Саясат

Хаос қайдан келеді?

Сурковтың «Хаос қайда кетті?» мақаласына жауап

Jasalash.kz

Бір нәрсені мойындауымыз керек: бұған дейін царизм, ленинизм, сталинизм, «дамыған социализм», «қайта құру» және ельцинизм дәуірлерін бастан кешкен көрші Ресей XXI ғасырдың басынан «путинизм» атты жаңа идеологиялық тұғырнаманы басшылыққа алды. Кез келген идеялық бағдарлама (біз сөз еткелі тұрған жағдайды алсақ, тұтас мемлекеттік саясат) өзін теориялық тұрғыдан негіздеуді, оны ауық-ауық жаңалап отыруды талап етеді. Әрине, путинизмнің ең басты идеологі – Путиннің өзі. Бірақ та оның президенттік мәртебесі кейбір теориялық жайттарды, әртүрлі концепциялардың кедір-бұдырына, ұңғыл-шұңғылына тоқтала беруге мүмкіндік бермейді.

Осындайда Кремль маңайындағы идеологтар сөз алады. Соның бір мысалы – өткен апта аяғында «Актуальные комментарий» атты сараптама сайтында жарық көрген президенттің бұрынғы көмекшісі Сурковтың «Куда делся хаос? Распаковка стабильности» мақаласы. Алдымен айтарым, Сурков – Путин әкімшілігінде қызметте жүргенде «жоғарыдан реттелетін демократия» («управляемая демократия») концепциясын ұсынып, оны орнықтырумен, соның ішінде саяси оппозицияның түбіне жетумен есте қалған идеолог шенеунік.

Енді, міне, 20 жылдан соң сол тұғырнаманы өзгермелі заман талаптарына сәйкестендірмек оймен толықтырып отыр. Және ол бастамалары о бастағы «управляемая демократия» тұғырнамасын дамыту, уақыт райына ыңғайластыру сияқты. Мақаладағы үш басты нәрсеге тоқталайын.

Біріншіден, Путин билікте отырған 20 жыл «алтын ғасыр» деп аталып, осы уақытта атқарылған тірлікке оң баға беріледі. «Вертикаль, тәртіп және скрептер» болмағанда, елді «хаос» жаулайды екен. Олай болмапты. Столыпинге бұйырмаған тұрақтылыққа Путин қол жеткізіпті. Сурковтың дәл осы тұжырымы «30 жыл тәуелсіздігімізде тек қана жеңістер мен жетістіктерге жеттік» деп, бөркін аспанға лақтыруға әуес біздің билікшіл сарапшылардың алақайын еске салады. Яғни өткен кезеңге деген титтей болса да, сыни көзқарас жоқ. Ал сын түзелмей, мін түзелмейтіні анық.

«Тәртіп», «тұрақтылық» секілді түсініктерді «демократия», «бостандық» деген ұғымдарға қарсы қою – постсоветтік елдердегі режимдердің ортақ сырқаты. Және де алғашқы екі постулат жалпы қоғамға емес, биліктен қол үзгісі келмейтін жеке тұлғаның мақсат-мүддесіне ғана жұмыс істейтінін қайтерсің… Нәтижесінде кейінгі екі постулат құрбандыққа шалынып кетеді (кетті де!). Сурков та осы әдетінен айнымай, ойын тереңдете түсіпті, тіпті айта-айта келе, мемлекет пен қоғамды қарсы қоюға дейін барыпты. Оның пайымдауынша, кез келген қоғамның өне бойынан шыққан кез келген жанды бастамалар хаосқа алып келеді екен. Сондықтан да «қатты әсер ететін» («сильнодействующее государство») мемлекеттік аппарат қажет екен. Сөз жоқ, мемлекеттің мықты болғаны дұрыс, бірақ, біздің ойымызша, оның халықтық ой-пікірге, ерік-жігерге де құлақ асқаны жөн. Әйтпесе хаостың көкесі сонда болмақ.

Екіншіден, осы ойын негіздей келіп, автор заманауи «қауіптерді» де атайды. Оның ең бастысы – интернет екен. Және де оны ойлап тапқан –  Пентагон, ал ешбір әскери мекеме адам құқы мен бостандығын ойламайды, сондықтан да интернет – жауыздық («зло») екен.

Иә, адамның өз бостандығы сөз бостандығынан басталады. Автократиялық режимдердің де интернет пен әлеуметтік желілерге жаппай жаны қас болуының бір себебі сол – онда шенеунік цензура жасай алмайды. Онда билікке жақпайтын сын мен балама ұсыныстар жазылады. Онда жемқорлыққа белшесінен батқан шенеуніктер туралы ақпарат қаз-қалпында беріледі. Сондықтан да интернетті тізгіндеудің амалдарын ойлап тауып, желіні емес, адамдардың ақпарат алу құқын бұғаттап жатады.

