Саясат

Имашев әділ сайлау өткізбейтін болды

«Үміт еткен көзімнің нұры балам»! Бұл – Балқожа бидің ұлына жазған хатының алғашқы жолы.

Jasalash.kz

Бұл өлеңді бала кезімізден жырларын жаттап өскен атақты Ыбырай Алтынсарин жазған. Мұны неге айтып отырмыз?

Тұңғыш президенттің құдасы санаулы күн қалғанда үміт еткен сайлауды быт-шыт қылды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы  Берік Имашев сайлау кезінде ерікті бақылаушылар және шетелдік, отандық ақпарат құралдарының қызмет тәртібін шектейтін жаңа қаулы қабылдады. Бұл қоғамның орасан зор наразылығын тудырды. «Билікке бүйрегі бұратын бес партияның қайсысына дауыс береміз?» деп, жолайрықта онсыз да басы қатып тұрған халық енді үмітін үзгендей болып тұр. Бақылаушылар енді сайлау кезіндегі былықты суретке түсіре алмайды. Сайлау учаскесінен тікелей репортаж жасауға да құқы жоқ.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев пен оның хатшысы Сабила Мұстафинаның жаңа қаулысына сәйкес,  енді сайлау учаскесі қоғамдық орын ретінде қарастырылмайды. Фотоға да түсіруге болмайды. Егер бақылаушылар сайлау барысында немесе адамдардың дауыс беру кезінде заңбұзушылықтарды байқап қалса, оны дәлел ретінде суретке түсіре алады, бірақ алдымен оған сол адамның келісімі керек. Ойлап қараңыз, іс жүзінде заңды бұзып тұрған адам оған келісімін бере ме? Қисынға келмейтін нәрсе. Жұртты жарылқай қоймайтын жаңа қаулы бақылаушылардың бар мүмкіндігін осылай тежеп отыр. Бақылаушылар заңбұзушылық деректерді бірден тікелей әлеуметтік желіге жүктей алмайды. Тек оны сайлау аяқталған соң ғана сотқа өтініш жазып, мәселе көтеруге болады. Ал бақылаушы заңсыздықтар туралы сотқа өтініш бергеннің өзінде, мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін «Nur Otan» күтіп отырмайды ғой. Сағат түнгі 12-ні соққанда-ақ жұртқа жеңісін паш етіп жариялап жібереді. Сондықтан бақылаушылардың мүмкіндігін быт-шыт қылып, құқын шектеген біздің ОСК-нің оспадарсыз іс-әрекетін мүлдем ақтап алуға болмайды.

Бұл ғана емес, бұрынғы «Сайлау туралы» заң  мен ережеде кез келген азамат жеке құжаты арқылы кез келген ұйымның атынан сайлау процесін қадағалауға мүмкіндік алатын. Енді ол әрекетке мүлдем тыйым салынды. Енді бақылаушы ретінде сайлауды қадағалайтын болсаң, арнайы ұйымның атынан баруы керек. Ал сені жіберген мекеменің жарғысында ол ұйымның сайлауға қатыса алатыны туралы арнайы бап болуы керек. Бұл талапқа сәйкес, бақылаушы өкілді сайлау учаскесінде тіркеу үшін енді жеке басын куәландыратын құжаттан басқа, оның куәлігі, жарғы көшірмесі, сондай-ақ қоғамдық бірлестік басшысының қолы қойылған анықтама құжат талап етіледі. Орталық сайлау комиссиясының  жасап отырған бұл әрекеті ақылға сыймайды. Өйткені сайлаудың басталатын күніне бар-жоғы бір ай ғана уақыт  қалды. Ал сайлауға бақылаушы жіберетін ұйым немесе мекеме осы аз уақыттың ішінде жарғысын қайтадан жасап, қайтадан тіркеліп үлгере ме? Мүлдем мүмкін емес нәрсе. Онсыз да билікшіл бес партияның қайсысына дауыс берерін білмей, тек бақылаушыларға ғана сеніп отырған халық мұнан кейін саяси науқанға қалай белсене қатыса алады?

Демек, биліктің айтақтауымен ОСК-дегі құда бала мұны әдейі жасап отыр. Бұл алдын ала ойластырылған қадам. Былтырғы президенттік сайлауда бақылаушылар заңға қайшы келетін деректерді жария етіп, биліктің әрекетін әшкере еткені белгілі.  Олар сайлау учаскесінен тікелей репортаж жасады. Былықты ашып көрсетті. Жаңа қаулыға сәйкес, бақылаушылар енді еш нәрсе көрсете алмайды. Тек сайлау біткен соң,  сотқа шағым түсіреді. Ал сот кімнің құқын қорғайды? Әрине, авторитарлық жүйедегі билікті қолдайды. Жиі айтылып жүрген «еститін мемлекетте» халық  оқиға орнынан енді  еш нәрсені ести алмайды. Тағы бір қызығы – сайлау учаскесінің басшысы бақылаушылардың бақылайтын аумағын өз бетінше белгілейді. Нақты айтсақ, бақылаушыны  халық дауыс беретін кабинадан немесе қағаз салатын жәшіктен қашық, қалтарыстау жерге әдейі отырғызуы да мүмкін.

Жаңа қаулыда «Байқаушының функциясы – дауыс беру күні нақты сайлау учаскесінде сайлауды байқау. Сайлау барысын жариялау және тарату бұқаралық ақпарат құралдарының функциясы болып табылады» деп атап көрсетілген. Демек, қайталап айтайық, жаңа қаулы бойынша бақылаушы журналист емес. Сондықтан ол қаулыға сәйкес,  халықтың дауыс беруін бақылап қана отырады. Заңсыздық көрсең, артынан сотқа ғана шағым түсіресің. Бітті!

Ең бір қызығы – бұрынғы президенттің құда баласы Имашев қол қойған жаңа қаулыны жете түсініп алу үшін бұған дейін шыққан, қолданыста жүрген жеті-сегіз заң мен Конституцияны  және осыған сәйкес бірнеше ережені қайтадан оқып шығуың керек. Мысал келтірейік: «Сайлау комиссиялары сенім білдірілген адамдарды, саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан байқаушыларды, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тіркеу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының (18-бабының 1-ші және 2-тармақтары, 20-бабының 2-тармағы), Конституциялық заңның (8-бабы, 20-бабы 8-тармағы, 20-1-бабы 2-тармағының 1) және 9) тармақшалары, 3-тармағының 4) тармақшасы, 27-бабы 1-тармағы, 31-бабы 2-ші және 4-тармақтары), Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (35-бабы 2-бөлігі, 42-бабы 3-бөлігі, 145-бабы), «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (15-бабы 1-тармағы), «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (19-бабы), «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (32-бабы 1-тармағы), «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (2-бабы 61-тармақшасы), «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (12-бабы), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы №703 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларының (33-тармағы), Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 21 қарашадағы №62/108 қаулысымен бекітілген Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулықтың талаптарын, нормаларын қатаң сақтасын» дейді жаңа қаулыда. Ал енді түсініп көр. Бұдан шығатын қорытынды:  бұл – бірнеше ай бұрын әбден зерттеліп барып сайлау алдында жарық көрген, биліктің  әдейі ойластырып жасаған қаулысы.

     Ақтап алатын нәрсе емес, әрине. Авторитарлық жүйе жаны жаналқымға келгенде осылай жантәсілім әрекеттер жасайды. Бұл халыққа ғана емес, бақылаушыларға да сайлау алдында жасалған күтпеген соққы болды.

Батыр Жасұлан
Тегтер: Без Тега