Әлеумет

Иран АҚШ-тан 290 миллиард доллар өтемақы талап етті

Иран АҚШ-тан 290 миллиард доллар өтемақы талап етті

Фото: NYT

Иран соттары АҚШ-тан бірнеше онжылдық бойы Вашингтонның әрекеттерінен елге келтірілген залал үшін 290 миллиард доллар көлемінде өтемақы өндіріп алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы Иранның мемлекеттік телеарнасына сілтеме жасаған сот орталығының басшысы Хасан Абдолианпур мәлімдеді.

Оның айтуынша, Тегеран Парсы шығанағындағы бірқатар араб еліне де қарсы бірнеше талап-арыз түсірген. Иран тарапы оларды өз аумағын АҚШ-тың Иранға жасаған соққылары үшін пайдалануға берді деп айыптап отыр.

Иран мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, өтемақы сомасы 2026 жылғы 28 ақпанда басталған әскери операциямен ғана шектелмейді. Оған АҚШ-тың бірнеше онжылдық бойы жасаған әрекеттері үшін келтірілген залал енгізілген.

Айта кетейік, АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс тек әскери қақтығыстармен шектелмейді. Вашингтон Тегеранға ядролық бағдарламасына байланысты ұзақ жылдар бойы санкция салып келеді. Ал Иран тарапы бұл шектеулер мен АҚШ-тың өзге де әрекеттері ел экономикасына және азаматтарына зиян келтірді деп есептейді.

Алайда Иран соттарының шығарған шешімдері АҚШ-тың өтемақыны төлеуге келіскенін білдірмейді. Қазіргі уақытта бұл талаптардың орындалу тәртібі туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: АҚШ Иран