Кейіпкер

Google-де жұмыс істеп жүр қазақтың бір баласы

XXI ғасырдың екінші ширегіне қадам басқан уақытта байлық пен ықпалдың өлшемі түбегейлі өзгерді. Бұрын табиғи ресурстар мен өндіріс қуаты елдің экономикалық салмағын анықтаса, бүгінде бұл рөлді дерек, алгоритм және жасанды интеллект атқара бастады. Әлем елдері технологиялық үстемдік үшін жарысқа түскен кезеңде, осы өзгерістердің бел ортасында жаңа буын қалыптасып келеді.

Фото: Хагай

Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмаған. Соңғы жылдары ел ішінен шыққан бірқатар жас мамандар халықаралық технологиялық ортада төбе көрсетіп келеді. Олар жаһандық стартаптарда, медицина мен жасанды интеллект тоғысқан салаларда еңбек етіп, әлемдік нарыққа өз идеясын ұсынып қана қоймай, жүзеге асырып жүр. Жаңа буын үшін технология тек құрал емес, ол – мүмкіндік, тіл және болашаққа апаратын жол. Осы толқынның ішінде біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Максим Хагай да бар.

Жасанды интеллект индустриясы, компьютерлік технология бүгінде әлемдегі ең бәсекелі әрі жылдам дамып жатқан салалардың бірі. Мұнда бір идеяның өмірлік циклі өте қысқа, ал жаңалықтың құны секундтармен өлшенеді. Осындай ортада еңбек етіп жүрген Максим Хагайдың тәжірибесі қазақстандық мамандардың халықаралық деңгейге бейімделе алатынын көрсетеді.

Фото: Максим Хагай

Сергек» жобасы енгізілген тұста осы команданың бір бөлшегі болдым

Мұнайшының отбасында өмірге келдім. Әкем – кәріс, анам – қазақ. Үйдің тұңғышымын. Бала кезімнен математикаға жақын болдым. Ата-анам бұл қабілетімді шыңдауға мүмкіндік берді. Сосын жатпай-тұрмай дайындалып, Атырау қаласындағы қазіргі Білім инновация лицейінде оқуды мақсат еттім. Бұл мектеп менің компьютер саласына деген қызығушылығымды арттыра түсті. Ұстазым, бүгінде Білім инновация лицейінің директоры Элбрус Пириев информатика пәнінен дәріс беріп, олимпиадаға дайындап, әрдайым демеу көрсетті. Оны тамамдаған соң 2014 жылдан бастап Назарбаев университетінде Computer Science мамандығы бойынша білім алдым. Бұл есептеу машиналарының теориясы мен алгоритмдерінен бастап, жасанды интеллект пен бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуге дейінгі кең ауқымды қамтитын іргелі мамандық. Ол тек код жазуды ғана емес, технологиялардың жұмыс істеу логикасын терең меңгеруді талап етеді. Біз мұнда бағдарламалау (Python, C++, Java, JavaScript), алгоритмдер және деректер құрылымы, мәліметтер базасы, киберқауіпсіздік және желілер архитектурасын меңгердік. Мәселен, стандартты бағдарламашылар көбінесе дайын құралдарды пайдаланса, Computer Science мамандары сол құралдардың ішкі жүйесін, математикалық есептеулері мен тиімділігін зерттейді. Бұл бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, деректер ғылымы (Data Science), машиналық оқыту (Machine Learning) және ақпараттық жүйелерді жобалау бағытында қолданылады.

