Аймақ

ІХ республикалық детектив шығармалар байқауы Абай облысында қорытындыланды

Семей қаласында Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауының қорытындысы өтіп, үздік авторлар марапатталды.

Фото Абай облысы

Биыл тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған әдеби доданың қорытынды шарасына облыс әкімі Берік Уәли, «Заң» Медиа-корпорациясының директоры Досымбек Өтеғалиев, белгілі журналист Дәулетхан Жиенқұл, Қызылорда облысы мәслихатының депутаты Әмірбек Шаймағамбетов, Абай облыстық сотының төрағасы Қайрат Шақпантаев, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Фото Абай облысы/Р

«Заң» Медиа-корпорациясының бастамасымен қолға алынған байқаудың тарихы 2017 жылдан басталады. Осы жылдар ішінде әдеби дода еліміздің бірқатар өңірінде ұйымдастырылып, детектив жанрында қалам тербеп жүрген авторларды қолдауға мүмкіндік берді. Байқау Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстарында, Алматы, Шымкент қалаларында өткізіліп, биыл алғаш рет Абай облысында ұйымдастырылды.

Аймақ басшысы әдебиетімізде кенжелеп қалған детектив жанрын дамытуда байқаудың өзіндік орны қалыптасқанын атап өтті.

Фото Абай облысы әкімдігі/Берік Уәли

«Қазақ детективінің атасы» атанған Кемел Тоқаевтай жазушының мұрасын жаңғыртып, кенжелеп қалған жанрдың дамуына қозғау салған бұл байқаудың өміршең, ел игілігіне қызмет ететіні алғашқы қадамынан-ақ байқалған болатын. Оны шытырман шығарма жазуға деген қызығушылар санының жыл өткен сайын артып келе жатқанына қарап бағамдау қиын емес. Соның арқасында қазақ детективінің қоры да көркем, сындарлы, соны шығармалармен толыға түсті. Бұған дейін еліміздің әр түкпірінде желкенін жайып, детектив жазуға қабылеті бар жандарды ынталандырып келген байқаудың жалауы биыл киелі Абай елінде желбіреп отыр», – деді Берік Уәли.

Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі – жүлдеге іліккен 15 үздік шығарманың «Соны соқпақ» деген атпен байқаудың қорытындысы шыққанға дейін тұңғыш рет жеке жинақ болып жарық көруі. Абай елінен естелік ретінде әзірленген жинақ байқаудың қорытынды шарасында оқырманға таныстырылып, тұсауы кесілді. Кітапқа Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтің замандасы Кемел Тоқаев туралы естелігі де енгізілген.

Байқауға ұсынылған шығармаларды қазылар алқасы саралады. Қазылар алқасына журналист, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Жанарбек Әшімжан төрағалық етті. Құрамында жазушы, журналист Серік Әбікенұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Абай облыстық филиалының төрағасы Мерей Қарт және құқық саласының ардагері, адвокат Бауыржан Ахметов болды.

Фото Абай облысы әкімдігі/Т

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені «Ақ көйлек» шығармасымен ақын, жазушы Әділбек Ыбрайымұлы иеленді. Бірінші орынды «Медбикенің мінәжаты» шығармасының авторы Алдажар Әбілов алды. Екінші орын «Қоңыр қайысқа түскен таңба» шығармасымен Закира Нұрланқызы және «Ала жіп» шығармасымен Болай Бердиеваға бұйырды. Үшінші орын «Батпырауық» шығармасының авторы Сабырбек Олжабайға, «Қармақ» шығармасының авторы Мирас Мұқашқа және «Оянбаған әке» шығармасының авторы Асхат Өмірбаевқа берілді. Байқау аясында ынталандыру сыйлығы мен арнайы жүлде Абай облысының тумалары Аружан Мұсатаева («Алданған арман» шығармасы үшін) мен Сая Исаға («Пианистің ажалы» шығармасы үшін) табысталды.

Байқауға жергілікті зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, жазушылар мен ақындар, мәдениет қайраткерлері қатысты. Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауы келесі жылы он жылдығын атап өтеді. Ұйымдастырушылар мерейтойлық байқауды жаңа форматта өткізіп, бұған дейін бас жүлде мен бірінші орын алған авторлар арасында детектив повесть жанры бойынша шығармашылық дода ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Сайт Әкімшілігі