немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған сол әулеттің тұтастығы – өзара сыйластықтың және рухани үндестіктің жемісі. Ол кісі тек ұстаз ретінде емес, әйел ретінде де бақыттың кемеліне жеткен жан. Ол түзде де, үйде де өз міндетін адал атқарып, көпшіліктің батасын алып, алғысына бөленген. Қапира апай мүйізі қарағайдай ғалым болса да, шаңырақта өзінің әйел екенін ұмытпай, әйгілі журналист Әсет Тілеукеевті өмірлік қосағы, отбасының тірегі ретінде сыйлап, құрметтеп өткен. Ол ұрпақтарына да отбасын әрқашан бірінші орынға қойып, оны тәрк етуге болмайтынын түсіндіріп келеді.
Ғасыр жасау – табиғаттың сирек сыйы. Және осы ғұмырында адамдық асыл қасиеттерін сақтай отырып мәнді де сәнді өткеру – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Қапира Сәдуақасқызы мағыналы өмір сүрген азаматшаның жарқын үлгісі десек қателеспейміз. Оның өмір жолы – еңбектің жеңісі, парасаттың биігі мен адамгершіліктің асқақ үлгісі. Осындай жанмен жүздесу – өткенді тану ғана емес, келешекке бағдар алу. Ұлағатты тұлғалардың өнегесі жас ұрпақтың санасында мәңгі сақталуы тиіс. Өйткені ұлттың рухани тұғыры – осындай ұстаздардың еңбегімен биіктейді.
Берік ЖҰБАНЫШОВ,
Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық
университеті Тарих кафедрасының
меңгерушісі, тарих ғылымдарының
кандидаты