Германия 2027 жылға қарай алғашқы дрондар полкін құрмақ
Германия армиясы алғаш рет арнайы дрондар полкін құрады.
Жаңа бөлімше барлау, соққы жасайтын дрондар, дрондарды ұстап қалу құралдары мен радиоэлектрондық күрес жүйелерін біріктіреді. Оны жасақтау кезінде Украинадағы соғыс тәжірибесі ескеріледі. Бұл DW хабарлады.
Германия Украинадағы соғыс тәжірибесін ескере отырып, алғаш рет өз дрондар полкін құрмақ. Бұл туралы Германия қорғаныс министрі Борис Писториус 1 қазан, бейсенбі күні Төменгі Саксониядағы Берген әскери полигонына барған кезде мәлімдеді.
«2027 жылдың ішінде біз Бундесвердің алғашқы дрондар полкін құрамыз», – деді Писториус. Оның айтуынша, Германия армиясы майдан даласындағы жағдайды бақылаудан тиісті қорытынды шығарып отыр.
Писториустың сөзінше, барлық әзірлемеде Украина тәжірибесі ескеріледі. Жаңа полк барлау жүргізу, нысананы жою және қарсыластың дрондарын қағып түсіру мүмкіндіктерін біріктіруге тиіс.
Қашықтығы 500 шақырымға дейін
Министрдің айтуынша, бөлімше өте қысқа қашықтықтан бастап 500 шақырымға дейінгі аралықта қолданылатын пилотсыз жүйелерді пайдаланады. Оның құрамында радиоэлектрондық күреске арналған жеке рота да болады.
Писториус бұл мәлімдемені Бундесвер өнеркәсіп өкілдерімен бірге жаңа технологияларды тікелей дала жағдайында сынап жатқан «Құрлық әскерлері» эксперименттік сериясы аясында жасады.