Сараптама

Империя елесі

«Бақытсыз» Ресей бүгінгі Қазақстанның бағын байлап отыр

Jasalash.kz

      

       Әттең, Қазақстан алып көршіміз Ресейден қаша алмайды. Өйткені жеріміз осында, ал өркениеті жоғары елдер тым алыста. Әйтсе де Қазақстанға Ресеймен шындап бірігудің керегі жоқ, ал көршімен дос болу керегін атам қазақ баяғыда айтып кеткен. Ресеймен достасуға әбден болады, бірақ онымен саяси бірлестік құруға мүлдем болмайды. Қазақстан мен Ресейдің саяси одағы екі елге де іс жүзінде ешқандай пайда бермейтіні анық.

      Қазақстан қазір не істерін білмей отыр. Содан да болар, түбегейлі модернизация жасауға батпайды. Көршісіне қарайлайды. Егер Қазақстан Ресейдің қанатының астына кірсе – даму мүмкіндіктерінің есігін тарс жабады. Өйткені қазіргі Ресей – таза антимодернизациялық саясат орнаған мемлекет.

     Ресей билігі кешегі советтік және баяғы революцияға дейінгі институттардың түрлі қаңсығынан құрылған ескі қоғамдық модельді таңдады. Нәтижесі сол: кешегі Русь бүгінгі әлемде тура бір қасарысып, ағысқа қарсы ағатын, тарих дөңгелегін теріс айналдыратын «теріс» мемлекет – Ресейге айналып отыр.

      Рас, Кеңес Одағының тұсында Мәскеу мықты еді. Біраз жыл одақтас мемлекеттердің бәрінің дамуына мықты серпін берді. Сол тұста Орталық Азиядағы мемлекеттердің бәрі алға қадам жасаған. Бірақ кеңестік жүйе де модернизация мәселесін бәрібір шеше алмады. Өнеркәсіптік сектор, білім мен ғылымды дамытуға тырысқан Мәскеу, сонымен бірге бәрін өзіне бағындыратын билік институттарының дәстүрлі иерархиялық құрылымын күшейтті. Содан бір-біріне қарама-қайшы келетін екі вектор пайда болды. Кеңестік жүйені осы векторлар кереғарлығы құлатты десек те болады.

     Ал қазіргі Мәскеудің жағдайы мүшкіл. Баяғыдай 15 республиканы басқару түгіл, Ресейді дамытуға да күйі келмей отыр. Дамыған елдер көшінен әлдеқашан қалып қойды. Экономикалық, технологиялық жағынан кенжелеп қалғанын айтпағанда, бүгінде Ресей Федерациясы өзінің білім мен ғылым саласындағы жетістіктерінен де айырылып жатыр.

      Өзінің ішкі проблемаларын шешуге қауқары жетпей отырған ел ғой. Тағы әліне қарамай, маңайына экспансия жасаймын деп, өзінің қалған-құтқан ресурстарын шашуға тырысады. Қазіргі Ресейдің біреумен одақ болғаны өзіне үлкен зиян боп тиеді. Соғысқұмарлық пен геосаяси елестердің тұтқыны болып қалады. Экономикалық әлсіздігі мен технологиялық терең дағдарысын тағы қосыңыз.

    Міне, тозған Ресей модернизацияның орнына көрші елдерді жаулап алуды құндылық көреді. Қырымды сөйтті ғой.

      Шынын айтқанда, Ресеймен арадағы ешбір одақтың тиімді болуы мүмкін емес. Алысқа бармай-ақ, ЕАЭО-ны алайық. Бұл экономикалық одақтың шынайы экономикалық тиімділігін шынайы зерделейтін ешқандай зерттеу жоқ. Одақ аясындағы барлық ережелер мен тарифтер әділетті емес, ешқандай теңдік жоқ. Ешқандай экономикалық пайдасы болмаса, ол неғылған одақ? Ол, әрине, саяси одақ, қысыммен күштеп құрылған. Шын үйлесімді, шын пайдасын тигізетін Еуразиялық интеграция мүмкін шығар, егер, әрине, тараптардың бірі Ресей болмаса...

Әділ Ақылбай
Тегтер: Без Тега