Қоғам

Хаменеймен қоштасу рәсіміне кімдер қатысты?

Таяу Шығыста болып жатқан оқиғалар халықаралық қауымдастықтың назарын Иранға қайта аударды. 2026 жылы 3 шілде күні Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеймен қоштасуға арналған аза тұту рәсімі өтті. Осы рәсімге Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев қатысты.

Фото: Reuters

Әли Хаменей ақпан айының аяғында Израиль мен АҚШ-тың Иран аумағына бірлескен әуе шабуылдары нәтижесінде қаза тапқан. Иран билігінің хабарлауынша, алғашқы ресми еске алу рәсіміне 30-дан аса мемлекеттен делегация келген. Ал кейінгі көпкүндік аза тұту рәсіміне 70-тен асамемлекеттің өкілдері қатысты.

Қазақстан сыртқы істер министрінен бөлек бұл рәсімде Түрікменстан көшбасшысы, Ирак, Тәжікстан және Грузияның президенттері, Пәкістан мен Арменияның премьер-министрлері. Әзербайжан, Оман, Катар, Ирак, Өзбекстан, Қырғызстан, Бангладеш және МысырдыңПарламент спикерлері, сондай-ақ Никарагуа мен Конгоның сыртқы істер министрлері, Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары төбе көрсетті.

Ермек Көшербаев Қазақстан халқы мен мемлекет басшысының атынан Иран халқына және басшылығына қайғылы оқиғаларға байланысты көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Сапар барысында Қазақстан делегациясын Иран президенті Масуд Пезешкиан қабылдады. Сондай-ақ Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен келіссөз өтті. Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту жолдары талқыланды.

Қазақстан сыртқы саясатта бейбітшілік, өзара құрмет және сындарлы диалог қағидаттарын басшылыққа алып келе жатқанын білеміз. Сол қатарда Астана Иранға қатысты достық, тату көршілік және өзара тиімді әріптестік саясатын ұстанады. Бұл ұстаным қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ерекше маңызға ие. Қазақстан өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Иранның маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, барлық даулы мәселелерді дипломатиялық жолмен шешуді қолдайтынын тағы бір мәрте көрсетті.

Осы тұрғыда қазақстандық тарап Иран мен АҚШ арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясындағы уағдаластықтардың маңызын ерекше атап өтті. Бұл Қазақстанның халықаралық қатынастарда диалог пен келіссөз мәдениетін қолдайтын көпвекторлы сыртқы саясатының жалғасы саналады.

Келіссөз барысында экономикалық ынтымақтастық мәселелері де сөз болды. Әсіресе қос тарап Бендер-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портында Қазақстанның көлік-логистикалық терминалын салу жобасына ерекше назар аударды. Биыл маусым айының аяғында осы жоба үшін жер учаскесін беру туралы келісім жасалды. Бұл бастама Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттыру және экспорттық бағыттарын әртараптандыру жөніндегі стратегиялық міндеттеріне толық сәйкес келеді.

Мұндай инфрақұрылымдық жобалар екі мемлекет арасындағы сауда байланыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 26,4 пайызға өсіп, 430,2 млн АҚШ долларына жетті. Бұл екіжақты экономикалық байланыстардың тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.

Қазақстанның Ирандағы соңғы оқиғаларға қатысты ұстанымы еліміздің сыртқы саясаттағы басты қағидасынан таймағанын аңғартады. Қазақстан қандай жағдайда да мемлекеттердің егемендігін құрметтеуді, халықаралық құқық нормаларын сақтауды, өңірлік тұрақтылықты нығайтуды және барлық мәселені бейбіт келіссөз арқылы шешуді қолдайды.

Иранға жасалған бұл сапар көңіл айту рәсіміне қатысумен ғана шектелген жоқ. Ол Қазақстанның гуманитарлық жауапкершілігін, көпвекторлы сыртқы саясатының сабақтастығын және өңірлік қауіпсіздік пен экономикалық серіктестікті нығайтуға бағытталған нақты ұстанымын тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Қуан Өмірхан

Сайт Әкімшілігі