Без Категории

Иракта наразылық ауқымы кеңейіп барады

Бағдадта cоңғы үш күн ішінде шеру кезінде 65 адам қаза тапты. Reuters-тің хабарлауынша, полиция шеруге шыққандарды снайпермен атқылаған.

Jasalash.kz

Наразылар биліктегі жемқорлықты жоюды, тұрғындарды таза су, қажетті электр энергиясымен қамтамасыз етуді талап етеді.

Премьер-министр Адел Абдул Махди 4 қазанда тұрғындарды сабырға шақырып, реформа жүргізуге уәде берді. Ирактағы ықпалды саясаткерлердің бірі шенеуніктерді кінәлай сөйлеп, билікті наразы азаматтардың үндеуін тыңдауға шақырды.

Халықаралық ақпарат агенттіктері полицияның наразылыққа шыққан адамдарды көздеп атқанын жазды. Reuters тілшісі бір адамның басына оқ тигенін көрген. Кейінірек дәрігерлер оның ауруханада көз жұмғанын хабарлаған. Бағдадта жұма күні атыс түнге дейін жалғасқан.

Соңғы ақпаратқа сәйкес, наразылық ауқымы кеңейіп барады. Ирактың шииттер шоғырланған оңтүстігінде тәртіпсіздіктер болған. Ақпарат агенттіктері қарсылық қозғалыстарының өзге провинцияларға тез тарап жатқанын хабарлады.

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега