Қоғам

inDrive басшысы Арсен Томский қазақстандық Камила Лұқпановаға үйленді

inDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский қазақстандық Камила Лұқпановаға үйленді.

Фото: instagram.com/arsentomsky

Кәсіпкер қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, жас жұбайлардың суретін жариялады.

«Қазақ еліне +1 күйеу бала. Міне, қазақ халқының күйеу баласы», – деп жазды Арсен Томский.

Жазбаға мыңдаған оқырман пікір қалдырып, жас жұбайларға ақ тілегін білдірген. Кәсіпкердің достары да әлеуметтік желіде бұл қуанышты жаңалықпен бөлісті.

Қазақстан мен Грузиядағы Forbes франшизасының иесі Арманжан Байтасов та жас жұбайларды құттықтап, тойға әлемнің әр түкпірінен достары жиналғанын жазды.

Жұптың үйлену тойына дайындық жұмыстары маусым айында белгілі болған. Сол кезде Арсен Томский Камила Лұқпанованың туған қаласы Оралда өткен сырға салу және құда түсу рәсімдерінен хабардар еткен.

Камила Лұқпанова бұған дейін Almaty Tourism Bureau ұйымын басқарған. Кейін қала құрылысы бағытындағы Tana қорын құрған. Әлеуметтік желідегі мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта Лондонда білім алып жүр.

Ал Арсен Томский 2022 жылы inDrive компаниясының кеңсесін Ресейден Қазақстанға көшіріп, Қазақстан азаматтығын алған. 2024 жылдың мамырында оның байлығы 920 миллион долларға бағаланып, ол Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері рейтингінде 10-орынға жайғасқан.

Айта кетейік, бұл – Арсен Томскийдің алғашқы некесі емес. Кәсіпкердің екі қызы бар. Камила Лұқпанованың да бір қызы тәрбиеленіп отыр.

Сайт Әкімшілігі