Қоғам

Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмыспен қамту бағытында түрлі бастамалар қолға алынып жатыр

Соңғы жылдары Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселесі мемлекеттік деңгейде жиі көтеріліп жүр.

Фото: из открытых источников

Соңғы жылдары Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселесі мемлекеттік деңгейде жиі көтеріліп жүр. Инклюзивті мектептер ашылып, қоғамдық орындарды бейімдеу, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмыспен қамту бағытында түрлі бастамалар қолға алынып жатыр. Дегенмен қоғамның инклюзияға дайындығы тек инфрақұрылыммен немесе қабылданған бағдарламалармен өлшенбейтіні белгілі. Осы тақырып турасында бүгін біз әлеуметтанушы Шырын Батырғалимен сұхбат құрдық.

-        Жалпы бүгінгі қоғамындағы инклюзияның даму деңгейін қалай бағалауға болады?

– Қазақстанда инклюзия мәселесі біртіндеп әлеуметтік саясаттың маңызды бағытына айналып келеді. Дегенмен оның институционалдық дамуы мен қоғамдық санадағы орны бірдей деңгейде қалыптасып отыр деп айту қиын. Мемлекет белгілі бір жағдай жасауға ұмтылғанымен, қоғамның өзі әлі де инклюзияны тең құқық пен тең мүмкіндік мәселесі ретінде толық қабылдай қойған жоқ. Бізде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көбіне қамқорлық пен қайырымдылықтың нысаны ретінде қарау басым. Ал инклюзияның түпкі мәні біреуге аяушылық таныту емес қой, оның өзгелермен тең дәрежеде білім алуына, еңбек етуіне, қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік беруде жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанда инклюзияның құқықтық және инфрақұрылымдық негіздері қалыптасып келе жатқанымен, әлеуметтік кедергілер әлі де сақталып отыр. Мәселен, пандус орнатылған ғимаратты инклюзивті орта деп есептеу жеткіліксіз. Егер сол мекемеде адамның қажеттілігі ескерілмесе, оған қатысты кемсітушілік көзқарас өзгермесе, жасалған жағдайдың тиімділігі де шектеулі болады. Сондықтан инклюзияның даму деңгейін ашылған орталықтардың немесе қабылданған бағдарламалардың санымен ғана емес, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғам өміріне қаншалықты еркін әрі дербес араласа алады, сол арқылы бағалауымыз керек. Шын мәнінде, инклюзивті қоғамның өлшемі – адамның өзгелерден ерекшеленгені үшін қосымша кедергіге тап болмауы.

-        Инклюзия туралы айтқанда көбіне мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету, оларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне басымдық береміз. Ал дамыған елдерде инклюзия қайырымдылық немесе әлеуметтік қамқорлықтан бөлек адамның қоғам өміріне өзгелермен тең дәрежеде қатысу құқығы ретінде қарастырып жатады. Біз ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде қабылдаймыз ба, әлде әлі де қамқорлыққа мұқтаж әлеуметтік топ ретінде көретін сияқтымыз…

– Иә, қоғамда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты патерналистік, яғни оларды үнемі біреудің қамқорлығы мен көмегіне мұқтаж топ ретінде қабылдайтын көзқарас әлі де басым екені рас. Мұның тарихи әрі әлеуметтік себептері бар. Кеңестік кезеңде мүгедектігі бар адамдар көбіне қоғамдық өмірден оқшауланып, олардың мәселесі әлеуметтік қамсыздандыру мен медициналық көмек аясында қарастырылды. Сол түсініктің сарқыншақтары қоғамдық санадан толық жойылған жоқ. Бүгінде де біз ерекше қажеттілігі бар адамның жетістігін айрықша ерлік ретінде қабылдауға бейімбіз. Мәселен, мүгедектігі бар азаматтың жоғары білім алуы, жұмысқа орналасуы немесе кәсіп ашуы көп жағдайда оның табандылығы мен қиындықты жеңуінің үлгісі ретінде көрсетіледі. Ал шын мәнінде, мұның бәрі кез келген азаматқа тиесілі қарапайым құқықтар ғой. Бұл жерде мәселе сол біз көрсетіп жүрген жанашырлықтың адамның дербестігін, таңдау еркіндігін көлеңкеде қалдыруда жатыр. Әлеуметтануда мүгедектіктің әлеуметтік моделі деген ұғым бар. Оған сәйкес, адамның қоғам өміріне толық араласуына оның денсаулық ерекшелігінен гөрі, қоғам қалыптастырған кедергілер көбірек тосқауыл болуы мүмкін. Демек, инклюзияның басты міндеті адамды қоғамға бейімдеу ғана емес, қоғамның өзін әртүрлі адамдардың қажеттілігіне бейімдеу болуы керек. Біз осы түсінікке толық көшкен кезде ғана ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды өз өміріне қатысты шешімді дербес қабылдайтын, қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде қабылдай бастаймыз.

