Хуситтер Сауд Арабиясының астанасына зымыран, дрондармен шабуыл жасады
Йемендік хуситтер Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы «маңызды нысандарға» зымырандар мен дрондармен шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Олар нақты қандай нысандарды көздегенін ашып айтпады. Мәлімдемеден бірнеше сағат бұрын қаланың негізгі әуежайы – Король Халид әуежайының маңынан өрт шығып, аспанға қою қара түтін көтерілген.
Reuters жариялаған видео мен фотолардан әуежай маңында үлкен қара түтін көрінеді. Кадрларда әуежайға апаратын тасжол, негізгі терминал және басқа ғимараттар байқалады. Видеолардың бірінде жанармай цистерналарына ұқсас нысандардың артынан жалын көтерілген.
AFP журналисінің хабарлауынша, өрт сөндірушілер Король Халид әуежайының жанындағы қоймада Aramco логотипі бар цистернадағы өртті сөндірген. Сауд Арабиясы билігі келтірілген шығын көлемін әзірге жариялаған жоқ.
FlightRadar24 мәліметінше, әуежайда көптеген рейс тоқтатылып немесе кешіктірілген. Кейін әуе қозғалысы біртіндеп қалпына келе бастаған.
Хуситтер бұдан бөлек Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу қаласында орналасқан Aramco нысанына да шабуыл жасағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл операция Йемен астанасы Санаға жасалған әуе соққыларына жауап ретінде ұйымдастырылған.
Хуситтердің мәлімдеуінше, Сауд Арабиясы соңғы бір апта ішінде олардың бақылауындағы аумақтарға 300-ге жуық соққы жасаған. Оның 26-сы соңғы тәулікте жасалған.
Сауд Арабиясы не дейді?
Сауд Арабиясы бастаған әскери коалиция сенбі күні таңертең әуе қорғанысы күштері хуситтердің Эр-Риядқа бағыттаған зымыранын жойғанын хабарлады.
Коалиция мәліметінше, Сауд Арабиясының күштері Биш пен Фарасанда, елдің батысындағы Таифте және Қызыл теңіз жағалауындағы Янбуда бейбіт тұрғындарға бағытталған шабуылдардың алдын алған. Мәлімдемеде адам шығыны немесе материалдық залал туралы ақпарат айтылмаған.
Сауд Арабиясының азаматтық қорғаныс қызметі сенбіге қараған түні Эр-Рияд пен астананың шығысындағы Әл-Харж тұрғындарына әуе шабуылы қаупі туралы телефон арқылы ескерту жіберген. Сенбі күні таңертең қауіптің сейілгені хабарланды. Reuters журналисі де қауіптің аяқталғаны туралы хабарлама келер алдында Эр-Риядта жарылыс дыбыстарын естігенін айтқан.
Иран қолдайтын хуситтер шілдеден бері Сауд Арабиясына бірнеше рет шабуыл жасап келеді. Алайда сенбідегі мәлімдеме қазіргі шиеленіс басталғалы Эр-Риядқа бағытталған алғашқы шабуыл болғанын көрсетеді.
Түркия Сауд Арабиясына көмектесуге дайын
Хуситтер Йеменнің халқы ең тығыз орналасқан аумақтары мен елдің солтүстігінің едәуір бөлігін бақылауда ұстап отыр. Олар шілде айында Эр-Риядқа қарсы теңіз блокадасын жариялап, содан бері Сауд Арабиясының энергетикалық нысандары мен Қызыл теңіздегі кемелеріне шабуыл жасап келеді.
Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан хуситтердің шабуылдары жалғаса берсе, Сауд Арабиясына қосымша әскери қолдау қажет болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Түркия үшжақты қорғаныс шарты – Мекке келісімі аясында көмек көрсетуге дайын.
Өткен айда Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан басшылары Меккеде үшжақты қорғаныс келісіміне қол қойған. Құжат бойынша үш мемлекеттің біріне жасалған қарулы шабуыл үшеуіне де жасалған шабуыл ретінде қарастырылады.
Иран Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында Тегеран Сауд Арабиясы мен хуситтер арасындағы соғыстың аяқталғанын қалайтынын мәлімдеді.
Резаи сондай-ақ Иран АҚШ-пен тоқтап қалған келіссөздерді қайта бастау шарттарын араағайындарға жеткізгенін және Дональд Трамптың жауабын күтіп отырғанын айтты. Сол талаптардың бірі – «барлық майдандағы соғысты тоқтату».