Жалпы, бұл сала жылдан-жылға дамып жатқандықтан жаңалығы да көп. Үнемі жаһандық тәжірибеден қол үзбей, біліміңді әркез жетілдіріп отыру керек. Еліміздегі ең үздік оқу орны Назарбаев университетін 2019 жылы аяқтаған соң түрлі стартап жобаларда бақ сынап көрдім. Астана қаласына алғаш «Сергек» жобасы енгізілген тұста осы команданың бір бөлшегі болдым. Одан бөлек, бас-аяғы төрт-бес жылда бағдарлаушы ретінде бірқатар жоба аясында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Адам бір жерде тоқтап қалмау керек. Кейде маған ауқым тар боп көрінеді. Портфолиомды жетілдіре жүріп, шетелдік компаниялар жұмысқа алатын желілерге резюмемді сала бастадым. Сол кезде елімізді ғана емес, бүкіл әлемді коронавирус індеті жайлаған кез. Тіпті одан бұрын Google компаниясы онлайн әңгімелесу жүргізді. Сөйтіп, алғашқы баспалдағынан өтіп, соңғы бетпе-бет сұхбатқа Мюнхен қаласына шақырды. Қуанышым қойныма сыймай, ұшып бардым. Менде жұмысқа алады деген үміт басым болды. Бірақ тәжірибем аз болды ма, бағым жанбады ма, білмеймін, бұл сынақтан өтпей қалдым. Елге келіп, жобаларды жалғастыра бердім.

Фото: Максим Хагай

Еңбек жолым Uber-ден басталып, Google де жалғасты

Алған бетімнен қайтпай, портфолиомды жаңартып, қайта жібердім. Мұны мүмкіндік деп санадым. Оны уысымнан жіберіп алсам, өмір бойы өкініп жүрем бе деп ойладым. 2022 жылдары айналасы 20-30 шақты компанияға тапсырдым-ау деймін. Күн сайын онлайн-сұхбат өтті. Бір күні солардың ішінен Нидерландыдағы Uber компаниясынан ұсыныс түсіп, хабарласты. Көптен күткен арманыма біртабан жақындадым.

Мұны әлемде такси қызметін өзгерткен цифрлық платформа деп таниды. 2009 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында құрылған Uber компаниясының негізін қалаушылар – Трэвис Каланик пен Гаррет Кэмп көшеде такси ұстау қиын екенін ескеріп, смартфон арқылы көлік шақыруға мүмкіндік беретін сервис жасап шыққан. Uber өте жылдам дамып, бірнеше жыл ішінде әлемнің ондаған еліне тарады. Бүгінде ол 70-тен астам елде, 10 мыңнан астам қалада қызмет көрсетеді.

Алайда көпшілік Uber тек жолаушы тасымалдаумен ғана айналысады деп түсінеді. Індет кезінде компания біраз шығынға батып, басқа бағыттарды іздеуге көшеді. Атап айтқанда, Uber Eats – тамақ жеткізу қызметі, Uber Freight – жүк тасымалдау логистикасы, Uber Shuttle – топтық тасымал қызметі де бар. Ал мен осы қолға ұстайтын, көзге көрінетін тауар жеткізу тобында бір жылдан астам уақыт еңбек еттім.

Сол аралықта Google компаниясымен де сөйлесіп жүр едім. Бір жылдан кейін шақырған соң, 2022 жылдың аяғында ауысып кеттім. Қазір компанияның Швейцария қаласындағы бөлімінде инженер ретінде жұмыс істегеніме төрт жылдай болды. Меніңше, жас кезде бір жерде тұрақтап қалмай, әртүрлі компанияның қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтау керек. Содан кейін ғана нәтижеге жұмыс істеуге тура келеді.

Ал әлемге танымал Google ең ірі технологиялық компания 1998 жылы АҚШ-та, Калифорния штатында Стэнфорд университетінің студенттері Ларри Пейдж пен Сергей Брин тарапынан құрылған. Алғашында Google тек интернеттегі ақпаратты іздеуге арналған іздеу жүйесі (search engine) ретінде пайда болды. Бірақ уақыт өте келе ол әлемдегі ең ірі цифрлық экожүйеге айналды. Яғни Google бүгін тек іздеу жүйесі ғана емес, 50-ден астам өнім мен сервисті ұсынып отыр. Атап айтсам, Google Search (іздеу жүйесі), YouTube (видео платформасы), Gmail (электронды пошта), Google Maps (карта қызметі), Google Drive (бұлтты сақтау жүйесі), Google Chrome (браузер), Android (мобильді операциялық жүйе).

