Сараптама

Індет кезіндегі Алматы: Сағынтаев есеп берді

Govid-19 індеті әлем экономикасын кеңірдектен шеңгелдеп, теңселтіп тұр. Мұндай жағдайда экономиканың өрлеуі жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық.

Jasalash.kz

Дүниежүзі кесел ауыздықталғанша, дамуды ең болмаса өз деңгейінде сақтап қалуға күш салуда. Ал Алматы сияқты экономиканың локомотив-қалалары қандай жағдайды бастан кешіп отыр? Біз Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде осы мәселе туралы сөз қозғаған қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың сөзін екшеп көруге тырыстық.

                                                  Пандемияға дайындық

     Қазір пандемия Еуропа мен Ресейде өршіп тұрғанын көріп отырмыз. Мұндай жағдай бізде де орын алуы ықтимал. Алматы қаласы осы майданға  қарсы дайындық шараны бір мезгіл де тоқтатқан жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін бюджеттің шығыс бөлігін қайта қарау және басым емес шығындардан (конференциялар, дөңгелек үстелдер, салтанатты және мәдени-бұқаралық және имидждік іс-шаралардан) бас тарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бюджет 30,8 млрд теңгеге оңтайландырылып, бұл қаражат эпидемияға қарсы күреске бағытталды.

     2020 жылы COVID-19-ға қарсы күрес үшін Алматыға республикалық (21,6 млрд теңге) және жергілікті (89,4 млрд теңге) бюджеттен барлығы 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді (шығыстар осы жылдың соңына дейін пандемияның екінші толқынын ескере отырып жоспарланған). Қаражат инфекциялық госпитальдар салуға, медициналық жабдықтарды (ең алдымен реанимацияға арналған жабдықтарды) сатып алуға, медициналық ұйымдарды емдік газбен жабдықтауға, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге, жедел жәрдем көліктерін, жеке қорғану құралдарын сатып алуға, медицина қызметкерлерінің тамақтануына, тұруына, өтемақылар төлеуге, азық-түлік және дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорларын жасақтауға, сонымен бірге қаланы ауқымды дезинфекциялау жұмыстарына жұмсалды.

      Бүгінде пандемияның екінші толқынына 7011 орындық, оның ішінде 250 реанимациялық орындық 23 ковидтік клиника дайындалыпты. Пандемия кезеңінде Алматы үш жаңа инфекциялық стационар салды (екі модульдік клиника және РВ-90). Жеке инвестициялардың есебінен екі клиника жаңартылды. Клиникалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Өткен жылы медициналық ұйымдарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуді жаңғыртудың үшжылдық бағдарламасы қабылданған.

        Қорғану құралдарының азаймайтын қоры ретінде  тұрақтандыру қоры құрылды. Оған 10 млрд теңге бөлінді: ауруханалар мен емханаларды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге 5 млрд теңге, сондай-ақ  қалалық дәріхана желілерін әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз етуге 5 млрд теңге бөлінген. Бұл 68 атау бойынша 8 млн дәрілік препараттың азаймайтын қорын құруға мүмкіндік берді. Қалада екі айға жеткілікті қор жасақталған. Күнделікті 982 мың маска шығаратын өндіріс жолға қойылыпты. Инфекциялық стационарларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне жұмыс істеген сағаттарына байланысты ай сайын үстемеақы тағайындалған. Биылғы тоғыз айда жалпы сомасы 14 млрд теңгеден астам төлемдер төленді. Ай сайын  3,5 мыңнан 7,5 мыңға дейін медицина қызметкерлері үстемеақы алған.

                                Экономикалық тепе-теңдік

       Атқарушы билік үшін бүгінгі басты мәселе – карантин шаралары мен жұмыс істеп тұрған экономиканың тепе-теңдігін қамтамасыз ету. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер мен әкімдерге дәл осындай міндет қойып отыр. Алматы қаласы мұндай тапсырманы қалай орындап шықпақ?

      Қаңтар-қазан айларының нәтижелері карантиндік режимдерден зардап шеккен салаларды жандандырып, экономиканы тұрақтандыруға болатынын көрсетті. Мәселен, екі айда сауда – 13,6 (жалпы өңірлік үлесі – 35,7 пайыз), көлік және логистика 22,7 пайызға (жалпы өңірлік үлесі – 5,6 пайыз) төмендесе,  өнеркәсіп, байланыс, құрылыс, ең алдымен тұрғын үй саласында, керісінше, экономикалық өсім байқалды. Өнеркәсіп 4,3 пайызға өсті, құрылыс – 11,8, тұрғын үйді пайдалануға беру – 3,6 (1 609,1 мың шаршы метр тұрғын үй), байланыс қызметтері 8 пайызға артты.

       Негізгі капиталға инвестициялар 719,2 млрд теңгені құрады (2019 ж. қаңтар-қазан айларында – 609,6 млрд теңге), нақты көлем индексі – 116,9 пайыз (ҚР – 95,3 пайыз). Бұл ретте негізгі үлес – 64,2 пайыз (462,1 млрд теңге) жеке инвесторлардың қаражаты болып табылады.

