«Халық үні» бақылаушылар тобы Құрылтай сайлауын қадағалайды
Елдегі су жаңа заң шыраушы орган – Құрылтайдың алғашқы сайлауы жақындап келеді. Саяси науқан 23 тамызға белгіленген. Сайлауға қатысатын партиялар кандидаттар тізімін ұсынып, оны Орталық сайлау комиссиясы тіркеп үлгерді. 23 шілдеде сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталған.
Айта кетейік, жаңа Парламент бұрынғыдай екі палаталы емес, бір палаталы болады. Құрылтай құрамына 145 депутат кіреді, олар 5 жыл мерзімге сайланады. Шілденің басында күшіне енген жаңа Конституцияға сай, Құрылтай депутаттары партиялық тізіммен ғана сайланады. Ешкім өзін-өзі ұсына алмайды. Депутат атанғысы келген азамат партияға мүше болуы шарт.
Қазір елде ресми тіркелген 7 партия бар – «Ауыл», «Ақ жол», Respublica, «Қазақстан халық партиясы», ЖСДП, «Байтақ» және су жаңа «Әділет». «Әділет» ұзақ жыл билік партиясы болған «Аманатты» қосып алып, оның барлық ресурсына қол жеткізгенін білеміз. Тіпті «Әділеттің» кандидаттар тізімінде «экс-аманаттықтар» аз емес.
Құрылтай сайлауына 7 партия 546 кандидат ұсынып отыр. Олар жалпы 145 орынға таласатынын айттық. Сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізуге Үкімет резервінен 34,3 млрд теңге бөлінеді. Біздің елде сайлаудың болғанынан боладысы қызық. Биылғы сайлау да дәл солай болары анық. Партиялар үгіт-насихат жұмысына кірісіп кетті. Сайлауды бақылаушы институттар мен ұйымдар да іске кірісті.
28 шілде күні Алматыда «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар ұйымы баспасөз конференциясын өткізіп, алдағы сайлау процесін бақылайтынын мәлімдеді. «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының құрамында саясаттанушы Дос Көшім, журналист Ермұрат Бапи, жазушы әрі қоғам қайраткері Бекнұр Кисиков, саясаттанушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай, саясаттанушы Нұрболат Нышанбай, журналист Нұргелді Әбдіғани бар.
Баспасөз конференциясы барысында тәуелсіз бақылаушылардың сайлау нәтижесіне ықпалы, олардың нақты қандай жұмыс атқаратыны және азаматтық бақылаудың не үшін қажет екені сөз болды.
«Біздің миссиямыз қандай да бір саяси партияны немесе кандидатты қолдау емес. Біздің міндетіміз – әрбір дауыстың заңға сәйкес саналуына, сайлаудың ашық та әділ өтуіне және сайлау процесіне қатысушылардың барлығы тең жағдайда болуына ықпал ету», - дейді топ мүшелері.
«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы дауыс беру күні сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін тәуелсіз бақылаушыларды іріктеуге және оқытуға кірісіп кетті.
Дос Көшім, саясаткер:
– Өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, алғашқы бақылау жұмыстары жүргізілген кезде тәуелсіз бақылаушылардың өзінде 2400-ге жуық бақылаушы жұмыс істеді. Сол кезеңнен бері бақылаушылардың жұмысы да, сайлау процесіне қатысты талаптар да біртіндеп өзгеріп келеді.
Бақылаушыларға арналған құқықтар мен мүмкіндіктерді кеңейту бағытында да жұмыс істедік. Мысалы, бақылаушының фото және видео түсіруіне, аудио жазба жүргізуіне мүмкіндік беретін нормалар енгізілді. Үйде дауыс беру кезінде де бақылаушының қатысуы қажет деген талап қалыптасты.
Қысқасы, мұның бәрі бірден өзгерген жоқ.
Жыл сайын ұсыныстар беріп, оларды дәлелдеп, сайлау процесіне өзгерістер енгізуге мүмкіндік жасап келеміз.
