Халық кеңесін құру үшін бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінеді
Бұл қаражат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын іске асыруға арналған 470 млрд теңгелік резервтен бөлінеді.Бұл туралы Құрылтай отырысында Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлімдеді.
Қазір Парламентте 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланып жатыр.
Вице-министрдің айтуынша, бюджетті әзірлеу кезінде мемлекеттік органдардың бастапқы өтінімдері қайта қаралған. Мәселен, 2027 жылға мемлекеттік органдар жалпы 36,9 трлн теңге сұраған. Алайда талқылау мен нақтылаудан кейін шығыстар көлемі 30,2 трлн теңге болып бекітілген.
Осылайша, жалпы сомасы шамамен 6,7 трлн теңге болатын ұсыныстар бюджет жобасына енгізілмеген.