Иран АҚШ-қа байытылған уран қорын бермейтінін мәлімдеді
Тегеран Вашингтонмен соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер аясында АҚШ-қа байытылған уран қорын беру туралы ешқандай келісім жасамағанын мәлімдеді.
Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Багаи айтты.
«Байытылған уран біз үшін иран жеріндей қасиетті. Ол ешқандай жағдайда ешқайда берілмейді», – деді Багаи.
Осылайша Иран тарапы АҚШ президенті Дональд Трамптың бұған дейін айтқан мәлімдемесін жоққа шығарды.
Бұған дейін Трамп 16 сәуірде Иран АҚШ-қа байытылған уранды тегін беруге келіскенін мәлімдеген еді. Ол бұл материалды «ядролық шаң» деп сипаттады. Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) деректеріне сүйенсек, бұл уран АҚШ-тың 2025 жылғы маусымда Ирандағы үш ірі ядролық нысанға жасаған әуе соққыларынан кейін жер астында қалған.
17 сәуірде CBS News телеарнасына берген сұхбатында Трамп байытылған уранды Ираннан шығару операциясына америкалық құрлық әскерлері қатыспайтынын айтты. Бұл процесті кім жүзеге асыратыны туралы сұраққа ол: «Біздің адамдар ирандықтармен бірге жұмыс істейді. Содан кейін оны АҚШ-қа жеткіземіз», – деп жауап берген.
Сонымен қатар Трамп Иранмен бейбіт келісім «жақын күндері» жасалуы мүмкін екенін де айтты. Оның сөзінше, «ирандықтар кездесуге дайын және келісімге келгісі келеді». АҚШ президенті келіссөздер демалыс күндері өтуі ықтимал екенін атап өтті.