Әлеумет

Грузия астанасында жойқын жарылыс болды: алты адам, оның ішінде екі бала қаза тапты

Грузия астанасында жойқын жарылыс болды: алты адам, оның ішінде екі бала қаза тапты

Фото ашық дереккөз

Грузия астанасы Тбилисиде бес қабатты тұрғын үйде болған жарылыстан алты адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында екі бала бар.

Қайғылы оқиға 19 қараша күні таңертең Тбилисидің Поничала ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, тұрғын үйдің бесінші қабатында газ жарылып, ғимараттың бір бөлігі опырылып түскен.

Грузияның ішкі істер министрі Сулхан Тамазашвилидің мәліметінше, құтқарушылар үйінді астынан алты адамның денесін алып шыққан. Қаза тапқандардың үшеуі әйел, біреуі ер адам, екеуі бала.

Жарылыстан зардап шеккен бірнеше адам ауруханаға жеткізілді. Олардың бірінің жағдайы өте ауыр екені хабарланды.

Құтқару жұмыстары барысында үш жасар қыз бала үйінді астынан тірі шығарылған. Ол бірнеше сағат бойы қираған ғимараттың астында жатқан. Дәрігерлердің мәліметінше, қыздың жағдайы тұрақты.

Жарылысқа не себеп болды?

Алдын ала болжам бойынша, жарылыс газ жылытқышын іске қосу кезінде болған.

Ішкі істер министрінің айтуынша, бесінші қабаттағы пәтер тұрғындарының бірі газ жылытқышын қоспақ болған кезде жарылыс орын алған.

Алайда оқиғаның нақты себебі тергеу барысында анықталады.

Жарылыстың салдарынан ғимараттың қабырғалары мен қабатаралық жабындары қираған. Құтқарушылар үйдің қалған бөлігі де құлап кетуі мүмкін деген қауіппен жұмыс істеген.

Тбилиси мэрі Каха Каладзенің мәліметінше, ғимараттың қауіпті деп танылған бөліктерінде тұратын 28 отбасы уақытша қонақүйлерге орналастырылады.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты тергеу басталды.

Грузия билігі қаза тапқандарды еске алу үшін 22 қарашаны аза тұту күні деп жариялады.

Сайт Әкімшілігі