Қоғам

Грекияға жұмыс іздеп барған қазақстандық 125 жылға бас бостандығынан айырылды

Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрхан Қадырова Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен Грекия түрмесінде жазасын өтеп жатқан ұлы Рашид Қадыровқа көмек көрсетуді сұрады.

Фото: ашық дереккөзден

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, 24 жастағы жігіт Түркиядағы жұмыс туралы Instagram желісіндегі хабарландыруға сеніп, кейін халықаралық қылмыстық схеманың құрбаны болған.

Анасының айтуынша, ұлына Түркияға ұшақ билетін сатып алып беріп, туристерді моторлы қайықпен серуендететін жұмыс ұсынылған. Алайда кейін оның заңсыз мигранттарды тасымалдау ісіне тартылғаны белгілі болған. Грекияда ұсталған Рашид Қадыров заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген айыппен 125 жылға бас бостандығынан айырылып, ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттелген.

Нұрхан Қадырова ұлының шетел тілін білмегенін, тергеу барысында оған аудармашы берілмегенін және құжаттарға мән-жайын толық түсінбей қол қойғанын алға тартты. Оның пікірінше, Рашид қылмыстық топтың ұйымдастырушысы емес, делдалдардың арбауына түскен.

Әйелдің сөзінше, отбасы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне бірнеше рет жүгінгенімен, нақты көмекке қол жеткізе алмаған. Қазіргі уақытта Рашид Қадыров іс бойынша апелляциялық сот отырысын күтіп отыр.

Сайт Әкімшілігі