Қоғам

Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыруға келісті

Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы теңіз қатынасын қайта іске қосу жөнінде ортақ жоспарға келді.

Фото: Getty images

Жоспарға сәйкес, Парсы шығанағына бағыт алған кемелер Иранның жағалау сулары арқылы, ал бұғаздан шығатын жүк кемелері Оман жағалауы бойымен қозғалады.

Басылымның мәліметінше, бұл келісім Иранға бұғазға кіретін кеме қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Алайда Тегеран міндетті алымдар енгізе алмайды. Оның орнына қауіпсіздік пен іздестіру-құтқару қызметтері үшін ерікті төлемдер қарастырылуы мүмкін.

Дегенмен келісімнің күшіне енуі үшін АҚШ пен өзге де елдердің мақұлдауы қажет. Иран билігі Ормуз бұғазы Вашингтон өз талаптарын орындаған жағдайда ғана толық ашылатынын мәлімдеді. Бұл талаптардың мазмұны әзірге жарияланған жоқ.

Болжам бойынша, Тегеран АҚШ-тың Иран порттарына қатысты енгізген шектеулерін алып тастауды талап етуі мүмкін. Өйткені бұл шектеулер елдің мұнай экспортын тежеп, экономикасына елеулі қысым жасап отыр.

Сарапшылардың айтуынша, келісімге Ирандағы қатаң ұстанымды қолдайтын күштердің қарсылығы да кедергі келтіруі ықтимал. Бұған дейін Иран билігі Оманмен Ормуз бұғазы арқылы уақытша қауіпсіз теңіз дәлізін құру мәселесін талқылап жатқанын хабарлаған еді.

Сайт Әкімшілігі