Грузиядан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған және жалған медициналық бұйымдарды өткізген күдікті экстрадицияланды
Қазақстан азаматы Грузиядан елге экстрадицияланды. Ол аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады, сондай-ақ жалған медициналық бұйымдарды көп көлемде өндіріп, өткізді деген күдікке ілінген.
Тергеу барысында күдіктінің мемлекеттік медициналық ұйымдардың медициналық жабдықтарды сатып алу жөніндегі тендерлерінде басымдылыққа ие болу мақсатында отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды.
Атап айтқанда, ол нақты өндірісті ұйымдастырмай, медициналық техниканың Қазақстанда өндірілетіні туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға жалған мәліметтер ұсынған. Нәтижесінде шетелдік жинақтаушы бөлшектерден құрастырылған медициналық техника мемлекеттік медициналық ұйымдарға отандық өнім ретінде өткізіліп, мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келтірілген.
Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері Грузиядан 7 адам экстрадицияланды, олардың 5-і жымқыру үшін іздеуде болған.