Қоғам

«Хайптың» ақыры: Стримерлер мен блогерлер неге жауапқа тартылып жатыр?

Әлеуметтік желіде «хайп» қуып, «донат» үшін заң мен әдеп шекарасынан аттаған стримерлерге қатысты бақылау күшейді. Бірі қамауға алынса, енді бірі ірі көлемде айыппұл арқалап жатыр. Енді құқық қорғау органдары «кішігірім блогерлердің» парақшасын жіті қадағалап, мәдениетсіздік танытқандарды жауапқа тартатын болады.

Фото: Жас Алаш (ЖИ)

Осылайша құзырлы органдар желіні «арын сатса да, ақша тапқысы келетіндерден» тазалауға көшті. Әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, балағат сөз айту, көрермен жинау үшін адам өміріне қауіпті «пранк» ұйымдастыру немесе көлік тізгінінде отырып контент түсіру бұрынғыдай жауапсыз қалмайды. Мұндай әрекеттер енді тек әлеуметтік желідегі контент емес, заң аясында қаралатын құқық бұзушылық ретінде бағаланады. Ішкі істер министрлігі жүргізген мониторинг нәтижесінде ел бойынша осындай 20-дан астам әлеуметтік желі қолданушысы жауапқа тартылған. Бұл «хайп» қуамын деп, айып арқалағандардың бір бөлігі ғана. Өйткені тексерістен кейін күн сайын бірнеше блогердің заң бұзғаны анықталып жатыр. Ішкі істер министрлігінің айтуынша, кейбір блогерлер мен стримерлер қаралым санын арттыру, жазылушыларды көбейту немесе «донат» жинау мақсатында әдепсіз сөздер айтып, агрессияны насихаттайтын әрекеттерге барады. Тіпті қоғамдық орындарда шу шығарып, қауіпті әрекеттер жасап, эфир жүргізетіндер де жиілеген. Сол себепті құзырлы органдар мұндай әрекеттерімен құқық бұзғандардың атын атап, түсін түстеуге көшті.

Жауапкершілікке тартылғандардың қатарында Шымкент қаласының 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев та бар. Ол TikTok платформасындағы тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Осындай жағдай Павлодарда да тіркелді. 26 жастағы Аслан Амантаев көлік жүргізіп келе жатып тікелей эфирге шыққан. Сонымен қатар қауіпсіздік белдігін тақпаған және эфир барысында балағат сөздер айтқан. Сот оның әрекетін бірнеше құқық бұзушылық ретінде бағалап, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Талдықорғанда тұратын Гүлмира Қасенова да әлеуметтік желідегі эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол бұған дейін де дәл осындай құқық бұзушылық жасаған. Осыны ескерген сот оған әкімшілік айыппұл салған. Ал Түркістан қаласының тұрғыны Баян Шанкеева TikTok-та «bayan_kyz», «fatima.sh0000» және «fatima_s003» аккаунттары арқылы тікелей эфир жүргізіп, бейәдеп сөздер айтып, агрессия көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. Ең сорақысы, осыдан біраз уақыт бұрын екі шетелдік стример тікелей эфир барысында қазақ қыздарын қорлайтын сөздер айтып, ол видеосы әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырып, кейін полиция оларды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алған. Аталған оқиға әлеуметтік желі қолданушылары мен блогерлер арасында да қызу талқыланды. Бірі құқық қорғау органдарының әрекетін қолдаса, енді бірі бұл жағдайды қылмыстық жауапкершілікке жеткізетін іс емес деген пікір білдірді.

Ішкі істер министрлігі бұл шаралардың мақсаты блогерлердің немесе әлеуметтік желі қолданушыларының құқығын шектеу емес екенін атап өтті. Негізгі міндет – қоғамдық тәртіпті сақтау және ғаламтор беттеріндегі құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу. Интернетте жарияланған кез келген әрекет немесе айтылған сөз қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірсе немесе заң талаптарын бұзса, оған құқықтық баға беріледі. Ведомство өкілдері заң талаптары көшеде болсын, экранның ар жағында болсын бірдей күшке ие екенін атап өтті.

