Саясат

Германия мен Украина 8,5 млрд еуродан астам келісімге қол қойды

Украина мен Германия қорғаныс және энергетика салаларында жалпы құны 8,5 млрд еуродан асатын 15 келісімге қол қойды.

Фото: Thomas Peter/REUTERS

Құжаттар әуе қорғанысы жүйелерін, радарлар мен дрондарды жеткізуді, сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымды қалпына келтіруді қамтиды.

Келісімдер 4 қазанда Украина-Германия бизнес-форумы аясында жасалған. Оған Украина президенті Владимир Зеленский мен Германия канцлері Фридрих Мерц қатысты.

Украина Қорғаныс министрлігі немістің Diehl Defence компаниясымен IRIS-T әуе қорғанысы жүйелері, оларға арналған зымырандар мен оқ-дәрілерді жеткізу жөнінде үш меморандумға қол қойды. Hensoldt компаниясынан радарлар сатып алу, ал Quantum Systems-пен дрон-ұстағыштарды сынақтан өткізу және жеткізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Украина Ұлттық гвардиясы мен Quantum Systems украиналық дрондардың өндірісін Германияда жолға қоюға келісті.

Келісімдердің бір бөлігі энергетика саласына қатысты. "Укрэнерго" немістің 50Hertz және Amprion электр желісі операторларымен Украина энергетикалық жүйесін қалпына келтіруге қажетті жабдық жеткізу жөнінде меморандум жасасты.

Украина Энергетика министрлігі мен "Нафтогаз" Siemens Energy компаниясымен де ынтымақтастықты кеңейтпек. Соның ішінде Украина қажетіне 12 газ турбиналық қондырғыны пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Германия канцлері Фридрих Мерц екі ел арасындағы әріптестік қорғаныс, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және құрылыс салаларын қамтитынын мәлімдеді.

"Германия Украинаға көмектеседі. Бірақ Украина да бізге көмектесіп жатыр – мысалы, дрондардан қорғану тәжірибесімен және неміс өнеркәсібіне миллиардтаған еуро көлемінде тапсырыс беру арқылы", – деді Мерц.

 

Сайт Әкімшілігі