Иран Каспий теңізіндегі кемесіне жасалған шабуылға Украинаны айыптады
Иран билігі Каспий теңізіндегі ирандық сауда кемесіне жасалған шабуыл үшін Украинаны айыптады.
Тегеранның мәлімдеуінше, соққы салдарынан кемеде жарылыс болып, бір теңізші қаза тапқан, тағы бір адам жараланған.
Осыған байланысты Украинаның Тегерандағы уақытша сенімді өкілі министрлікке шақырылып, оған ресми наразылық білдірілген.
Иран тарапы Киевті Ресей мен Украина арасындағы соғысты Каспий теңізі аймағына дейін кеңейтуге әрекеттеніп отыр деп айыптады. Тегеран өзінің ұлттық мүддесі мен қауіпсіздігін қорғау үшін қажетті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский украин күштерінің Каспий теңізіндегі бірқатар нысанға соққы жасағанын хабарлаған. Оның сөзінше, шабуылға Ресейдің әскери кемесі және Иранмен байланысты әскери жүктерді тасымалдауға пайдаланылған кемелер ұшыраған. Алайда Зеленский соққы жасалған кемелердің атауын және операцияның егжей-тегжейін ашып айтпады.
Reuters мәліметінше, Иран шабуылға ұшыраған кемені өзінің коммерциялық кемесі деп атаған. Ал Украина тарапы Каспийдегі соққылардың Ресей мен Иран арасындағы әскери жүк тасымалына қатысы бар нысандарға бағытталғанын мәлімдеп отыр.
Оқиға Иран мен Украина арасындағы қарым-қатынастың одан әрі шиеленісуіне себеп болуы мүмкін. Киев бұған дейін Тегеранды Ресейге Украинаға қарсы қолданылатын дрон аппараттары мен басқа да әскери жабдықтар берді деп бірнеше рет айыптаған. Иран бұл айыптарды жоққа шығарып келеді.