Қазір әлеуметтік желіні миллиондаған адам пайдаланады. Жасы да, жасамысы да әлеуметтік желіге байланған. Желідегі әрбір контент кең көлемді аудиторияға бір мезетте тарап үлгереді. Әсіресе TikTok сияқты платформаларда жүргізілетін тікелей эфирлерді еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін еш кедергісіз көре алады. Әлеуметтік желінің ықпалы артқан сайын инфлюенсерлердің де жауапкершілігі күшейеді. Ал агрессияны, дөрекі сөздерді немесе қауіпті әрекеттерді қалыпты құбылыс ретінде көрсету қоғамға кері әсерін тигізуі мүмкін. Соңғы жылдары әлеуметтік желіде жанжал мен даудың табыс көзіне айналғаны байқалады. Кейбір контент авторлары көрерменнің назарын аудару үшін әдейі дау шығарып, бір-бірін қорлап немесе заң талаптарын бұзатын әрекеттерге барып жатады. Мұндай эфирлер көп қаралым жинап, жарнама мен донат арқылы табыс әкелетіндіктен, кейбір стримерлер үшін бұл қалыпты тәжірибеге айналған. Блогер болу, стрим жүргізіп көпшілік алдына шығу – жай ғана әлеуметтік желіде өзін көрсетіп, ақша табу құралы емес. Бүгінде бұл бағыт миллиондаған адамның пікіріне әсер ететін кәсіпке айналып бара жатыр.

Медиасарапшы Ғалия Әженованың айтуынша, Конституция мен заң алдында кез келген азамат тең, сондықтан әр адам өз сөзі мен іс-әрекеті үшін жауап береді.

«Әр адам айтқан сөзіне де, жасаған әрекетіне, тіпті іс-қимылына да жауап береді. Журналистер, әсіресе кәсіби мамандар, заң талаптарын және журналистік этиканы жақсы біледі. Тіпті журналистика саласының дипломы болмаса да, бұл салада еңбек етіп жүрген адамдар заң шеңберінен шықпау керектігін түсінеді. Себебі біреудің құқығын қорғауды талап ететін адам алдымен өзі өзгенің құқығын бұзбауы тиіс», – дейді Ғ.Әженова.

Сарапшының айтуынша, бүгінде өзін блогер ретінде таныстыратындардың қатары көбейген.

«Қазір блогерлер көбейді. Бірақ олардың бәрін біржақты қаралауға болмайды. Шын мәнінде қоғамға пайдасын тигізіп жүрген блогерлер де бар. Олар дайындалып жатқан қылмыстар туралы хабарлап, құқық қорғау органдарына мәлімет береді немесе денсаулық сақтау, әлеуметтік саладағы заң бұзушылықтарды көтеріп, қоғам назарын маңызды мәселелерге аударады. Алайда қоғамға зияны тиіп жүргендері де аз емес. Олар дәлелсіз айып тағып, адамдарға жала жабады, ар-намысына тиеді, эфирде отырып балағат сөздер айтады. Өзгені балағаттау бізде Қылмыстық кодекстің 130-бабымен қаралады. Мұндай әрекеттердің барлығы заңмен реттелген. Қазақстан заңнамасында қорлау, жала жабу және басқа да құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылған», – дейді Ғалия Әженова.

Медиасарапшының сөзінше, кейбір адамдар әлеуметтік желідегі танымалдылықты мақсат етіп, оның салдарын ескермейді. Ал құқықтық және азаматтық мәдениеті жоғары адам қаралым немесе танымалдық үшін заң мен әдептен аттамайды.

«Егер адам өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, құқықтық әрі азаматтық сауаты жоғары болса, оған танымал болу немесе айқай-шумен көзге түсу қажет емес. Ал танымалдыққа ұмтылатындар – сауатсыздар, білімі жоқтар», – дейді Ғ. Әженова.

Ғ.Әженованың пікірінше, қоғамда құқықтық сауат пен медиамәдениетті арттыру қажеттілігі әлі де өзекті. Оның айтуынша, азамат өз құқықтарымен қатар жауапкершілігін де толық түсінгенде ғана заң талаптарын сақтайды.

Сайт Әкімшілігі