Саясат

Иең қайда, қазақ мақтасы?!

«Асқазанда бірлік жоқ: жұрт бірге тамақтанғанымен, әркімнің асқазаны оны өзінше қорытады».

Jasalash.kz

Василий Ключевский, орыс тарихшысы

Қазақтың түкірігі түйме алтын, қақырығы құйма алтын қазыналы қарттары шартарапты ойша шолып, тарих тамырына қан жүгіртіп, замана ағымын алыстан аңғарып,  ішкі күйзелісін іркіп, сақалын сауып отырып: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегенде, даналық ойдан дән іздейтін біз бе, мүлдем мән бермейді екенбіз. Сөйтсек, өткен жылдардың тізбегін ой таразысынан өткізіп, жарығы мол жаңа дүниенің көнеріп, көненің уақыт тозаңына көміліп қала беретінін Эйнштейннің салыстырмалы теориясындай етіп, мәтел тілімен бір түйіп тастаған екен ғой.  Басқасын айтпай-ақ қояйық, бұл мәтел – елдің тек оңтүстігінде ғана орын тепкен мақта шаруашылығының бүгінгі тыныс-тіршілігін тап басып айтып тұрғандай. Қалай дейсіз ғой, айтып көрейік.

1918 жылы Бетпақдала өңірін игеруге және суландыруға қызығушылық танытқан Ленин декретке қол қойып, қомақты қаржы бөлдірген соң,  тың төсінде жұмыс қызу қарқын алып, 1924 жылы  қазақ мақтасының қара шаңырағы  атақты «Мақтаарал» совхозы бой көтеріп, мақта өндірісі тақтайдай тегіс жолға түскен болатын. Бір кем 1ОО жыл!

Әуелгі кезде кетпенмен канал қазып, соқаға өгіз жегіп, жер жыртқан дихандар көп ұзамай немістің  «Гудзон» тракторымен еңбек майданының көркін кіргізді. «Ақ алтын» өндірісінің абыройы асқақтап, беделі биіктеп жүре берді. Тың даланы игеру «қарағай басын шортан шалған» ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары да, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де бір сәт тоқтамаған. Жер емген дихандардың жанқиярлық еңбегі мен үкімет тарапынан көрсетілген қамқорлықтың арқасында тың төсі «ақ алтынды» аймаққа айналды. Өткен ғасырдың 9О-шы жылдарына дейін еңбек бізде бақыт, «ақ мақта»  культ болды!  Қазіргі таңда бұлай айтуға аузың бармайды. Өйткені мақта шаруашылығы құлдырап, құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр.  Себептері  де сан алуан: бірінші, суармалы егістік жерлер жекенің қолына өткен соң, «бас басына би болған» мыңдаған майда-шүйде шаруа қожалықтары білгенін істеп, ауыспалы егін тәртібін бұзып, бір орынға 3О жыл бойы мақта шитін қадап қойып, жердің құнарын қашырды, топырақты тоздырды; екінші, мемлекет тарапынан қадағалау мен бақылау болмаған соң, мақта дақылын өсірудің ғылыми негізделген технологиялық тізбегі сақталмады; үшінші, суармалы егістік жерлер сорланып, тұзы көтеріліп, топырақ құрамы бұзылды. Оны органикалық, т.б. тынайтқыштармен байытып, өңдеп, қалпына келтіруге шаруа қожалықтары құлық танытпады. Қарапайым тілмен айтқанда, жерден «батпан құйрық» алуға бар да, беруге келген кезде шық бермес Шығайбайдың өзі. Пайда табуды көздегендер Жер-Ананы аяусыз қанады. Төртінші, мақта дақылын егіп, өсіріп, баптау ешқандай жауапкершілікті талап етпейтін, құл жұмсауға құмар қазақтардың  оңай олжа табатын жеңіл кәсібіне айналды. Суармалы егістік жері бар «феодалдар» агроном, гидротехник, энтомолог, т.б. мамандарды керек етпей, ескі-құсқы тракторы бар жігітке қолма-қол ақшасын төлесе болды, ол шіркініңіз барлық технологиялық тізбекті бұлжытпай орындап шығады: жер жыртады, суғарады, барана басады, культивация жүргізеді, шитті топыраққа сіңіреді. Қысқасы, мақта жинау науқанына дейінгі жұмыстың бәрін бір өзі атқара береді.  Жер қожайындарының ештеңемен ісі жоқ. Қандай рахат кәсіп десеңізші.  Бесінші, «ақ алтын» мақташы дихандардың «Қарғайын десе жалғызы, қарғамайын десе жалмауызы» болды. Жыл сайын мақта шитін екпеген де қайтсін-ай,  басқа дақыл түрлерін өсіруге сорланған жер, тұзданған топырақ, ағын су тапшылығы, т.б. кедергілер қолдан қағады. Оның үстіне шитті мақта бағасы  бәрінен жоғары тұрады.

