Саясат

Гүлнар Бажкенованың соты: экс-журналист прокурорға қатысты айыптауға жауап берді

Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 сотында Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Фото: скриншот

Кезекті отырыста сотталушы жауап бере бастады. Ол көрінеу жалған ақпарат таратты деген айыпты толық мойындамайтынын мәлімдеді.

Айыптаудағы негізгі эпизодтардың бірі Алматы прокурорының бұрынғы орынбасары Нұрлан Ауғанбаевқа қатысты. 2024 жылғы мамырда Orda.kz сайтында оның пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы материал жарияланған. Сол күні Алматы қаласының прокуратурасы бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарған.

Сотта Бажкенова ведомствоның теріске шығару жауабын алғанына қарамастан, редакцияның неліктен материал жариялағанын түсіндірді.

«Біз қоғам үшін жұмыс істейміз. Ол туралы жаппай таратылған хабарламаның өзі – оқиға фактісі. Біз сауал жолдап, оған жауап алған кезде прокурорға қатысты осындай жаппай хабарлама тарағанының өзін көрсетуіміз керек», – деді Бажкенова.

Нұрлан Ауғанбаев сот отырысына қатысқан жоқ. Алайда бұған дейін сот оның жауабын жариялаған. Экс-прокурор жалған ақпарат өзінің ар-намысына, қадір-қасиеті мен беделіне нұқсан келтіргенін, ал редакция ресми теріске шығаруды елемегенін айтқан.

Айыптауға негіз болған сегіз материал

ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша тағылған айып редакция жариялаған сегіз материалға қатысты. Олардың арасында:

Алматы прокурорының бұрынғы орынбасары Нұрлан Ауғанбаевтың «ұсталуы» туралы;

«Қазақстан темір жолының» сатып алулары мен құрылысына қатысты «Достық – Мойынты жолы декорация болып шықты» деген материал;

«ҚазМұнайГаз» топ-менеджерлерінің құны 100 мың доллар тұратын бизнес-джетпен ұшатыны туралы;

адвокат Гүлмира Толғанбаеваның бизнес-орталығын су басуы жөніндегі материал;

қалдықтарды кәдеге жаратумен айналысатын «ECSAD» ЖШС туралы;

Жетісу облысындағы зейнетке шығарып салуға арналған салтанатты шара туралы;

Қарағандыдағы Ленин атындағы кинотеатр туралы;

Алмас Омархановқа қатысты қылмыстық іс жөніндегі материал бар.

Бажкеноваға тағы қандай айып тағылған?

Жалған ақпарат тарату бабынан бөлек, бұрынғы медиаменеджерге Қылмыстық кодекстің тағы екі бабы бойынша айып тағылған:

214-бап – «Заңсыз кәсіпкерлік»;

189-бап – «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету, аса ірі мөлшерде».

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстық іс азаматтар мен компания өкілдерінің арыздары негізінде қозғалған. Іс бойынша 11 адам мен ұйым жәбірленуші ретінде танылған. Олардың қатарында «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниялары және «OrdaMedia.kz» ЖШС директоры Мақсат Ғаниев бар.

Гүлнар Бажкенова 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бері үйқамақта отыр. Сотта оның мүддесін мемлекет тағайындаған адвокат қорғап жатыр. Бажкенованың айтуынша, бұған дейін бес жеке адвокат оны қорғаудан бас тартқан.

Сайт Әкімшілігі