Оқиғалар

"Халықтық құрылыстың" қайтарымы бар ма?

Бір ауданның тіршілігі кейде жалғыз жолға қарап қалады. Жол нашар болса, шаруаның өнімі нарыққа кеш жетеді, тасымал қымбаттайды. Электр қуаты жетпесе, жаңа кәсіпорын ашу қиын.

Фото: из открытых источников

Елдің өркендеуін оның жолы мен жарығынан, суы мен жылуынан да тануға болатыны сондықтан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында "Халықтық құрылыс" бастамасын ұсынды. Инфрақұрылымды жаңартуға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. Жолдар, электр стансалары, су мен жылу желілері, әлеуметтік нысандар салынып, жаңартылады. Мұндай ауқымды бастаманың қайтарымы қандай болмақ? Әлемдік тәжірибе оның жауабын құрылыс көлемінен әрі іздеу керектігін көрсетеді.

Көбейткіш немесе мультипликативтік әсер

Құрылыс басталғанда мердігермен бірге цемент зауыты, металл өңдеуші, жүк тасушы да тапсырыс алады. Жұмысшының жалақысы жергілікті сауда мен қызмет көрсетуге жан бітіреді. Экономикада мұны көбейткіш немесе мультипликативтік әсер деп атайды. Бастапқы шығын өзге салалардың табысына ұласады.

Ал құрылыс біткеннен кейінгі пайда әлдеқайда ұзаққа созылуы мүмкін. Жөнделген жол жеткізу уақытын қысқартады, сенімді электр желісі өндірістің тоқтап қалуынан сақтайды. Кәсіпорынның шығыны азайып, өнімін көбейтуге мүмкіндігі туады. Халықаралық валюта қоры инфрақұрылымның бүгінгі сұранысты ұлғайтып, ертеңгі өндірістің қуатын арттыратынын осылай түсіндіреді.

Дүниежүзілік банктің 2024 жылғы есебі де осыны қуаттайды. Бюджетінің мүмкіндігі жеткілікті, қаржысын ұқыпты жұмсайтын дамушы елдерде мемлекеттік инвестицияны жалпы ішкі өнімнің бір пайызына тең көлемде ұлғайту бес жыл ішінде нақты жалпы ішкі өнімді 1,6 пайызға дейін арттыра алады. Әрине, мұны Қазақстанға дайын болжам деп алуға болмайды. Дегенмен ақшаның қайтарымы оны қалай жұмсағанымызға байланысты екені анық.

Суы мен электрі жеткілікті, жолы қолайлы жерде цех немесе қойма ашу да оңайырақ. Бірақ кәсіпкер желіге қосылу үшін айлап сабылса, жаңа құрылыстың пайдасы кемиді. Демек, нысан салумен бірге оны пайдалануға кедергі келтіретін рәсімдерді де реттеу қажет.

Әлемдік тәжірибе не дейді?

АҚШ-та 1933 жылы қолға алынған Теннесси аңғарын дамыту бағдарламасы соның бір мысалы. Су электр стансалары мен жолдар ауыл шаруашылығы басым өңірге өнеркәсіптің келуіне жағдай жасады. Экономистер Патрик Клайн мен Энрико Мореттидің зерттеуінше, мемлекет қолдауы қысқарғаннан кейін де өнеркәсіптегі жұмыс орындары көбейе берген.

Оңтүстік Кореяда 2001 жылы ашылған Батыс жағалау автомагистралі жаңа кәсіпорындарды тартқан. Корея даму институтының талдауы кәсіпорынның орналасуына жолдан бөлек жердің бағасы мен маңайдағы өндірістер де әсер ететінін көрсеткен. Яғни кәсіпорынға жол жеткізу мен сол маңдағы шаруашылықты дамыту қатар жүргенде нәтиже толыға түседі.

Үндістан тәжірибесі асығыстықтан сақтандырады. Сэм Ашер мен Пол Новосадтың 2020 жылғы зерттеуінде ауыл жолдары ашылғаннан кейінгі төрт жылда жұмысшылардың ауыл шаруашылығынан өзге салаларға ауысқаны байқалған. Бірақ ауылдағы табыс пен мүлікте, ауыл шаруашылығының нәтижесінде ірі өзгеріс болмаған.

Бұл мысалдардан шығатын сабақ ортақ. Жол салынған соң оның бойында қандай кәсіп өркендейтінін де ойлау керек. Шаруаға өнімін сақтайтын қойма, оны өткізетін нарық қажет. Кәсіпорынға маман мен қаржы керек. Осылар бірін-бірі толықтырғанда құрылыс ел экономикасына тың өріс ашады.