Жә, «мұның бәрі Ресейдің өз таңдауы» деп, тақырыпты жылы жауып қоюға болар еді. Бірақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады», бір Одақта қоян-қолтық араласқан режимдер бір-бірінен қайсыбір жақсы үрдісті үйренеді дейсің. Және де өздерінде қалыптасқан режимді сақтап қалу, оны одан сайын нығайтудың жолдарын сөз еткенде автор Ресейді қоршаған әлем туралы ойын да бүкпесіз жеткізеді. Алдымен либералдық құндылықтарды таратушы деп айыптап, АҚШ пен батыс өркениетіне, олардың өмір сүру салты мен дәстүріне қырғидай тиіседі. Сырттан жау іздеп, бар кінәні соған артып қою – өз халқын жарылқауға жарамай, саяси банкротқа ұшыраған кез келген биліктің саяси-экономикалық алибиі емес пе?!

Содан кейін автор Кремльдің сыртқы саясаттағы бұған дейін жұрттан жасырып келген «көзірін» ашып береді. Оның айтуынша, «Имперские технологии эффективны и сегодня, когда империи переименованы в сверхдержавы. Крымский консенсус – яркий пример консолидации общества за счет хаотизации соседней страны».

Мәссаған, безгелдек! Көрдіңіз бе, Украинадағы революциялық ахуалды пайдаланып, Қырымды аннексиялап, өзіне қосып алғанын Ресей саяси истеблэшментінің көрнекті өкілі ашықтан-ашық мойындап отыр. «Бізге де сондай қауіп төніп тұр» деп, эволюциялық өзгерістерді қолдасаң, кейбір қызуқанды революционерлер соны ұқпайтынын қайтерсің. Мұнысы аз болғандай, былай деп көсіледі пәтшағар: «А пока что мир наслаждается своей многополярностью, парадом постсоветских национализмов и суверенитетов. Но в следующем историческом цикле… Россия получит свою долю в новом всемирном собирании земель (вернее, пространств)…»

Кешегі совет республикалары – бүгінгі тәуелсіз мемлекеттерге деген неткен мұрнын шүйірген метрополиялық менсінбеушілік десеңізші. Сол елдердегі ұлттық ой-сананың, намыстың қайта өрлеуі өздерінің неоимпериялық блицкригтеріне кедергі болатынын сезінуден туған шарасыздық пен тұрпайы көреалмаушылық. «Ресейдің жер-аумақты өз маңайына жинауы» дегеннің астарында не жатқаны айтпаса да түсінікті.

Мұның алдында Ресей сыртқы істер министрі Лавров та «Қазақстанда ксенофобия бар» деп мақала жазып, бір сес көрсетіп қойғанын ескерсек, мұның бәрі кездейсоқ жайт емес, алдын ала ойластырылған терең стратегиясы бар операция деуге де болатын шығар. Күмәнді ғылыми, қауіпті саяси тезистерге, қала берді, шала бүлінген автордың шатпақтарына толы осы арандатушы мақаладан не туындайды?

Біріншіден, «көршілік тату-тәтті тірлік пен достық» туралы жария мәлімдемелердің артында дәл осындай пасық ойлы теориясымақтар тұрады. Оны ұмытпауымыз керек. Екіншіден, әрбір мемлекет өз мүддесін қорғап, өз ұпайын түгендеуге бағытталған әлемдік жаңа геосаяси ахуалда біз өзіміздің ұлттық концепциямызды анықтап алуымыз керек. Тәуелсіздік идеясын теориялық жағынан негіздеу қажет. Ол болса 30 жылдыққа арналған ресми, даңғаза, өткен күнге сыншыл көзқарастан ада іс-шаралардан тұрмайды. Алдымен оған ғалымдар атсалысып, өкіметке тиісті ілімдік база дайындап бергені абзал. Өз мүддемізді қорғауда, арандатуларға жол бермеуде әртүрлі технологияларды пайдаланған да әбестік болмас. Мәселен, бейнелеп айтсақ, біздің өзіміздің Сурковтарымыз бен Жириновскийлеріміз болуы шарт. Қитұрқылығы қарадай, геосаяси идеологиялық бәсекенің бір талабы да сол. Сонда басқалардан жеңілмейміз. Ғалымдар мен сарапшылар әзірлеп берген сол теорияны қоғамдағы, биліктегі нақты күштер жүзеге асыруы тиіс. Әйтпесе осындай арам да пасық неоимпериялық ниеттердің жемі болып қалуымыз әбден ықтимал.

  

Әміржан Қосан
Тегтер: Без Тега