Бүгінде адамдардың ақпаратқа қол жеткізу тәсілін ғана емес, тұтас өмір сүру мәдениетін өзгерткен компания жасанды интеллект, жаңа технологиялар және инновациялар арқылы әлемнің даму бағытын айқындап келеді. Біз Google жүйесінде ақпаратты сақтап, процесін жасақтап, қолмен ұстай алатын тауарды қолданушыға ұсынамыз. 5-6 мың қызметкерден тұратын компания ішінде өзара департаментке, бөлімге бөлінеді. Әр топта он шақты адам бар. Бізді басқаратын инженер-менеджер болады. Мұнда әлемнің түкпір-түкпіріндегі дарынды жастар бас қосқан. Соның ішінде Қазақстаннан да білімді жастар көп. Олар бізден Қазақстан мемлекеті туралы естіп-біліп, ақпаратқа қанығады.

Бүгінде компанияның басты миссиясы – әлемдегі ақпаратты ұйымдастырып, оны баршаға қолжетімді әрі пайдалы ету. Осы ортақ мақсат жаһанның төрт бұрышындағы компания қызметкерлерінің басты ұранына айналған.

Фото: Максим Хагай

Басталған жоба аяқсыз қалмауы тиіс

Әрине, сыртта жүрген соң елді, отбасыңды сағынасың. Бірақ қазіргі мақсатым – мол тәжірибе жинап, болашақта еліме пайдасын тигізу. Заман күн сайын дамып, өзгеріп жатыр. Елге қайту ешқашан қиындық тудырмайды. Бойда күш-қуат бар кезде, мүмкіндік беріліп тұрған тұста аянбай жұмыс істеу керек деп ойлаймын.

Қазақстанда біраз жобаға атсалысқан уақытта жақсы да, жаман жағын да көрдім. Көбінесе стартап жобамен айналысқанда көз жеткізген бір дүние – бастаған іс аяғына жетпейді. Бір жыл бойы істеген жоба түптің түбінде керексіз болып қалады. «Жігіттер, мұны қоя салайық. Басқа нәрсені қолға аламыз» деуі мүмкін. Әрине, мұндай кезде кеткен уақыт, жұмсалған энергияңа ішің ашиды. Нақты шешім қабылдауға келгенде табандылық жоқ па, білмеймін, жарты жолда қалады. Құдайға шүкір, қазір елімізде де IT саласындағы нарықта небір жаңа компаниялар өмірге келді. Әлемнің АҚШ, Жапония, Қытай, Еуропа елдеріндегідей алпауыт корпорациялар болмаса да, стартап жоба бойынша көш бастап тұр. Мұның жақсы жері – сең тез қозғалады. Бұл бәсекелестікті дамытып, жаңа технологияның қарыштауына жасалған қадам.

Кейде қоғамда «Елімізде тегін білім алып, жұмыс істеуге шетелге кетті» деген пікір айтылады. Логикалық тұрғыда дұрыс сөз. Иә, әлгінде айттым, оқуымды бітірген соң Қазақстанда біраз жобада еңбек еттім. Нарық тар болса да, көп дүние үйрендім. Өзімнің қолайыма келетін жоба ұсынса, қалар едім. Өкінішке қарай, аяқсыз қалған жобалар көңілді түсірген соң, көкейімде «Әрі қарай не істеу керек?» деген сұрақ тұрды. Меніңше, шетелге кеткен 100 жастың кемінде 10-ы елге оралса, соның өзі жақсы. Себебі жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін алып келсе, біздегі компаниялар сөзсіз даму баспалдағына көтерілер еді.

Біз де жаспыз ғой, бірақ қазіргі жастар бізден де мықты. Әр адамның қабілеті әрқалай. Ең бастысы, алдына қойған мақсатына жету үшін еңбектен бас тартпау керек. Кеше өзекті болған дүние, ертең маңызды болмауы мүмкін.

Бүгінде IT және Computer Science салалары әлемдік экономиканың қозғаушы күшіне айналып отыр. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы бұл мамандықтардың маңызын бұрынғыдан да арттырды. Сондықтан IT мен Computer Science – тек табысты кәсіптің ғана емес, елдің инновациялық дамуына үлес қосатын стратегиялық маңызды бағыт. Бұл саланы таңдаған жастар заман талабына сай білім алып қана қоймай, болашақтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.

Динара Мыңжасарқызы 

Сайт Әкімшілігі