Үлкен жолдың игілігі ауылға жетуі керек

Қазақстан үшін халықаралық тасымалдың мүмкіндігі мол. Дүниежүзілік банктің 2026 жылғы Транскаспий дәлізі туралы есебіне сүйенсек, дәлізді жаңартып, тасымалды үйлестіруге салынған инвестициялар 2040 жылға қарай зерттеу қамтыған тоғыз елдің жиынтық жалпы ішкі өнімін 3,3 пайызға арттырып, екі миллион қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік беруі ықтимал. Бұл қажетті шаралар орындалғанда бүкіл өңірге ортақ күтілетін нәтиже.

Осы дәліз арқылы отандық кәсіпорындардың өнімін де жаңа нарықтарға шығаруға болады. Магистральға жергілікті жол жалғанып, жүк тораптарының жанында қойма, жөндеу және өңдеу орындары ашылса, үлкен дәліздің игілігі аудан мен ауылға да жетеді. Ал шекарадағы ұзақ кідіріс пен қағазбастылық жолда ұтқан уақытты жоғалтуы мүмкін. Сондықтан тасымалдың бүкіл бағыты бойынша жұмыс үйлескені маңызды.

Әлеуметтік құрылыстың да экономикалық салмағы бар. Жақыннан ем алған отбасының жол шығыны азаяды. Балабақшаға орын табылса, ата-ананың жұмысқа шығуына жол ашылады. Сапалы білім кейін білікті еңбекке ұласады. Инфрақұрылым мен білімге қатар қаржы жұмсаудың пайдасын Халықаралық валюта қорының 2025 жылғы талдауы да көрсетеді.

Сондықтан мектептің мұғалімі, емхананың дәрігері мен жабдығы құрылыс басталғанда-ақ ойластырылуы қажет. Ал шағын ауылдағы емхананың пайдасын келушілер санымен ғана өлшеу жеткіліксіз. Адамның дер кезінде көмек алуының өзі қоғам үшін үлкен игілік.

Әр теңгенің сұрауы бар

Ауқымды құрылысқа қажет материал мен маман жетіспесе, мол қаржының бір бөлігі қымбатшылыққа жұтылуы мүмкін. Ұлттық банк те 2026 жылғы бағалауында мемлекет шығынының көбеюі бағаның өсуін үдетуі мүмкін екенін атап өткен. Сондықтан жұмыстың қарқыны елдегі өндіріс пен маман даярлау мүмкіндігіне сай болғаны жөн.

Тапсырысты отандық өндіріспен байланыстыру да маңызды. Алдағы сұранысты білген құбыр, кабель, құрылыс материалы өндіруші кәсіпорын қуатын кеңейтуге батылырақ барады. Ол үшін шарттар түсінікті болып, орындалған жұмыстың ақысы кешікпеуі керек. Сонда шикізаттан жиналған қаржы ел ішінде жаңа өндіріс пен білікті еңбекке сұраныс туғызады.

Кей жерде жаңасын салғаннан қолданыстағы нысанды жөндеген ұтымды болуы мүмкін. Салынған нысанды күтіп ұстау шығыны да алдын ала есептелуге тиіс. Дүниежүзілік банк мұндай шығынды бюджетте ескеру нысанның қызмет мерзімін ұзартатынын айтады.

Апатқа төтеп беретін берік құрылыс кейінгі шығынды азайтады. Дүниежүзілік банк пен серіктес ұйымының 2019 жылғы Lifelines есебінде табысы төмен және орташа деңгейдегі елдерде инфрақұрылымды табиғи апаттардан қорғауға жұмсалған әр доллар орта есеппен төрт доллар пайда әкелуі мүмкін деп бағаланған. Бұл апат залалын және жол мен желілердің жұмысы тоқтағаннан келетін шығынды азайтудың пайдасы. Бізде де нысан салғанда тасқын мен аязды, су тапшылығын ескеру маңызды.

Ұлттық қордың қаржысын жұмсау қазіргі мұқтаж бен келер ұрпақтың мүддесін қатар таразылауды талап етеді. Жолдаудағы "Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет" деген талаптың да салмағы осында.

Сол қайтарым жұртқа түсінікті болуы керек. Жол жөнделсе, сапардың қаншаға қысқарғаны, желі жаңарса, жарықтың қаншалықты сирек сөнетіні белгілі болсын. Жобаның құны мен мердігері, жұмыстың мерзімі де ашық көрсетілгені жөн. Тұрғынның пікірін ескеру құрылысты шын мәнінде халықтың қажетіне бағыттайды.

"Халықтық құрылыс" елге осындай күнделікті өзгерістер әкелгенде баянды болмақ. Ел байлығы адамның еңбегін жеңілдетіп, табысын молайтқан сайын ортақ дәулетке айнала түседі.

Сайт Әкімшілігі