       Инвестициялардың негізгі көлемі жылжымайтын мүлікке (44,9 пайыз); өнеркәсіпке (13,8 пайыз); көлік және қоймалауға (9,6 пайыз); денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға (6,2 пайыз); сондай-ақ қаржы және сақтандыру қызметіне (6 пайыз) тиесілі.

      Жыл соңына дейін 176,2 млрд теңгеге 90 инвестициялық жоба іске асып, 7,3 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады. Мегаполистің негізгі капиталына салынатын инвестициялардың жылдық көлемі 900 млрд теңге деңгейінде болады деп болжануда (2019 жылы – 820,9 млрд теңге).

      2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік бюджетке салықтар мен төлемдер 1 пайызға көп жиналды. Бұл ретте мемлекеттік бюджет түсіміндегі қаланың үлесі 23,5 пайыздан 25,7 пайызға дейін ұлғайды. Осылайша жалпы қалада эпидемиядан кейінгі кезеңде тез арада қалпына келтіру мүмкіндігі сақталған.

                    Биыл неше алматылық баспаналы болады?

     Пандемия кезінде қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету жұмысы тұралап қала ма? Пәтер жалдап жүрген жас отбасылардың жағдайы қалай болмақ? Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев көпшілікті толғантқан осы мәселелер жайлы да сөз қозғады.

      2020 жылы Алматы қаласында барлығы 2 млн 396 мың шаршы метр тұрғын үй (22 626 пәтер 2062 жеке тұрғын үй) салынса, оның ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 290 мың шаршы метр (5206 пәтер) пайдалануға беріледі. «7-20-25» жеңілдікпен ипотекалық кредит беру бағдарламасы жалғасуда. Бағдарлама арқылы 5605 пәтер (76,5 млрд теңге) немесе республика бойынша әрбір бесінші өтінім мақұлданды.

        Биыл мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кезекте тұрғандар үшін арнайы «Шаңырақ» («5-10-20») жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бүгінгі күні 1200 өтінім қабылданып, алматылықтарға 200 несие берілді. Пәтерлер бастапқы нарықта жеке құрылыс салушылардан сатып алынды.

      Бұл мәселе бойынша қала әкімдігі де қалыс қалмапты. Биыл «Алматы жастары» жеңілдікпен ипотекалық кредит беру  бағдарламасын іске қосты. Естеріңізге сала кетсек, кредит бойынша 5 пайыздық мөлшерлеме – 10 пайыз бастапқы жарна 25 жыл мерзімге беріледі. Соның арқасында 894 жас алматылық көптен күткен қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін осындай қуанышқа тағы 1000 отбасы кенеледі деп жоспарланған.

                                Кәсіпкерге арналған кәсіп көзі

      Әкімнің сөзінен ұққанымыз – қалада шағын және орта бизнесті қолдау және экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша дағдарысқа қарсы шаралар жүйелі түрде іске асуда. Оны сөзбен тарқатып айтар болсақ, былай болып шығады: осы жылдың соңына дейін 1,2 мыңнан астам кәсіпкер 376 млн теңгеге мемлекеттік объектілерді  жалдау ақысын төлеуден босатылды.

Қаладағы 75 мың кәсіпкердің 23 млрд теңгеге салықтық төлемдері кейінге шегерілді. 2,9 мың кәсіпкерге 72 млрд теңге сомасына кредитті төлеу мерзімі ұзартылды. 200-ден астам мекеме (сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, базарлар) 20 мыңға жуық кәсіпкерді  үш айға дейін жалдау ақысынан босатты. Қазіргі уақытта жалға берушілер жалдау ақысын орташа есеппен 20-30 пайызға төмендетті.

      Президенттің тапсырмасы бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жасалған барлық шарттар бойынша тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің 89 пайыздан астамы отандық кәсіпорындардан сатып алынады.

Осы жылдың басында «Almaty Business-2025» кәсіпкерлерді қолдау өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Өткен жылдың соңында «Almaty Finance» және «Алматы» микроқаржы ұйымы құрылған болатын. Бұл мақсаттарға 12,2 млрд теңге бөлінді. Қарыз 2 пайыз және 6 пайыз жылдық мөлшерлемемен жеті  жылға 500 млн теңгеге дейін беріледі. Бүгінде 8,3 млрд теңгеге 84 жоба қаржыландырылды, 2,2 млрд теңгеге 19 жоба қаралуда.

       «Даму» қорымен бірлесіп, «Almaty Business» бағдарламасын іске асыруға теңдей негізде 8 млрд теңге көзделген. Бүгінде 3,1 млрд теңгеге 44 жоба қаржыландырылды. Қаланың шеткі аймақтарын (бес аудан) біркелкі дамыту мақсатында желтоқсан айынан бастап пайыздық мөлшерлеме 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілді.

      Бизнесті қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа Fitch халықаралық рейтингтік агенттігі оң баға берді. Мәселен, қараша айында «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы еліміздегі осындай ұйымдардың ішінде бірінші болып агенттіктің BBB-деңгейіндегі халықаралық кредиттік рейтингіне ие болды.

      Жалпы, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың орталық коммуникациялар қызметінде халық алдында берген есебін «өте жақсы» деп бағалауға болады. Бірақ ондай бағаны халықтың өзі береді деп сенеміз.

Тоқтар Жақаш
Тегтер: Без Тега