-        Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңдар мен мемлекеттік бағдарламалар болғанымен, олардың күнделікті өмірде түрлі кедергілерге тап болатынын байқаймыз. Сіздіңше, елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыруға ең көп кедергі келтіріп отырған не нәрсе сонда? Материалдық ресурстардың жетіспеушілігі ме әлде мемлекеттік саясаттың тиімсіздігі ме?

– Меніңше, Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыруға кедергі келтіріп отырған басты мәселе – белгілі бір қабылданған шешімдердің күнделікті өмірде жүйелі жүзеге аспауы. Бұл жерде мемлекеттік саясат, экономикалық мүмкіндіктер және қоғамдық сана бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, белгілі бір ғимаратты ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімдеуге қаражат бөлінуі мүмкін. Бірақ оның қаншалықты қолайлы екені тексерілмесе, пандус талапқа сай салынбаса немесе ғимаратқа баратын қоғамдық көлік қолжетімсіз болса, жұмсалған қаржы нақты нәтиже бермейді. Екінші жағынан, қоғамдағы қалыптасқан түсініктер де мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына тікелей ықпал етеді. Егер ерекше қажеттілігі бар адамның білім алуы, жұмыс істеуі немесе қоғамдық кеңістікті еркін пайдалануы қалыпты құқық ретінде қабылданбаса, оның қажеттіліктерін ескеру де екінші кезектегі міндетке айналады. Мұндай жағдайда инклюзия көбіне есеп беру үшін орындалатын шаралардың жиынтығы болып қалу қаупі бар. Қоғамдағы теріс түсініктер қолжетімсіз ортаға жағдай жасаса, ал қолжетімсіз орта ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамдық өмірге араласуын шектейді. Ал олардың күнделікті өмірде аз көрінуі қоғамдағы ескі түсініктердің өзгеруін одан әрі баяулатады. Осылайша, бір мәселе екіншісін туындатып, тұйық шеңбер қалыптасады. Сондықтан инклюзияны дамыту үшін жекелеген нысандарды бейімдеумен немесе әлеуметтік төлемдерді көбейтумен шектелмей, мемлекеттік шешімдердің орындалуын қадағалау, кемсітушілікке жол бермеу және ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өздерін шешім қабылдау үдерісіне қатыстыру маңызды.

-   Кейде мүмкіндігі шектеулі адамдарға шамадан тыс аяушылық білдірудің өзі олардың қоғамдағы орнын шектейтін факторға айналады. Мәселен, оларды үнемі көмекке мұқтаж, өз бетінше шешім қабылдай алмайтын адамдар ретінде қабылдау қалыптасқан. Мұндай көзқарас қайдан пайда болады?

– Иә, жоғарыда айтып өткенімдей мұндай көзқарастың түп-төркіні қоғамда қалыптасқан әлеуметтік стереотиптер мен адамның мүмкіндігін оның денсаулық жағдайына қарап бағалау әдетінде жатыр. Бізде мүгедектік көбіне адамның жеке басындағы қасірет немесе кемшілік ретінде қабылданады. Соның салдарынан оның білімі, қабілеті, кәсіби тәжірибесі мен жеке таңдауы екінші кезекке ысырылып, денсаулық ерекшелігі басты сипаттамасына айналады. Мұндай түсініктің қалыптасуына тарихи тәжірибе де әсер етті. Ұзақ уақыт бойы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамдық өмірден оқшаулануы оларды өзгелермен тең дәрежеде өмір сүре алмайтын топ ретінде қабылдауға негіз қалады. Ал күнделікті өмірде олармен араласу тәжірибесінің аздығы осы жаңсақ түсінікті одан әрі күшейтті. Бір қызығы, шамадан тыс аяушылық сырттай ізгі ниеттен туғанымен, іс жүзінде кемсітушіліктің жасырын түріне айналуы мүмкін. Мәселен, жұмыс берушінің мүгедектігі бар адамды қиналып қалады деген оймен жұмысқа алмауы немесе отбасының қауіптеніп, оның өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік бермеуі – соның көрінісі. ң қауіптісі, қоғамның осы көзқарасы адамның өзін-өзі қабылдауына да ықпал етуі мүмкін. Үнемі әлсіз, тәуелді адам ретінде қарастырылған азамат уақыт өте келе өз мүмкіндігіне күмәндана бастайды. Сондықтан біз жанашырлық пен аяушылықтың аражігін ажыратуымыз керек. Жанашырлық адамның қажеттілігін ескеріп, идеясын, бастамасын қолдауға бағытталса, шамадан тыс аяушылық оның орнына шешім қабылдауға ұмтылады.

Сайт Әкімшілігі