Inside Deutsche Bank халықаралық зерттеуінде Тимур Құлыбаев есімі аталды
Тимур Құлыбаевтың 15 миллион доллары неге бұғатталды?
Inside Deutsche Bank халықаралық журналистік зерттеуінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың да есімі аталады. Зерттеу дерегінше, кәсіпкер 2006 жылдан бері Deutsche Bank клиенті болған.
Жарияланған құжаттар неміс банкінің Құлыбаев байлығының шығу тегіне қатысты сұрақтары болғанын көрсетеді. Forbes журналы оның дәулетін 5,4 миллиард долларға бағалайды.
Банктің ішкі құжаттарына сәйкес, 2013 жылы Құлыбаевқа қатысты тәуекелдерді бағалау кезінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты бірқатар айыптаулар анықталған. Алайда банктің қаржылық қылмыстарға қарсы күрес бөлімі кәсіпкердің мұндай істер бойынша сотталмағанын, ал Еуропада оған қатысты жүргізілген қылмыстық тергеулердің тоқтатылғанын атап өткен.
Зерттеудегі ең назар аударарлық деректердің бірі – 2020 жылы Құлыбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріндегі шоттан өз есепшотына аударылған 15 миллион доллардың шығу тегін банк талаптарына сай түсіндіре алмауы. Осыған байланысты Deutsche Bank қаражаттың түсуін бұғаттаған.
Бір қызығы, арада бірнеше апта өткенде банк қызметкерлері Құлыбаевтың жұбайы Динара Құлыбаеваның атына Deutsche Bank-тің Люксембургтегі бөлімшесінде есепшот ашу рәсімін бастаған.
Ал бірнеше айдан кейін ғана неміс банкінің ішінде Құлыбаевпен ұзақ жылдарға созылған іскерлік қатынасты тоқтату мәселесі көтерілген.
Құлыбаевтың адвокаттары кәсіпкердің заңсыз әрекет жасағанын жоққа шығарып, қаражаттың шығу тегі туралы қажетті мәліметтер банкке ұсынылғанын мәлімдеген.