Оқиғалар

Ингушетияда досын құтқарамын деп суға ағып кеткен баланың денесі сегіз күннен кейін табылды

Ресейдің Ингушетия Республикасында сегіз күн бойы із-түзсіз жоғалып кеткен 8 жастағы баланың денесі табылды. Құтқарушылармен бірге оны іздеуге мыңдаған ерікті мен жергілікті тұрғын жұмылдырылған.

Фото: ашық дереккөз

Оқиға 15 маусым күні Қарабұлақ қаласында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, балалар Сунжа өзенінің жағасында демалып жүрген кезде олардың бірі суға бата бастаған. Сол сәтте 8 жастағы Хизир Дербичев досын құтқаруға ұмтылған. Бала суға батып бара жатқан құрдасын аман алып қалғанымен, өзін өзеннің қатты ағысы алып кеткен.

Тағы бір бала көмек шақыру үшін ересектерге жүгіріп кеткен. Осыдан кейін іздестіру жұмыстары басталып, оған құтқарушылар, сүңгуірлер, волонтерлер және жергілікті тұрғындар қатысты. Іздеу жұмыстары өзендегі қатты ағысқа, су деңгейінің жоғары болуына және нөсер жауыннан кейінгі лай суға байланысты күрделі жағдайда жүргізілген.

22 маусым күні іздеу операциясы аяқталды. Құтқарушылардың мәліметінше, баланың денесі Сунжа қаласындағы №4 мектеп маңынан, өзеннің оң жағалауынан табылған. Ол жоғалған жерден шамамен 10 шақырым қашықтықта болған.

Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, баланы іздеуге 6 мыңнан астам адам қатысқан. Олардың қатарында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, полиция қызметкерлері, еріктілер және Кавказ өңірінің бірнеше аймағынан келген тұрғындар болған.

Сайт Әкімшілігі