Мақта шаруашылығының  келешегіне күдікпен қарайтындар көп. Өйтетіндей де орны бар. Мақта өндірісіне мемлекет тарапынан қолдау айтарлықтай емес.  Дизель отыны мен минералды тынайтқышты аздаған арзандатылған бағамен беріп, шаруаларды алдарқатып қоятыны болмаса, ағын су, зиянкестерге қарсы қолданатын химиялық дәрі-дәрмек, т.б. үшін дихандар қалтасынан қаржы шығарып, әлекке түсіп жатады. Үкіметтің «ақ алтынға» соншалықты қызығушылық танытып отырмағанын байқауға болады. Айталық, мақта талшығын сыртқа сатудан түсетін пайданың көлемі Қазақстан экономикасы үшін теңізге тамған тамшыдай болар-болмас қана. Өзімізде өндірілетін мақта талшығын  тікелей сыртқа асырып, көйлек-көншекті  Түркия, Қытай, Өзбекстан тағы басқа елдерден сатып алып отырған соң, не айтуға болады. Әл-әзірше мақта шаруашылығы оңтүстікте мақта өсіретін 7 аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып, күнкөріс көзіне жарап тұр.

Кейінгі жылдары ағын су тапшылығы айтарлықтай сезіліп, дихандардың бас ауруына айналды. Бұрынғыдай шашып-төгетін ағыл-тегіл ағын су жоқ.  Жоғарыға жайғасқан ала тақиялы ағайындарға тәуелдіміз. Ең қауіптісі –  Сыр-Ана – Ұлы дария суы ұлтанына түсіп кеткен. Астапыралла, экологтардың болжамы бойынша таяу жылдарда Сырдың суы сирақтан келсе бір сәрі, өзен арнасы кеуіп, қаңсып қалатын көрінеді. Бүкіләлемдік жылыну процесі жүріп жатқанда, бұл болжамға әбден сенуге болады.  Сонда қайтпек керек?

Қазіргі таңда мақташы дихандарды алаңдатып, көңілін күпті етіп отырған «ақ алтынның» бағасы.  Ол шіркініңіз,  сары қарын әйелдей жыл сай қырық құбылып тұрады. Айталық, 2О21 жылы шитті мақтаның бір келісі 32О теңгеге дейін көтерілсе, 2О22 жылы 25О теңгеден аспады. Биылғы жылы алдын ала болжам бойынша 12О-2ОО теңгенің аралығында болады-мыс. Бұл енді өз кезегінде шаруалар үшін кішігірім трагедиялық қойылым болатын түрі бар. Шөже санайтын күрең күз қыр астында тұр.

Қазақ мақтасы сыртқы саудада бәсекеге қабілетті емес көрінеді. Шаруа қожалықтары өз қалаулары бойынша Қытай, Түркия, Өзбекстаннан әкелінген және өзімізде жерсіндірілген  мақта шитінің  он шақты түрін қолданады.  Тексіз тұқым  түбімізге жетеді деп ойламайды. Енді қараңыз: өсірілген өнімді жинау науқаны кезінде сол шитті мақтаның әртүрлі сорттары бір-бірімен мидай араласып, мақта тазалау зауыттарына түседі. Лабораториялық анализ кезінде мақта талшықтарының сапасы сын көтермейді. Өйткені шиттің сортына байланысты ұзын-қысқа, жуан-жіңішке талшық түрлері араласып кетеді де, қойыртпақ «көжеге» айналып, сапасыз болып шығады. Қазақ мақтасының саудасы  қызбай тұрғанын осы тұстан іздеуіміз керек.

Біздің айтайын дегеніміз, мақта шаруашылығын дамыту стратегиясын қайта қарап, нақтылап, регреске ұшырап отырған саланың бойына қан жүгірту керек. «Ақ алтын» өндірісі кім көрінгеннің қолжаулығына айналып кетпей, кәсіби түрде, ғылыми негізделген технологиялық тізбекті қатаң сақтап, кәсіби мамандардың қадағалауы мен бақылауынан тыс қалмағаны жөн. Мұның бәрі,  әрине, ағын су тапшылығы мәселесін шешіп алмай тұрып іске аспайды.

Қазіргі таңдағы мақта шаруашылығының жай-күйі егесінен айырылып, жер тырнап жылап жатқан жесір әйелдің тірлігіне ұқсайды. Жасампаздыққа жол ашып, шұғыл бетбұрыс жасауды уақыттың өзі талап етіп отыр.

Махамбет Сапармұратов
Тегтер: Без Тега