Интернет кеңістіктегі радикалды ағымдар
Діннің діңгегі болған ислам дінін теріс ағымдағы діннен айыра алатындай діни сауаттылықты қалыптастыру қазіргі таңда өзекті мәселеге айналып отыр.
Дін өте күрделі тақырып болғаннан кейін қазір жастар арасында дінді дұрыс түсінбегендіктен, теріс діни ағымдарға кетіп жатқандары рас. Мәселен, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл барысында Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының ұйымдастыруымен құқық қорғау және арнайы органдар діни экстремизм мен терроризмнің алғышарттарын анықтап, жолын кесу мақсатында заңнамалық және ұйымдастырушылық база құру мен жетілдіру бойынша елеулі жұмыстар атқарылып келеді.
Бүгінгі таңда интернет кеңістігінде дінге қатысты радикалды идеялардың үздіксіз көп таралуы елімізге айтарлықтай қауіп төндіруде. 2017 жылы құрылған «Киберқадағалау» жобасының жұмысының нәтижесінде мемлекеттік органдар діни экстремизм мен терроризмге қатысты 900 мыңнан астам веб-сілтемелерді бұғаттаған болатын. Мәселен, былтыр прокуратураның қатаң тексерісінің нәтижесінде теріс діни ағымды насихаттайтын үш мың жазылушысы бар уағызшының Ютуб каналы бұғатталды. Одан бөлек, телеграм мессенджерінде «қарулы жиһад» материалдары бойынша Ақтөбе облысында бір азамат ұсталды. Сот үкімі бойынша ұсталған жиһадшы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ статистика бойынша, теріс діни ағым қатарындағылардың 88 пайызы ғаламтор арқылы қауіпті идеологияға арбалған. Радикалды топтардың құрығына түсетіндердің де дені жастар. Себебі жастардың діни сауаты төмен болғандықтан, жалған сенімге оңай алданып қалады. Бұл туралы ҚМДБ насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің бас маманы Хамзат Қажымұратұлы көбіне жастар дінге қатысты білмейтін сұрақтарын мешітке келіп сұраудың орнына өз беттерінше ғаламтор желілері арқылы іздейтіндігін, сол арқылы интернет кеңістікте радикалды ұйымдардың қақпанына қалай түскенін білмей қалатынын айтады.
– Мешітке жамағаттың келмеуі үлкен мәселенің бастауына жол ашып отыр. Көбіне жастар өзінің рухани ізденісін, керек ақпараттарын басқа көздерден іздеп кетеді. Мешітте жамағаттың көбеймей, тоқтап тұруының бірден-бір себебі – жат ағымның жетегіне кетіп қалғандарының осы мешітке келіп, қажетті ақпараттарын имамдардан, дін қызметкерлерден ақыл-кеңес сұрамаудың салдарынан болып отыр. Түрмеге жат ағымның салдарынан түскен бауырларымызбен сөйлескенде, көбі «діни білімімізді мешіттен емес, сырттан іздедік. Енді соның зардабын тартып, абақтыға түсіп отырмыз», деп айтады. Егер сол кісілер өзге көздерден сұрамай, мешітке келетін болса, біз олармен үш бағытта жұмыс істейміз. Бірінші бағытқа жалпы кездесулер жатса, екінші бағыт жеке кездесулер, үшінші бағыт әлеуметтік желілермен жұмыс істеу кіреді. Соңғы жылдардағы нақты көрсеткішке сүйенетін болсақ, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, құжат жүзінде 500-ден астам жат ағым өкілі дәстүрлі бағытқа қайтты, – дейді.
Хамзат Қажымұраұлы айтпақшы, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, жастардың көбі діни білім алу мақсатында шетел асып, теріс ағымға кеткен. Өздері кетіп қана қоймай, елге келіп, өздері үйренген теріс идеологияларды ел ішінде, жасырын түрде таратқан. Тіпті теріс идеологияның салдарынан елімізде үлкен-кішілі бүліктер жиі орын алған болатын. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жұмыстар жүргізіліп, әр өңірдегі мешіттерде үгіт-насихат жұмыстары мен сауат ашуға қатысты курстар жиі өткізіліп келеді. Сондай-ақ мешіттерде қазақ, орыс тілдерін жетік білетін, діни сауаты жоғары мамандар халыққа көркем уағыз айтатын дінтанушылар мен имамдардан құралған насихат топтары да құрылған.
Енді әлеуметтік желілерде радикалды уағызшылардың қалай жұмыс істейтініне келсек, бұған Шымкент қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ теологы Икрам Айтиев жиһадшылар жастарды теріс ағымға баулу үшін түрлі қулыққа баратынын айтады.
– Радикалды уағызшылар әуелде хижрат, табыт, жиһад туралы айтпайды. Өз аудиториясын жинап алу үшін ислам дінінің 5 парызынан бастайды. Яғни намаз, ораза, қажылық, имандылық туралы түсіндіреді. Соңында 100 уағыздың ішіндегі 2-3-еуі алауыздық тудыру туралы болады. Мұндайлардан сақ болған дұрыс. Сондай-ақ қазір ғаламтор желісінде өзбек тілді уағызшылар көбейіп жатыр. Олар көбіне зайырлы қоғамға сай емес дүниелерді, дәстүрлі дінімізге қарсы, ұлтаралық алауыздықтарды тудыратын уағыздарды көп айтады. Сол себептен, жастар дінге бет бұрғысы келсе, ғаламтордан емес, еліміздегі орталық мешіттерден, үлкен медреселерден тәлім алғаны дұрыс, – дейді.
Расында, дін күрделі сала болғандықтан, оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс емес екеніне көзіміз жетпейді. Сол себептен де, жастарға өзіміздің мұсылмандық негізіміздің басқа діннен еш кемшілігі жоқ екенін ақпарат жүзінде түсіндіру маңызды. Яғни дініміздегі ғылыми негіздер, құндылықтар мен дәстүрлі, танымдық, діни ұстанымдарды мүмкіндігінше кеңірек түсіндіру дін қызметкерлерінің де мойнына артылған жүк деп білеміз.