Әлеумет

Гимназияда орын ғана емес, орындық да тапшы екен

Ата-аналардың баласын «мәртебесі» жоғары мектепке оқытуға ұмтылуынан да мәселелер туындап жатады.

Jasalash.kz
Атыраудағы ескі балабақша ғимаратында тығылысып отырған ағылшын тілін тереңдетіп отыратын Техникалық гимназияның «Нұрсая» ықшамауданындағы типтік нысанға қоныс аударғанына санаулы жылдың жүзі болды. Алайда, сәулетті де кең мектеп бала санының көптігі мәселесін шешкен жоқ. Барлығы 624 орынға лайықталған гимназияда екі мыңның үстінде оқушы білім алып жатыр. Жақында жауынды-шашынды күндердің біріндегі білім ошағындағы ахуал түсірілген видео әлеуметтік желіде кең тарап кетті. Онда дәліздің тарлығынан балаларға кіріп-шығудың өзі мұң болғаны көрсетілген.-Негізі, ата-аналар балаларын сырттан күтетін. Бірақ, сол күні ауа райы қолайсыз болғандықтан барлығы ішке кіріп кеткен. Ал анау шығып жатқан бір сыныптың 35-40 шақты баласы, — деп түсіндіреді Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Алмабек АБДОЛОВ. -Қалада бала саны көп басқа да мектептер бар, неге бізге қадалып қалғандарыңызды түсінбеймін?! «Нұрсая» ықшамауданы – жаңадан бой көтерген ықшамаудан, халық саны көп болғасын осы жердің балаларын да қабылдағанбыз. Қазір мұнда бізден басқа қазақша білім беретін №37 мектеп қана бар, келесі жылы 900 орындық тағы бір мектеп пайдалануға берілгенде, оқушылардың бір бөлігі сонда кетіп, жүктемеміз азаяды, — деп ренішпен қарсы алды Техникалық гимназия директоры Арайлым КЕНЖЕҒАРИНА.Ал гимназияда бір партада үш баланың отыратыны жөніндегі ақпаратты ол кісі «фэйк» деп бағалады. Тақырыпты зерттеу барысында тағы бір жайды байқадық. Техникалық гимназияға қаланың әр түкпірінен келіп оқитындар көп. Таңертең және түскі мезгілде келетін автокөліктердің көптігі жол қозғалысына кедергі келтіретіні де бұған дейін сыналып жүрген-ді. Соған қарамастан, ұл-қызының бейіміне, басқа да шаруаларына қарамастан, қайтсе де осында оқығанын қалайтын әке-шешелер де бар. Солардың аты-жөнін атамауды сұраған біреуі «баласының әкімдердің балалары барып жүрген мектепте оқитынын» айтып, мақтанып қалды.-Менің қызымның сыныбында 43 бала бар. Кей кабинеттерде отырғыштың жетпейтіндігін айтып келеді. Сол себепті, оқушылар басқаларынан бұрын кіріп, қысылып-қымтырылмай орналасып алуға тырысады екен. Соны естіп, ренжіп қаламын. Сыныптардағы бала саны тездетіп азайса екен деп жүрмін. Мұғалім қырықтан астам балаға қалай қарайды, соған таң қаламын, — дейді ата-ана Гүлнар Омарова. «Балықшы» ықшамауданында тұратын Гүлнар да шаһардың бір шетінен екіншісіне шаршап-шалдығып келетініне қарамастан баласын гимназияда оқытқысы келетінін жасырмайды.-Біріншіден, гимназиялар мен гимназиялық сыныптар белгілі бір бағытта бейіндеп оқытады, ата-аналар сол үшін береді деп ойлаймын. Өзімнің жеке пікірім ретінде айтсам, ата-аналарда білім мекеменің «мәртебесіне» қарайтын психология бар. Бұл жерде бұрыннан қалыптасқан, тәжірибелі ұстаздары бар қатардағы мектептердегі білімнің де ешқандай қалыспайтынын атап өткім келеді. Қазір қатынауға алыс, әкеліп-әкететін адамы болмағаннан кейін гимназиядағы баланы үйіне жақын, өздеріне қолайлы мектептерге ауыстырып жатқандарды да көріп жүрмін, — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Фируза ШАНГЕРЕЕВА.Бүгінде Атырау қаласындағы он үш мектепте бала саны артық. Оларда белгіленген жеті мыңнан астам оқушының орнына 24 мыңға жуық шәкірт білім алып жатыр. Мәселені біржақты еті үшін кемі жиырма мектеп қажет көрінеді, әзірге бес мектептің ғана құрылысы басталған.Фото: yaplakal.com
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега