Иракта наразылық кезінде әлеуметтік желілер бұғатталды
Үкіметке қарсы наразылық акциялары өтіп жатқан тұста Ирактың басым бөлігінде интернетке шектеу қойылды.
Билік Facebook, Twitter, Instagram, WhatsApp және өзге де әлеуметтік желілер мен мессенжерлерді бұғаттады. Бұл ақпаратты әлем бойынша интернет шектеуді бақылайтын NetBlocks үкіметтік емес ұйымы хабарлады.
Бағдат және өзге қалалардағы жаппай наразылық шаралары 1 қазанда басталған. Шерушілер жемқорлық, жұмыссыздық, қоғамдық қызмет көрсету сапасыздығы, су, электр энергиясы тапшылығына наразылық білдірді.
Бағдатта шерушілердің бір бөлігі үкімет ғимараттары мен елшіліктер орналасқан "Жасыл аймаққа" кіруге тырысты. Бұдан соң полиция шерушілерді күшпен қуа бастады. Бұған наразы болған кейбір шерушілер полицияға тас атты.
Үкімет ғимараттарын күзеткен сақшылар шерушілерге оқ атты. Дерек бойынша, бірнеше адам қаза тапқан. Жүздеген адам жараланған. Наразылық шаралары 2 қазанда да жалғасты.