Сараптама

Иран әуе кеңістігін жартылай ашты

Иранның азаматтық авиация басқармасы елдің шығыс бөлігіндегі әуе кеңістігінің халықаралық транзиттік рейстер үшін ашылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Ормуз бұғазы арқылы танкерлер керуені өтті.

Фото: ашық дереккөз

Иран Ислам Республикасының азаматтық авиация басқармасы 18 сәуір, сенбі күні елдің шығыс бөлігіндегі әуе дәліздері арқылы өтетін халықаралық рейстер үшін аспанның ашылғанын хабарлады.

«Елдің шығысындағы әуе дәліздері Иран аумағы арқылы өтетін халықаралық рейстер үшін ашық», – деп ведомство мәлімдемесін AFP агенттігі келтірді. Сондай-ақ хабарламада жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7-ден бастап бұрын жабылған кейбір әуежайлардың қайта жұмысын бастағаны айтылған.

Flightradar24 сервисінің деректеріне сәйкес, 18 сәуір таңертең Иран аспанында тек бір ғана ұшақ – Оман астанасы Маскаттан ұшып шыққан Mahan Air әуе компаниясының лайнері болған. Оның қай әуежайға бет алғаны көрсетілмеген. Қалған әуе кемелері әзірге Иран аумағын айналып өтіп, алыс бағыттарды таңдауда.

Ормуз бұғазы арқылы танкерлер керуені өтті

Reuters агенттігінің MarineTraffic деректеріне сүйеніп хабарлауынша, 18 сәуір таңында танкерлер керуені Парсы шығанағынан шығып, Ормуз бұғазы арқылы өткен. Керуен құрамында сұйытылған көмірсутек газын тасымалдайтын төрт танкер және мұнай өнімдері мен химикаттарға арналған бірнеше танкер болған.

Иран билігі 17 сәуір күні Израиль мен Ливандағы радикалды «Хезболла» тобы арасындағы атысты тоқтату режимі кезінде Ормуз бұғазын уақытша ашатынын жариялаған.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи X әлеуметтік желісінде:
«Ливандағы атысты тоқтату режиміне байланысты Ормуз бұғазы арқылы барлық коммерциялық кемелердің өтуі уақытша толық ашық деп жарияланды», – деп жазды.

Бұл шешімді АҚШ президенті Дональд Трамп құптады:
«Иран Ормуз бұғазы толық ашық екенін және кемелердің еркін өтуіне дайын екенін жариялады. Рақмет!» – деп жазды ол Truth Social желісінде.

Дегенмен, Вашингтон мен Тегеран арасында келісім жасалғанға дейін АҚШ-тың Иран порттарына қатысты блокадасы жалғасатыны атап өтілді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: АҚШ Иран