Саясат

Назарбаевтар және түрме: Малайзиядағы даулы істің жаңа кезеңі

Гауһар тас, Назарбаевтар және түрме: Малайзиядағы даулы істің жаңа кезеңі

Фото The Associated Press

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарымен құдандалы болған Малайзияның экс-премьер-министрі Наджиб Разакқа жазасының қалған бөлігін үйқамақта өтеуге қайтадан рұқсат берілді. Алайда оның түрмеден шығуына тағы бір сот үкімі кедергі болуы мүмкін.

10 қарашада Малайзияның Жоғарғы соты 73 жастағы бұрынғы премьер-министрге жазасының қалған мерзімін үйқамақта өтеуге рұқсат берді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Наджиб Разак 2022 жылдан бері түрмеде отыр. Ол мемлекеттік инвестициялық қор төңірегіндегі ауқымды жемқорлық ісі бойынша сотталған. АҚШ тергеушілерінің бағалауынша, аталған қордан кемінде 4,5 миллиард доллар жымқырылған.

Биыл қыркүйекте Малайзия королі бұрынғы премьер-министрге алты жылдық жазасының қалған бөлігін үйқамақта өтеуге рұқсат берген. Ол үшін Разак 50 миллион ринггит, яғни шамамен 12 миллион доллар айыппұл төлеуі тиіс болған. Бұл қаражатты оның партиясы төлеген.

Алайда 6 қарашада прокуратура құқықтық мәселелерді алға тартып, Разакты түрмеден үйқамаққа ауыстыруды тоқтатқан. Төрт күннен кейін сот оған қайтадан рұқсат берді.

Соған қарамастан, бұрынғы премьер-министрдің түрмеден нақты қашан шығатыны белгісіз.

Өйткені 2025 жылғы желтоқсанда Разак басқа жемқорлық ісі бойынша тағы 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазір ол бұл үкімге шағымданып жатыр.

Назарбаевтар мен қымбат гауһар тастың қандай байланысы бар?

2015 жылғы наурызда Наджиб Разактың қызы Нуриана Наджва қазақстандық Данияр Кесікбаевқа тұрмысқа шыққан. Данияр – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың асырап алған ұлы.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Наджиб Разак