Шынын айту керек, егер бақылаушылар болмаса, сайлау учаскесінің ішінде отырған адамдар өз ойларына келгенін істеуі мүмкін. Сондықтан кәсіби әрі дайындалған бақылаушылардың болуы өте маңызды.
Мен Америкада, Израильде және басқа да көптеген елдерде халықаралық бақылаушы ретінде жұмыс істедім. Кейбір мемлекеттерде бақылаушылар мүлде жоқ немесе оларды сайлау процесіне шақырмайды. Ал Қазақстанда азаматтық қоғам өкілдерінің бақылауына мүмкіндік беріліп отыр. Себебі азаматтық қоғам бақылау жасамаса, сайлау учаскелеріндегі процестердің қалай өтетінін кім қадағалайды деген сұрақ туындайды.
Бақылаушылардың жұмысы сайлау процесіне біртіндеп өзгерістер енгізуге мүмкіндік беріп келеді. Мысалы, соңғы сайлаулардың өзінде бюллетеньді суретке түсіруге қатысты талаптар күшейтілді.
Ал журналист Ермұрат Бапидің айтуынша, тәуелсіз бақылаудың мәні тек сайлау нәтижесіне ықпал етумен өлшенбеуі керек. Оның басты құндылығы – азаматтардың саяси процеске араласуы мен қоғамда бақылау мәдениетінің қалыптасуында.
Ермұрат Бапи, журналист:
– Түпкілікті нәтижеге бақылаушы әсер етпейді. Бақылаушы нәтижеге жететін жолды, процестің тазалығын бақылайды. Нәтижеге жеткізетін дауыс беру, бюллетень салу процесінің тазалығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Ал нәтиже, әрине, урнаға таза түскен бюллетеньдердің қорытындысы болуы керек.
Сайлауды бақылау арқылы біз сайлау заңын жақсартуға, сайлаудың әділ өтуіне міндетті түрде әсер ете аламыз. Осыны ұмытпауымыз керек. Себебі бақылаушылардың жылдар бойы айтып келе жатқан ұсыныстарының өзі сайлау процесіне біртіндеп өзгерістер енгізуге ықпал етеді.
Бақылаушылық мәселесі өте маңызды. Дос Көшім өз сөзінде айтқандай, бақылаушылық мектебінен өткен азамат ертеңгі күні қоғамның саналы, белсенді тобына айнала алады.
Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:
– Бақылаушылардың жұмысы тек сайлау күнімен шектелмейді. Біз өз тәжірибемізге сүйене отырып, бақылау барысында анықталған мәселелерді айтып, сайлау процесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарымызды береміз. Жыл сайын осындай жұмыстардың нәтижесінде сайлау өткізу тәртібіне белгілі бір өзгерістер енгізіліп келеді. Сондықтан тәуелсіз бақылаудың маңызы – сайлаудың қалай өтіп жатқанын ғана көру емес, кейінгі өзгерістерге де ықпал етуінде.
Осылайша, спикерлердің пікірінше, тәуелсіз бақылаушы сайлаудың қорытындысын белгілейтін тарап емес. Оның міндеті – дауыс беру барысындағы заңдылықты, ашықтықты және бюллетеньдердің есептелу процесін бақылау. Ал бұл жұмыстың нәтижесі бір күнде көрінбеуі мүмкін. Дегенмен жылдар бойы жасалған бақылау мен ұсыныстар сайлау мәдениетінің қалыптасуына және сайлау процесінің біртіндеп жетілуіне ықпал етіп келеді.
Алдағы Құрылтай сайлауында тәуелсіз бақылаушылардың жұмысы да осы бағытта жалғаспақ. Ұйым өкілдері еліміздің бірнеше қаласында кәсіби бақылаушылар жұмыс істеп, сайлау процесінің өту барысын бақылауға ниетті екенін мәлімдеді.